Асыл жарым, Құдай қосқан қосағым, мына өмірден қалап алған екінші жартым Ақылбек Сағыбайұлы Манабаев – журналист, ақын шаңырағымды шайқалтып, босағамды күйретіп, 1984 жылдың көктемінде дүние салды. Содан бері отыз жыл өтіпті.
Сен мәңгі тірісің!
683
оқылды

Тірі болсаң 2014 жылдың 20 желтоқсан­ын­да сексеннің сеңгіріне шығып, ел болып, жұрт болып тойлап жатар едік. Амал қанша, бала-шағаңның игілігін де көрмей, бойыңда бар талантыңның да барын шығара алмай кете бардың. Өмір ағып жатқан өзен екен. 

– Біреуің шығарсаң сәл ызыңдап үн

Мен байқұс бозторғайдай шырылдадым, – 

деп жырға қосқан бес перзентіңді сол өмір өзенінің тереңіне батырмай, ағынына жібермей, сеңіне бастырмай жетімдік пен жесірліктің гөй-гөйін бір адамдай тартсам да, аман-есен жағаға алып шықтым. Ұл­дарың Айдар мен Дидарыңды ұяға, қыздарың Айнұр, Майнұр, Анарыңды қияға қондыр­дым. Әрқайсысы бір-бір отау, өз ісінің ма­маны. Жыр жинақтарың да жүрегіңді жарып шыққан перзенттерің емес пе?! Ал немерелеріңнің осы жинақтардың бас әріптерімен сәйкес келуі, бұл да жаратқан Алланың үйлестік таптырған сыйы шығар. Жазира – «Жазира», Жұлдыз – «Жүрек сөй­лейді», Ақмарал – «Анама хат», Арна – «Алтын мен көмір», Мақпал – «Мәуелі мау­сым», Тоғжан – «Таутескен», Айжан – «Арман дүние», Сырым – «Самал сазы», Бексұлтан.

– Қайдасың сен, сүйкімді қыз, отты көз,

Бір басыңнан тауып едім көп мінез, 

– деп алақаныңа салып, аялап өткен жарың менің де денсаулығыма ақау түсті. Бес перзентіңді өсіріп жеткізу бір төбе, күрмеуге келмейтін қысқа ғұмырыңда үлгеріп бере алмай кеткен дүниелерің жамбасыңа бат­пасын деп «Анама хат», «Жүрек сөйлейді» кітаптарыңды жар құла­ғым жастыққа тимей, жинақтап баспаларға ұсынып, жарыққа шығарттым. Көз көрген азаматтар қол ұшын берді. Ол кезде заман­ның кең уақыты болатын, «Бітеу жара» по­весің кезінде «Балдырған» журналында жарық көріп, мақталған «Қасқа құлын», «Ең­лік апай», «Тау құдіреті» сияқты про­заларыңды жинақтап, «Жалын» баспасына өткізіп кеткем. Ойпыл-тойпыл заман өз­герді де, шыға алмай қалды. Көп жылдар ауру-сырқаулы болдың. Өміріңнің аяғында қатты нашарлап жатсаң да, қолыңнан қа­ламың түспеді, кетеріңді біліп-сезіп жүр­дің. Саған аппақ абыройдың керегі не еді?! Балаларыма азық, өмірімнің жалғасы болсын деген шы­ғарсың?! Соны көрген жалғыз куә менмін. Денім сау кезде анда-санда бір нәрселерді жазып-сызып газеттерге шығартатын болдым. «Бір тамшы жас» деген әңгімеме мына өлеңді эпилог етіп алдым.

Тамшы жаста ұлан-асыр бақыт та бар, қайғы бар.

Бір тамшы жас шаттық сеуіп көңіліңді жай қылар.

Бір тамшы жас адамдарды жоқтауға де жетеді,

Бір тамшы жас адамдарды соттауға да жетеді.

Мұндағы мақсатым – бұқара халықтың назарына ілінбей қалған жыр жолдарыңды оқырманның құлағына іліп қою. Бұл да уақ-­уақ насихаттаудың бір түрі. Халқына ақынын ұмыттырмау.

Семей деген қаланың атын естігеніміз болмаса, түсімізде көретінбіз. Туған елге оралғанда, сол қасиетті қара шаңырақ «Семей таңы» газетінің босағасына іліндік. Қақаған қыстың аязында, жаздың аптаған шіліңгір ыстығында, отарларда, егін дала­сында болып, еңбек адамдарының қажырлы еңбегін дәріптеумен қаламы қарымды, ойы сергек, өзінің айтары бар майталман журналист болдың. Абыройыңның артуына, еңбегіңнің жануына, азаматтығыңның қалыптасуына «Семей таңы» газетінің ұжымы қолдау көрсетті, тәрбиеледі, ақыны­мыз деп асқақтатты. Мен өзім де «Семей таңының» бір пұшпағында еңбек еттім. Ондағы аға-апайлардың жүріс-тұрысы, сөз сөйлеу мәдениеті, үлкенге құрмет, кіш­іг­е көрсеткен ілтипаттарынан ғибрат алып тәрбиелендім. 

Ақылбек, бұл күнде сенің қатарластарың­ның көбі өмірден озып кетті. «Семей таңы» газеті жалғасып шығып жатыр. Риза Мол­да­шева деген қарындасың басқарады. Сенің әр атаулы жылдарыңда бет беріп жатады. «Семей таңы» артымыздан іздеп келген төркініміздей үйге келіп тұрады. Газеттің ардагерлері деп мерекелерді сый-сыяпат­тарын беріп жатады. Өзіңнен жоқтаушы бар деген жақсы екен. Әр даталы жылдарыңда өзім басы-қасында жүріп, мұрындық бола­мын.

Алпыс жылдығыңды «Семей таңы» га­зетінің ұжымы мен жергілікті ақын-жазу­шылар, Төкен Смайылұлы, жазушы Медеу Сәрсекенің қолдауымен атап өттік. «Ұлылық» атты жырыңда мына жолдарды арнаған:

Жүр дейсің бе қолтығыма тығылып,

Ұсақтығым емес, мұным ірілік.

Сүйесең де, қауқарсыздар жығылар,

Төменнен де танылады ұлылық, 

– досқа деген адалдығын танытып, досың Төкен Смайылұлы әр мерекеңде әдеби кештер өткізеді. Алпыс бес жылды­ғыңда Мерғали, Қайролла, Айбек Сапышев саған арнаған жырларын төгілдіріп оқыды. Қанат аға Смағұлов, Сара апай екеуіне арна­­ған сенің жыр шумақтарыңды оқып, туыстық жүрегімен тебіреніп талай естелік айтты.

Артыңнан ерген шәкірттерің, тұсауын өзің кескен, бұл күнде үлкен ақын Несіпбек Айт, жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай, қазақ елінің бас қаласы Астана қаласынан Ғазиз Сапаевтар маған сәлем айтып жіберіпті: «Ақылбек аға жетпіске толады, жеңгей бар­лық өлеңін алып бізге келсін, көмекте­се­міз. Мәдениет министрлігінде досымыз бар».

Ол жылдарда Мәдениет министрлігінің бөлім бастығы Әлібек Асқарұлы болатын. Өскеменнің жігіті екен, сені білетін көрінеді. Сол кісінің алдына мені апарып өтініш жасатты. Сонымен, «Арман дүние» атты жыр жинағың екі мың данамен жарыққа шықты. Кітаптың атын Несіпбек қойды. Уағында шығуын Нұркен мен Майнұр қа­­дағалап тұрды. Жетпіс жылдығыңың қар­саңында алпыс дана қолымызға тиді. Сен тіріліп келгендей қуандық. 

2004 жылдың 16 желтоқсанында Абай мұражайында кітаптың тұсаукесер әдеби кеші болды. Кештің артынан өзіміз кітапқа шілдехана жасап бердік. Кеш өте қызықты өтті. Ақын Алмақан баяндама жасап, кешті жүргізіп отырды.

Ғазиз аға Сапаевқа сөз бергенде қызық болды. Медеу екеуміздің ортамызда шешіл­меген мәселе бар. Ақылбекті Семейге «мен әкелдім» десем, Медеу «мен әкелдім» дейді. Осының шындығын Рымхан айтсыншы демесі бар ма?! Қатты састым, бірақ шын­дық­ты айтуым керек емес пе?!

– Ғаз-аға, сіз редактор Қарқабат ағайға кіргенсіз. Біздің әдебиет бөліміне бір ақын керек. Аягөздің «Алға» газетінде Ақылбек Манабаев деген ақын бар. Жап-жақсы өлең­дерін жариялап жүрміз газетке. Тың­даңызшы «Бозторғай» деген өлеңін:

Жаныма тәтті күй ұқтыр,

Айналайын жыршы құс.

Қанатыңды сүйіп тұр,

Алаулаған Күншығыс.

Қалың шөптің ішінде жатқан жұдырық­тай құстың қанатын шығар күннің шуағына батырып қойған бұл не деген ғажап теңеу! Сол жігітті алдырыңыз депсіз. Сол кездегі Семейдегі Жазушылар одағын басқарып отырған Медеуге Қарқабат ағай телефон соғады. Сонымен, Ақылбекті Семейге әкелген Ғаз-аға, Медеу екеулеріңіз деп едім, халық қыран-топан күлді. Ғаз-ағаң бала сияқты ғой, екеуі де қатты разы болды.

Сөз алғанда Медеу Сәрсеке мынадай бір әдемі сөз айтты: «Ақылбек ақынның бір жуас торысы болатын, бірақ өлең жаз­ғанда шашасына шаң жұқпайтын бәйгеге айналып кететін».

Балташ Ерсалимов: «Рымхан тәртіпсіз, мұғаліміне күйеуге шығып алған» деген қалжыңымен бірге, сені менен қартаға ұрлап әкететінін тілге тиек ете кетті. Ильяс Исаханов жылда редакцияда шахмат жарыс­тарын ұйымдастыратындарыңды еске алып, жеңімпаз сен болып, оны жу­ғанда олар ақ әкелетін көрінеді. Сен құр қала­ды екенсің. Содан шыдамай, «бір қыз­ыл колбасасымен болсыншы» деп өті­ніш білдіріпсің. Бұл да құрбыңның сағыныштан туған әдемі бір естелігі болды. Сол кезде Айнұрың бесінші қазақ мектебінде оқыған мұғалім Ақылбек Манабаев атындағы «Жас ұландар» тобының балаларына өлеңдерін оқытты. Қызы Жұлдыз «Ақылбек Манабаевтың лирикасы» атты тақырыппен ғы­лыми жоба қорғады. Әркім қолынан келгенін аяған жоқ. Айдар­дың ұлы Арна Ақылбеков «Ұлыма» деген өлеңіңді оқыды. 

Айтшы кәне, жан балам, жолың қайсы таңдаған.

Дана боламысың әлде сен, әлемді оймен шарлаған.

Биік көп мен алмаған, қиыр көп мен бармаған,

Аңдап көрсем аз екен өмірден еншім алмаған.

Халық көзіне жас алып қатты толқыды. Майнұрыңның ұлы Бексұлтан бесінші класта ғана оқиды. «Атамның балалар әде­биетіне қосқан үлесі» деген тақырыпта ғы­лыми жоба қорғап, Астана қаласында өткізілген оқушылар сайысында жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Анарыңның қызы Ақмарал сенің сөзіңе жазылған Болат Сыбановтың «Таң самалы» әнін орындады.

Жетпіс жылдығың 2004 жылы қалалық мәдениет сарайында аталып өтті. Несіпбек, Тұрсын, қарындасың, әнші Майра Ильясова, Тұрдыбек пен Кабира келді. «Дариға» жастар театры «Жүрек сөйлейдіден» үзінділер оқып, қойылым қойды. Ақын Несіпбек Айтұлы саған арнаған өлеңдерін оқыды.

Сенің сөзіңе жазылған Болат Сыбанов­тың «Жайдарлым», «Құлынымды» Тұр­сын­ғазы Рахимов, Жұмабек Қамбаров, Мырзахан Сыдықовтар нақышына келтіріп орындады. Оқушыларың Мәуітжан Тәуірбекұлы, Қантайлар саған арнаған өлеңдерін оқыды. Құрдастарыңның атынан Ақан Атантаев «Арнау» өлеңін оқыса, Қали­қан тамаша естелік айтты: «Ақылбек қыз­ға сөйлесуге ебсіздеу болатын. Сол кез­де Рымханға көзі түсіп жүр екен. Мұста­фаның әйелі Қайныш Рысханмен бірге оқи­тын. Қарадөңде болатын бір тойға Рым­ханды ертіп әкел деп тапсырма бердік. Қыз үріп ауызға салғандай екен, өзіме де ұнап қалды. Бірақ біз достарға адалмыз ғой, қызды Ақылбекке айналдырдық», – деп елді бір күлдірді. Балалардың атынан Айдар сөйледі.

– Отыз атты белесте естідім бір жайдары үн,

Сенің үнің емес пе, еркелеген Айдарым? – деп бастады.

Осы шаралардың бәріне қала әкімі Нұрлан Ысрайлұлы қаражат бөліп, мұрындық болды. Тұрған үйіңе – Өтепбаев 50-ге тақта қойылды. Оның артынан үйге Құран хатым түсірдім. Мәдениет сарайында өткен әдеби кеш, мейрамханада қонақ­асымен жалғасты. Қорытынды сөзді маған берді: «Ақынның өзі болса, дүрілдетіп өлең оқыр еді. Ақылбектің өзі болмаса да, мен жүрмін қарайып деп «Тілек», «Бақыт туралы жыр», «Ұлылық туралы», «Сенің көзің» де­ген өлең­деріңді оқыдым. Р-ға арналған «Хат» деген өлеңдеріңді оқыдым. 

Бұлқынып, бұла сезім мөлдіреген.

Көтеріп ұшты өзіңе тілегімді.

Қиналдым.

Бір сені аңсап, елжіреген,

Қағазға түсіре алмай жүрегімді.

Әнімен әлдилеген дала-қырды.

Үн қосып бұлбұлға – таң жаршысына. 

О, сәулем,

Жаздым мұны қаламымды

Матырып жанарымның тамшысына.

Жүрсің-ау, қарайлаумен жолыма көп.

Төзе тұр, 

Жетем болып гүлді көктем.

Хат емес бұл, қона қалған қолыңа кеп,

Жанымның жапырағы дір-дір еткен...

Былайғы ел темір буткаларына дейін меншігіне айналдырып жатыр, қайтейін, ақыннан маған байлық қалған жоқ. Р-ға деп тұрған соң осы өлеңді меншігіме ай­нал­­дыр­ып алдым деп халыққа қалжың тастаған болдым. «Көбелек»:

Кезген гүлді бақталапты көбелегім ақ қанатты.

Тағдыр әйтеу сені маған періштеден пәк балатты.

Көлбеңдеген көбелегім, көбелегім дегенім, көп өлеңім.

Көлбеңдеп келіп қонар болсаң, кеудеме гүл егер едім.

Көлбеңдеген көбелегім, көбелегім дегенім, көп өлеңім.

Тұтқын етіп арманымды алып кеттің неге менің?

Қарайлар деп көп қарадым, кете бардың тоқтамадың.

Арманы көп есіл жүрек жақсы-ау енді соқпағаның.

Осы өлеңінің тарихын айтып бердім. Біз жеті оқып жүргенде класс жетекшіміз декретке кетіп, сен уақытша класс жетекшісі болғансың. Ол уақытта тал егуге апаратын. Біздің класта Толының, Шағантоғайдың, Дөрбілжіңнің қыздары болатын. Олар үлкен қыздар еді. Әдебиетті шемішкеше шағатын. «Өлең оқып беріңіз» деп өтінгенде сен «Көбелекті» оқыдың да, штабқа кетіп қалдың. Қыздар «Ақын деген өзінің өлеңі сияқты көбелек, көрінген гүлге қонатын» деп ойларын айтты. Олар үлкен қыздар ғой. Біз сияқты ұшып-қонып жүрген жас қыздар емес. Ал маған осы өлеңде ақын бір қымбатын жоғалтқан, оған біреу көмекке бару керек сияқты болып көрінеді. 

Ойымды қорытындылай келіп, осыны ұйымдастырып жатқан ел азаматтарына алтын уақытын бөліп келіп отырған жұрт­шылыққа, әсіресе алыстан келіп отырған Несіпбекке, Тұрдыбекке, Кабира, Май­раларға алғысымды жаудырдым. Сексенің де ойдағыдай болып өткен шығар! Қала әкімі Айбек Кәрімовтың қабылдауына кіріп, хат жазып барғам. Үлкен ыждағаттық­пен оқып: «Апай, көмектесеміз!» деп жылы шыраймен шығарып салған. Бір айдан кейін үйге жауап хат келді. Мәдениет ор­ын-

­дарының барлығына  әдеби кештер өткізуге жарлық берілді. Көше атын беруге де құжат жасап, комиссияға жібердік. Ақын ағаның сексен жылдығы ойдағыдай өтеді деген мазмұнда. Өзім жетпіске толғанда өзге өмірді қаламаймын деген ғұмырнама жаздым. Өйткені келер ұрпақ бізден ақылдылау болады. Аурулы-сырқаулы аз ғұмыр кешкен ақынның дүниелеріне ие болып жүрген кім деген сұрақ маған тіреледі. Солар менің де өмірім жайлы білсін деген ниетпен. Сонда мынадай бір ой бар. Егер қайта ғұмыр кешсең, қайсы өмірді қалар едің десе, ойланбай осы өмірді қалар едім. Өйткені сенімен өткен жиырма үш жыл менің баға жетпес шуақты күндерім, ең бақытты болған кезеңім. Ойласақ – ойымыз тоғысатын, сөйлесек – сөзіміз жарасатын. Ақылбек, ел-жұртың, жырларың, ұрпағың барда сен ғасырдан ғасырға барасың. Ал мен үшін сен мәңгі тірісің!

Рымхан МАНАБАЕВА,

ақынның жары