Бүгін – Қазақстан тарихында айтулы дата. Еліміздегі Мәслихат институтының құрылғанына – 30 жыл.
Мәслихат мүддесі – халық мүддесі
316
оқылды

1993 жылдың 10 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» заңы қабылданып, бұған дейін жергілікті мәслихат қызметін атқарып келген халық депутаттары кеңестерінің уәкілеттігі өкілді орган – мәслихаттарға берілді. Осы мерекелі күнге орай Павлодар облыстық мәслихатының кешегі тарихы мен бүгінгі тынысына көз жүгіртіп өткен едік.

Билік пен бұқара арасын жалғаған көпір

Жалпы, мәслихат – белгілі бір әкімшілік-аумақтық бөлініс қарамағындағы аймақтың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілді орган. Ол сол өңірдегі сайлаушылардың мүдделерін қорғап, мәселелерін көтеріп, талап-тілек­теріне құлақ түріп, өмір сапасын жақсартуға ба­ғытталған істердің жүзеге асуына жауапты. Соны­мен қатар аумақтағы мемлекеттік жобалардың барысын бақылап, кем-кетігіне қатысты ескерту жасап, барлық жағдайды басты назарда ұстайды. Осы 30 жыл уақыт аралығында Ертіс өңіріндегі аудан-қалалық, облыстық мәслихат депутаттары бірнеше шақырылымда сайланып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған келелі істерді атқарып келеді. Алғаш заң шыққан­нан кейін 1994 жылдың 7 наурызында рес­­пуб­лика бойынша мәслихат депутаттары­ның сайлауы өткен болатын. Павлодар облысында 49 сайлау учаскесінде дауыс беру ұйым­дастырылып, тұрғындардың таңдау нәтижесінде депутаттар тобы жасақ­талып, облыстық мәслихаттың алғашқы шақыры­лымы қалыптасты. Бірінші шақыр­ыл­ған облыстық мәслихаттың хатшысы болып Анатолий Наумчик сайланды. Кейін Тельман Айтқазин, Ринат Гафуров, Манап Көбенов, Владимир Берковский, Бақыт Бексейітова, Ернұр Әйткенов жетекшілік етті. Алдыңғы буынның қызметтік жолын бүгінде Илья Теренченко жалғастырып отыр.

«Мәслихаттардың негізгі өкiлеттiлігі –  жергiлiктi мәселелерді шешу, Конституцияны негізге ала отырып, жергілікті халықтың еркі мен мүддесін білдіру. Олар халық пен билік арасындағы көпір іспетті. Сондықтан мәслихат депутаты адамдардың сенімі мен үмітін арқалап, мәселені көтеру, шешу жолын қарастыра білуі керек. Міне, мен облыстық мәслихатқа басшылық еткен жылдары осы қағиданы негізге алып жұмыс істедім. Ең алдымен азаматтарды, депутат­тар­ды жеке қабылдаудың тұрақты кестесін құрдым. Бұл – жұртшылықпен тікелей байланыс орнатып, маңызды мәселелерді депутаттардың бақылауына алуға мүмкіндік берді. Біздің шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаттары ауланы абаттандыру, халыққа жүйелі қызмет көрсету, автомобиль жолдарын қалыпқа келтіру сияқты бірқатар өзекті мәселелерді шешуге атсалысты», – дейді Павлодар облыстық мәслихатының III-IV шақырылымдағы хатшысы Ринат Гафуров.

Облыс архивінде сақталған мұрағаттық құжаттарға зер салсақ, облыстық мәслихат алғашқы отырысынан-ақ әлеуметтік-эко­номи­калық мәселелерді алдыңғы қатарға қойғаны байқалады. Мәселен, 1994 жылдың екінші жартыжылдығына белгіленген жұмыс жоспарының қатарында қылмыспен күрес, экологиялық жағдай, табиғатты қорғау шаралары, экономикалық аймақты дамыту, ауылдағы ағайынды бірінші кезекте керек азық-түлікпен және басқа да тауар­лармен қамту күн тәртібінде болғанын аң­ғарамыз. Сонымен қатар облыстағы мектептерді дамытудың 1994-2000 жылдарға  арналған жоспары, мектепке дейінгі тәрбие беру, тұрғындарға, әсіресе оқушыларға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жақсарту, аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау сынды тағы да басқа мәселелер де депутаттардың басты қарауы мен талқылауында болған. Одан кейінгі жылдарда да мәслихат хатшысы бастаған депутаттар тобы түрлі мәселелерді көтерді. Олардың қатарында қай уақытта болмасын «өшпейтін» өзекті мәселелер – ағаш кесу, жарықтандыру, әлеуметтік ны­сан­дар мен жолдарды жөндеу бар. Бұған дейінгі жеті шақырылымда сайланған халық қалаулыларының жұмысын жалғас­тырып келе жатқан бұл шақырылым өкіл­дері де осы және өзге де өткір жайттардың түйінін тарқатуға қолдан келгенше еңбек етіп келеді.

VIII шақырылымда өзгеріс көп

Облыстық мәслихаттың қазіргі құ­ра­мы 2023 жылдың наурыз айында жасақталған екен. Ондағы депутаттар елімізде жаңадан енгізілген мажоритарлық-пропорционалдық жүйе аясында мандатқа ие болды. Яғни, депутаттардың жартысы бірмандаттық сайлау округі бойынша таңдалса, қалған жартысы партиялық тізімге сәйкес депутат атанды. Сондай-ақ бұл шақырылым­ның басты ерекшелігі – көппартиялы екен­дігінде. Қазіргі облыстық мәслихат құрамында «AMANAT» партия­сының 21, «Ауыл» партиясының 3, Aqjol және Respublika партияларының 2, Қазақстан халық партия­сының 1 өкілі бар. Сонымен қатар 1 депутат өзін-өзі ұсыну арқылы мәслихат сапына енді.

«Жалпы, VIII шақырылған Павлодар облыстық мәслихатына қатысты алғашқы және жалғыз деген сипаттамаларды жиі айтуға болады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін бірқатар дерек келтіре кетсем, біздің орган жаңғырудың кешенді жоспарын әзірлеп, соның аясында жұмыс атқарып келеді. Павлодар облысы – мәслихаттың жаңғырту жоспарына авторлық құқық алған еліміздегі жалғыз аймақ. Осы жаңғыртудың аясында мәслихат жүйесіне бірқатар оң өзгеріс енгізіліп отыр. Мәселен, әдетте өзге өңір­лер­дегі мәслихаттар жанынан 5-6 тұрақты комиссия құрылса, біздің аймақта 7 комис­сия жұмыс істейді. Сол сияқты біздің об­лыс­та ғана мәслихат жанынан төрт бірдей депутаттық топ құрылған. Бұл ретте павлодарлық депутаттардың Сенат және Мәжілістің жұмыс топтарына да қатысып, ұсыныстарын айтып, ой-пікірін білдіретінін де ерекше атап өткен жөн. Сонымен қатар тек біздің облыста «Ауыл» партиясының жеке фракциясы бар. Биыл наурыз айында жеке фракция құру туралы шешім қабыл­данып, оның басшысы ретінде тәжірибелі депутат Болат Аманжолов тағайындалды», – дейді Павлодар облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко.

7 тұрақты комиссия экономика, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, шағын және орта бизнес, аграрлық мәсе­лелер, білім беру, денсаулық сақтау, экология, жастар және спорт мәселелері жөніндегі өзекті бағыттар бойынша қызмет атқарады. Ал депутаттық топтар еңбек жағдайы, өн­дірістік қауіпсіздік, балалар құқығын қорғау және Қазақстан халқы Ассамблеясына қатысты бағыттарда жұмыс істейді. Жалпы, бір жылдан астам уақыт аралығында облыс­тық мәслихат депутаттары мен аппарат қызметкерлері ауқымды істер атқарып отыр. Тек былтырғы жылдың өзінде депутаттар 338 азаматты қабылдап, олар көтерген 360 мәселені қарады. Нәтижесінде, 184 мәселе оң шешімін тапты. Оған қоса, аудан-қалаларды аралап, тұрғындармен тілдесіп, түрлі жобаның жүзеге асу барысын бақылауда ұстап келеді. Мәслихат – алқалы орган, әрбір шешім дауысқа салыну арқылы көпшілікпен қабылданады, жұмыс та жүйелі жүргізіледі. Сондықтан қол жеткізген барлық іс бірлескен еңбектің нәтижесі екенін атай өткен абзал.

Өңір тынысы – депутат назарында

Бүгінде аймақта құрылыс пен коммунал­дық шаруашылық мәселелері аса өзекті болып тұр. Көпшілік құрылысын көптен күткен әлеуметтік нысандар, салынуы сиырқұйымшықтанып кеткен ғимараттар, тозған инженерлік инфрақұрылым бар. Осы сынды қордаланып қалған мәселелердің оң шешімін тауып, халықтың жайлы жағ­дайда өмір сүруін басты назарға алатын топтың бірі – облыстық мәслихат жанындағы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі тұрақты комиссия өкілдері.

«Біздің комиссия салаға қатысты көп­теген мәселені қарастырады. Әсіресе, жылыту маусымына дайындыққа, жылу желілерін жаңғырту мен апаттық жағдай­ларды жоюға көп көңіл аударылды. Жылу көздерін жаңғырту мен жаңадан салу бойынша жұмыстар атқарылуда. Бұл шаралар өңірді жылумен қамтудағы қуат тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Жолдар мен коммуникацияларды жөндеу сапасын бақылау да маңызды. Комиссия отырыстарында коммуналдық шаруашылық нысандарын дұрыс пайдаланбау, бұл мәселені цифрландыру мен тарифтерді оңтайландыру арқылы шешу де қаралды. Осындай ауқымды жұмыстың нәтижесінде ірі жобалардың шатқаяқтап қалуына жол берілмей, бірнеше инфрақұрылымдық жоба іске қосылды», – дейді Павлодар облыстық мәслихат депутаты Александр Толмачев.

Депутат әрі құрылыс саласының өкілі ретінде Александр Николаевич саладағы ескі коммуникациялар мен әбден тозығы жеткен инженерлік желілер мәселесін ұдайы назарында ұстайды. Бұлар құрылыс өңірдің дамуына тежеу болып отыр деп санайды. Соның салдарынан су, кәріз, электр энергиясы желілері жүктемені көтере алмауда. Тағы бір маңызды мәселе – «сұр» құрылысшылар. Облыс аумағында сенімді құрылыс компаниясын табу қиын. Кейбірінің тиісті рұқсат қағаздары мен кепілдіктері болмаса, енді бірі міндетіне селқос қарайды. Кей кездері техникалық бақылау өкілдері олқылықтарға көз жұмып, оның соңы сапаға кері ықпалын тигізеді. Осы сынды күрмеулі жайттар аз емес. Сон­дықтан да инвестиция­лық климаттың жақсаруына ден қойып, жергілікті құрылыс компанияларын қолдауға мән берген дұрыс. Бұл мәселеге кешенді көзқараспен қарау керек. 

«Сайлаушылардың сауалдарының басым бөлігі әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты боп келеді. Кейбір елді мекендерде судың сапасы төмен. Жаңадан су құбыры тартылғанымен, мердігерлердің немқұрай­лығы салдарынан ауызсу сапаға сай болмай жатады. Ауылдық жерлерде дәрігерлер тап­шылығы мен медициналық қызметке қолжетімділіктің қиындығы да өткір тұр. Таяуда ірі қалақұраушы кәсіпорындардың бірінің қызметкерлері маған депутат ретінде базынасын айта келді. Маршруттық авто­бустың қозғалысы кестеге сәйкес келмейтіні­не шағымданды. Тасымалдаушы компанияға депутаттық сауал жолдаған соң мәселе шешілді. Осы және өзге де сауалдарды қарастыруға әркез дайынбыз.

Осы ретте өзім сайлауға түскен Ақсу қаласында да жылдар бойы қордаланып қалған мәселелер аз емес. Олардың қа­тарында қалалық қазандықты пайдалануға беру мәселесі бар. Биыл көктемдегі сынақ жұмыстарынан соң онда технологиялық ақаулар анықталды. Мердігер мен техни­калық аудит өкілдері күл шығару жүйесін өзгерту мүмкіндігін қарап жатыр. Бұл шаралар олардың өз қаражаты есебінен жүргізілуде. Келесі сынақтар жоба өзгертіліп, қайта мақұлдаудан өткен соң ғана жүргізіледі. Бұл төртінші сынақ болмақ. Қазандық әу баста белгіленген параматерлерге жетпе­генше, тапсырыс беруші оны қабылдамайды. Ал әзірге шағын шаһар ферроқорытпа зауытының ескі қазандығы арқылы жылы­тыл­ып отыр. Қаланың жақында тағайын­далған әкімі Болатбек Шәріповтің алдында зор міндет тұр», – дейді депутат.

Жаңа құрам – жаңаша формат

Естеріңізде болса, елімізде барлық деңгейдегі мәслихаттар сайланған­нан кейін бір ай өткенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аудан, қала, облыс әкімдерін, барлық деңгейдегі мәслихат төрағаларын жинап, Астанада алқалы басқосу өткізген болатын. Елімізді әлеу­меттік-экономикалық тұрғыда дамыту жөнінде кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы биліктің әр тармағына міндеттерді айқындап берді. Барлық деңгейдегі мәслихат төрағалары мұндай деңгейдегі жиынға алғаш рет қатысты. 

«Бізге жүктелген ең басты міндет – жергілікті халықтың мүддесін қорғау. Президент депутаттар күнделікті жұмыс­тарын сайлаушылардың өзекті мәселелерін шешуге арнау керектігін атап өтті. Кәсібилік, жауапкершілік танытуымызды тілге тиек етті. Әкімдіктермен тығыз байланыс орнатуымызды жүктеді. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына сенім артты. Міне, сол сенімді ақтау үшін әрекет жасап, заманға сай жаңа форматта жұмыс істеудеміз. Мәселен, облыстық мәслихаттың бұрынғы шақырылымдарында әрбір тұрақты комиссия өзіне тиесілі тақырыпты өздері ғана тал­қылап, бір тоқтамға келетін. Қазір біз мұн­дай жұмыс жүйесінен жаңа форматқа көштік. Яғни, сессия отырысына дейін депутаттар қай комиссияға қарасты болса да, аймақтың өміріне қатысты мәселелердің барлығына араласады, талқылайды. Егер бұрынғыша жалғас­тырсақ, депутаттар өңірдің өміріндегі кейбір өзгерістерді, кей саладағы жаңа­шылдықтарды сессияда көктен түскендей енді ғана естіп отырар еді. Мұндай олқылық болмауға тиіс. Депутат айналадағы барлық тақырыптан хабардар болуы керек. Сондықтан басты міндетіміз – қарама­ғымыздағы 32 депутатты ортақ іске ұйыстыра білу», – дейді облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко.

Өкілетті орган халықпен арадағы байланысты нығайта түсу үшін ақпараттық барлық мүмкіндікті пайдаланып отыр. Дәстүрлі БАҚ-пен тығыз қарым-қатынас орнаған. Облыстық газет, телеарналарда арнайы айдарлар мен бағдарламалар бар. Мәслихат сайты жүйелі жұмыс істеп тұр. Әлеуметтік желілер де кең қолданыста. Одан да өзге бастамалар аз емес.

«Мәслихат өкілдері халыққа жақын болуы мақсатында түрлі бағыттағы жұмыс атқарылуда. Соның бірі – партиялық тізімдер бойынша сайланған депутаттарды округтер бойынша да бекіту. Яғни, әр депутаттың жауапты аумағы бар. Сол ау­мақтағы барлық мәселені басты назарда ұстауға тиіс. Мәслихаттарды жаңғырту жұмысының аясында аптаның әр жұмасы күні OpenAkimat алаңында азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні өтеді. Сонымен қатар депутаттар Мемлекеттік басқару академиясында біліктілігін арттырып, білімін толықтырып келеді. Осындай жұмыстың барлығы депутаттар пен сайлаушылар арасындағы байланысты нығайта түсуі үшін маңызды», – дейді И.Теренченко.

Облыстық мәслихат өкілдерінің алдағы уақытқа белгілеген жоспары ауқымды. Бірінші кезекте азаматтардың талап-тілектеріне құлақ түріп, олардың мәселелерін шешуге ары қарай да мән бермек. Айталық, жаңғырту аясында Бас прокуратурамен бірлесіп Halyk Tumar мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл – құқықбұзушылықтарды бақылау мен қадағалауға арналған жоба. Яғни, депутаттар осы қосымшаға түскен шағымдар бойынша да жұмыс істей алатын болады. Осы орайда азаматтармен әлеуметтік желі арқылы байланыс та күшейе түспек. Былтыр 120 мыңнан астам аккаунт, 300-ден астам жарияланым қамтылды. Павлодар қалалық мәслихаттарының депутаттарымен 2GIS мобильді қосымшасында депутат­тардың байланыс деректері көрсетілген жеке карточкалар әзірленді. Ал келесі жылы жасанды интеллектті де іске қосу көзделіп отыр. Таяуда қоғам белсендісі Алма Қозбаева «Мәслихаттар мектебі» жобасын ұсынды. Соның аясында әр мектептен болашақ депутаттарды дайындау ойда бар. Былайша айтқанда, тәлімгерлік институтын қалыптастыру тетіктері қарас­тырылуда. Сол арқылы жас көшбасшыларды анықтау, оларға бағыт-бағдар көрсетуге болады. Тізе берсек, жергілікті мәслихат­тардың жоба-жоспары жетерлік. Бүгінгі күнге дейін атқарған қызметі де аз емес. Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко айтып өткендей, депутаттардың басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Мәслихат өкілдері осы мақсатқа жету үшін тынымсыз еңбек етуді жалғастыра бермек.

Нұрлан ҚОСАЙ