Ұялы байланыс операторлары осы аптада тарифін жаппай көтеретінін жариялап, елдің үрейін ұшырды. Бұқараның зәресін алған меже таяп қалғанда Цифрлық даму министрлігі тариф көтеру толқынын тоқтата алғанын хабарлады.
Ұялы операторлар ұяттан жұрдай ма?
2,141
оқылды

Бірақ пәрмені оны тек 3 аптаға кідіртуге жетіпті. Ары қарай арыны қатты алпауыттардың тізгінін қоя бермек. Аңтарылған жұрт антимонополиялық органға қарады. Ол саланың азуы алты қарыс алыптарына тісі неге батпағанын айтып, мәлімдеме жасады. Байланыс саласының басқа түйткілдері де әшкере болды.

Алпауыт өзіне жомарт, елге сараң

Ұялы байланыс монополистері тарифтерін жылына бірнеше рет жо­ғары­латады. Сонымен бірге түрлі сарапшыға, ұйымсымақтарға түрлі «зерттеулерге» тапсырыс береді, олар алпауыттардың бұл қадамын жаппай ақтайды. Мысалы, Қазақстандағы ұялы байланыс тарифтерін дамыған елдермен, Еуропамен салыстырып, оларға қарағанда біздегісі ең арзаны дегенге келтіреді. Шынында, Қазақ­стан­ды өз аймағымен – Орталық Азиямен салыстырса, ең қымбаты болып шығады. 

Қынжылтатыны, қымбат тариф жоғары сапаны білдірмейді. Азаматтар мобильді интернет жылдамдығының төмендігіне, елдің көп өңірінде ұялы байланыстың ауламайтынына наразы. Өткен аптада, мысалы, қазақстандық монополист Kcell-дің мобильді ин­тер­неті істемей, клиенттерін әуреге салды. Осыған орай компания басшы­сы елден кешірім сұрап, айыбын бонус­тармен жуып-шаюға уәде етті. 

– Бірқатар абонентіміз желідегі ақауларға байланысты интернетке уақытша қосыла алмады. Бұл жағдай жабдықта болған техникалық қателік салдарынан кетті. Шұғыл түрде желіні қалпына келтіру жұмыстарын жүргіз­дік. Барлық қызмет штаттық режимде жұмыс істеп тұр, интернет жылдамды­ғы реттелді. Компания атынан сіздер­ден уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймын! Сондай-ақ абон­ент­терге қосымша бонустар беріле­тін­ін хабарлаймын, – деді Kcell бас­шы­сы Асқар Жамбакин.

Кейбір азаматтың шағымдану­ынша, бонус дегені мазаққа көбірек ұқсайтын болып шықты. Компания жұмада, 6 желтоқсанда клиенттерге 5 ГБ бонус сыйлаған. Көп ұзамай, 8 желтоқсанда оны жоя салыпты. Құ­қық қорғаушы, қоғам белсендісі Саида Таукелева сол күні байланыстың жоқтығы салдарынан сот процесін кейінге қалдыруға тура келгенін ай­тады. Ұялы байланыс алпауытының жұмысындағы ақау, сөйтіп шұғыл шараларға кесірін тигізді. 

– Kcell тарифін үнемі көтереді. Тарифпен бірге сапасын, қамту айма­ғын арттырса дұрыс қой. Қаланың мен тұратын ауданында Kcell аула­майды. Үйімде оның телефон байлан­ысы­нан да, мобильді интернетінен де жұрдай болып қаламын. 5G-ді айту­дың өзі ұят, 4G-ді де ұстамайды. Үй­ге келсем болды, байланыс аясынан тыс жерге тап боламын, ешкім маған қоңырау соға алмайды, – дейді елорда тұрғыны Дана.

Антимонополия неге азусыз?

Сонымен, 7 желтоқсанда Цифр­лық даму министрлігі қазақстандық­тарға қайырылып, «сүйінші» сұрады. «Байланыс қызметтерінің бағасы жылдың соңына дейін өзгеріссіз қа­лады», – деді. Еске сала кетейік, жыл соңына дейін 21 күн, тура 3 апта ғана қалды. 

«Министрлік байланыс оператор­лары­мен талқылау нәтижесінде бай­ланыс қызметтерінің қолданыстағы тарифтерін 2024 жылдың соңына дейін сақтап қалу туралы келісімге келгенін хабарлаймыз. Министрліктің бұл бастамасы азаматтар мен бизнеске қолдау көрсетуге бағытталған! Себебі байланыс құнының тұрақтылығы цифрлық қызметтердің қолжетімді­лігін қамтамасыз етеді», – деді ведомство. 

Оның мәлімдеуінше, байланыс операторлары мемлекет бастамасына қолдау көрсетіп, «экономикалық қи­ын­дықтарға қарамастан», қолдан­ыс­­­тағы тарифтерді сақтап қалуға дай­ын екенін білдіріпті. Мұндай «жо­мар­т­ты­ғына» айырбасқа олардың мемле­кет­­тен нендей жеңілдік сұрат­қаны ай­тыл­мады.

– Байланыс – күнделікті өмірдің, жұмыстың және оқудың ұстыны. Байланыс қызметтерінің тарифтерін тұрақты деңгейде сақтау – азаматтар­дың мүдделерін қорғауға, әлеуметтік маңызды бастамаларды қолдауға деген ұстанымымыздың айқын дәлелі. Министрлік міндеттемелердің орын­далуын қадағалауды жалғастырады. Елдің телекоммуникациялық инфра­құрылы­мын одан әрі дамыту шара­ларын қабылдайды, – деп уәде етті министр Жаслан Мәдиевтің команд­асы. 

Шектен шыққан монополистердің табанына тас қоятын құзырлы орган қайда? Ол болса, ақталумен айналы­сып жүр. Айтуынша, шара қабылдай­ды, алайда сала алпауыттары онымен соттасып, талабын орындамайды. Сал­дарынан, бұл жолғы түгіл, был­тырғы әділетсіз баға көтеруін «заңсыз» деп тани алар емес. 

– Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2023 жылы ұялы бай­ланыс қызметтері бағасының өсу фактілерін қарау аясында «Кселл» АҚ (Kcell, Activ бренді), «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2/Altel бренді) және «КаР-Тел» ЖШС (Beeline бренді) операторларына қатысты тергеп-тексерулерді бастаған еді. Олар Кәсіпкерлік кодекстің 170-бабы бойынша «тарифтерін келісілген түрде көтеруіне» байланысты айып­талды. Сондай-ақ ұялы байланыс опера­торларының төл тарифтік жос­парларында қоңырау құнына 1 минуттық тілдесу үшін 18 теңге мөлшерінде бірдей баға белгілегені әшкереленді. Олардың әрекеттерінде құқықбұзушылық белгілері анық­талғандықтан, операторларға бағаны негізделген түрде төмендетіп, бұзу­шылықты жою туралы хабарламалар жіберілді, – деді антимонополиялық орган. 

Негізі, әдетте шаруа осымен бітеді. Мемлекет пен халықты алдамақ, қанамақ болған жүгенсіз монополист айыбын қымсына мойындап, тапқан-таянғанын өзінде қалдырғанына қуа­нып, тарифін бұрынғы қалпына келтіреді, азды-көпті әділдік орнайды. Бірақ басқа монополистер – бір төбе, ұялы операторлар – бір төбе. Бұлар билік өкілінің бұйрығына пысқырма­ған. Антимонополиялық органның бар бітіргені – алпауыттардың заңгер­леріне жұмыс тауып берді.

Ведомствоның хабарлауынша, ұялы байланыс операторлары оның қабылдаған шараларына қарсы сотқа шағым түсірген. Антимонополиялық агенттікке тиісті сот шешімдері қа­был­дан­ғанға дейін тергеу істерін де тоқтатуға тура келді. Ұялы оператор­лар­дың іздегені де осы, енді олар бұл процесті ғасыр аяқталғанша созады немесе агенттік басшылығындағы кезекті ауыс-түйісті күтеді.

Бұл жерде сарапшылар бар айыпты агенттікке таға беруге болмайтынын, ол заңмен берілген азын-аулақ құзыр­еті аясында қал-қадари қимылдап жатқанын алға тартып жүр. Заңна­ма­ның қолдан жасалған солқылдақтығы, өкілеттігінің шектеулілігі ведомство­ның аяқ-қолын матап тастады. Осы­дан кейін операторлар ойына келгенін істейді. 

Мысалы, 2024 жылғы 19 қарашада агенттіктің Астана қаласы бойынша департаменті «КаР-Тел» ЖШС-ға нарықтағы үстем жағдайын теріс пай­далану белгілерін жою туралы хабар­лама шығарды. Компания «тарифтік пакеттерінде үй интернетінің жыл­дам­дығын таңдауда тұтынушыларын шектеп» тастапты. 

Мұның сыртында, «Қазақтелеком» АҚ-дан ұқсас заңбұзушылық белгі­лерінің табылуына байланысты да тергеп-тексеру басталды. Бұдан нә­тиже шыға ма? Неғайбыл. Антимоно­полиялық орган тегеурінді қимылдап, тәртіп бұзуды тыюы үшін заң түбегейлі өзгеріп, қатаңдатылуға тиіс. Айта кету керек, ұялы операторлар биыл тарифті онсыз да көтерді. Жыл соңында тағы өсірмек болды, жас министр оларды үш аптаға ұстап тұр. Содан соң тариф­тің қымбаттауы ұялы операторлардың қымбатты клиенттеріне жасаған «жаңа­жылдық сыйлығына», сүйкімсіз тосынсыйына айналатын түрі бар. 

«2024 жылы бағаның өсу фактілері бойынша агенттік биылғы кезеңдегі баға динамикасына талдау жүргізетін болады. Оның нәтижелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен құқықтық шара қолданылады. Сон­дай-ақ агенттік 2024 жылғы желтоқ­сан­нан тарифтерінің көтерілетіні туралы жарияланымына байланысты ұялы байланыс операторларына бәсе­келестікті қорғау саласындағы заңна­масын бұзуға жол бермеу туралы ес­кертулер жіберген еді», – дейді анти­­монополияшылар. 

Айыппұлға да айылын жимайды

Ендігі бар үміт – Мәжіліс депутат­тарында. Олардың ескірген заң­наманы жаңартатын мүмкіндігі бар. Бұл ретте ұялы байланыс тарифтерінің тоқтаусыз өсімін құрықтау туралы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері бірнеше рет мәселе көтер­ген-тін. Өз кезегінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігі «Кейбір заңнама­лық актілерге телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орта­лықтарын дамыту мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. 

«AMANAT» фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаевтың айтуын­ша, бүгінде ұялы операторлар тариф­терінің қымбаттауы Қазақстандағы әрбір азаматқа кесірін тигізеді. Себебі байланыс құралдарынсыз өмірімізді елестету қиын.

– Мобильді байланыс күнделікті тір­шілігімізге дендеп енді. Ұялы байланыс тарифінің күннен-күнге қым­баттауы халықтың қалтасын қағып, тынысын тарылтып барады. Тарифтер жыл емес, ай санап өседі. Ұялы байланыс қызметтерінің тариф­тік жоспарлары 2023 жылы бірден 57%-ға өскен. Ал 2021‒2022 жылдары тарифтердің көтерілуі орта есеппен 13%-дан 37%-ға дейін болған. Яғни, бар-жоғы 2 жылдың ішінде тарифтер 90 пайызға көтеріліп отыр, – деді Елнұр Сабыржанұлы.

Өкінішке қарай, мобильді опера­тор­лар өзі би, өзі қожа. Қолданыстағы «Байланыс туралы» заңның 20-бабына сәйкес, операторлар байланыс қыз­метінің тарифтерін негіздей отырып, өзі белгілеп, өзі бекітеді. 

Қарапайым мысал: егер қатардағы азамат өз баспанасын ішінен бөліп, баласына қосымша бөлме жасағысы келсе, алдымен мемлекеттен (сәулет, қала салу басқармасынан) міндетті түрде рұқсат алуға тиіс. Алмаса, үлкен айыппұл салынады. Бір топ депутат биыл сол үшін қылмыстық қудалау енгізуді де сұрап, депутаттық сауал жолдады. Ал егер ұялы операторлар елдің әрбір дерлік азаматына қатысы бар теріс қадамға барса, тарифін кө­терсе, заң тіпті олардан Бәсе­келестікті қорғау агенттігінің келісімін алуды да талап етпейді!

Байланыс алпауыттары заңды аяу­сыз бұзып, өрескел қателік жасаса да, жазасы жеңіл: монополистік қызмет нәтижесінде тапқан заңсыз кірісінің небәрі 5%-ы алып қойылады. Қалған 95%-ын өзінде қалдырады. Сондықтан Е.Бейсенбаевтың пікірінше, оларға тарифтерін 59%-ға дейін көтеру, біраз жылдан кейін қылмысы дәлелденсе, 5%-дық айыппұл төлей салу әлдеқайда тиімді болып тұр. 

 Проблемасы көп сала

Айтқандай, Цифрлық даму ми­нистрлігі «Байланыс туралы» заңын өзгертетін жаңа заң жобада 2017 жылы жойылған «байланыс қызметінің тарифін мемлекеттік реттеуді» қай­таруды сұрап отырған жоқ. Оны қайтаруға Мәжіліс табандаса оңды болар еді. 

«Тарифтердің былайша жөнсіз көтеріле беруіне біріншіден, заңның жұмсақтығы, екіншіден, оператор­лардың нарықта монополиялық жағ­дайды иемденуі себепкер. Бұдан бөлек, операторлардың клиентке ескертпестен біржақты тарифтік жоспарды өзгерту, интернет-трафикті ұлғайту, бағасын қымбаттату фактілері жиі кездеседі. Тұтынушылардың ша­ғымы негізінде тиісті министрлік Байланыс қызметін көрсету ережесіне тұтынушылар құқығын қорғау бойын­ша өзгерістер енгізген. Ұялы байланыс операторлары мұнымен келіспей соттасып, ол өзгерісті жойғызуға күш салып жатыр», – дейді депутат.

Жалпы, байланыс саласында ше­шіл­мей, жыл өткен сайын қордалана берген проблема көп. Мысалы, Пре­зидент­тің «Экономиканы ырықтан­дыру жөніндегі шаралар туралы» Жар­лығымен Цифрлық даму минис­трлігіне 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін байланыс операторларының кәбілдік кәрізге (кабельная канали­зация) толыққанды әрі тең қолжетім­ділігін қамтамасыз ету жүктелді. Ел байқаған шығар, олардың көбінің қақпақ-люгында «Қазақтелеком» деп таңбаланған.

Қазақстанда кәбілдік кәріздің жал­пы ұзындығы 14 мың 449,59 ка­нал/шақырым болса, соның басым бөлігі – 13 мың 510,679 канал/ша­қыры­мы «Қазақтелеком» АҚ-ына тиесілі. Бұдан басқа, республикада 100-ден астам субъектінің меншігінде телефондық кәбілдік кәріз бар. Ал­айда министрлік бүгінгі таңда мемл­екет меншігіндегі және жекеменшік кәбілдік кәрізді жалға беру мәселелері шешілмеген күйінде қалғанын жет­кізді. Салдарынан, нарыққа жаңа ин­тернет провайдерлері, байланыс операторлары кіре алмайды. Прези­денттің Жарлығындағы тапсырма да уақытында орындалмай қалайын деп тұр. 

Республикада әлі күнге интернет жетпеген ауыл жетерлік. 2023 жылы елде қалған 6 290 ауылдың шамамен 1,5 мыңына мобильді интернет те бол­маған. Тағы 902 ауылда тек бір ғана мобильді оператор бар. Тұтынушыда ешқандай таңдау жоқ. Содан кейін «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегеннің кері келіп, опера­торлар қалаған бағасын қоймай қайт­сін?! Осы және басқа мәселелер салаға арналған жаңа заң жобасы аясында шешілсе жөн.

Цифрлық даму министрлігінің дере­гінше, қазақстандық байланыс нарығы ең қарқынды дамып келе жат­қан сектордың бірі. Байланыс қызмет­терін көрсетуден түсетін табыстың орташа жылдық өсімі мұнай және газ өндіру саласының даму серпініне теңесіпті. Ұлттық статистика бюро­сының хабарлауынша, 2024 жылғы қаңтар-қыркүйекте байланыс опера­торлары халықтың үстінен 1 триллион 3 млрд теңге табыс тапқан. Бұл был­тыр­ғыдан 12%-ға көп. Ендеше тарифті бір жыл көтермесе, оператордың ешқайсысы кедейленіп қалмайды, басқа да табысы жетеді.

Елдос СЕНБАЙ