Тұлымбаев көшесіндегі оқыс оқиға әскери қызметшілер қызметтен қайтып келе жатқан кешкі уақытта болды. Үйлердің бірінің төбесі жанып жатқанын көрген олар оқиға орнына жүгіріп жетеді.
Әскери қызметшілер ауылды өрттен сақтап қалды
323
оқылды

"Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы тау қорықшысы полкінің 3-сыныпты сержанттары Самалбек Оспанов пен Олег Колмагоров Жамбыл облысы Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылындағы өртті ауыздықтады.

Тұлымбаев көшесіндегі оқыс оқиға әскери қызметшілер қызметтен қайтып келе жатқан кешкі уақытта болды. Үйлердің бірінің төбесі жанып жатқанын көрген олар оқиға орнына жүгіріп жетеді.

Олег Колмагоров бірінші кезекте газ құбырын жауып үлгерді. Бұл уақытта Самалбек Оспанов аулаға кіріп, көршілерден үй иелері жоқ екенін естиді. Әскери қызметшілер электр қалқанынан ток көзін өшіріп үлгереді.

Көршілер шақырған өрт сөндіру бригадасы бес минут ішінде келді. Олар келгенге дейін әскери қызметшілер кіреберістегі жалынмен  алысты. Бұл уақытта үйдің шатыры құлай бастаған болатын.

Бөлмедегі заттарды сыртқа шығарып, көршілердің көмегімен шелекпен су шашып, өртті сөндіруге әрекет етті. Өрт сөндіру есептобы үйдің төбесіндегі отты толығымен сөндірді.

– Әскери қызметшілер жедел және өте сауатты әрекет етті, – деді Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылының №7 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Дархан Қанзат.  – Үйді электр қуаты мен газдан ажыратудың арқасында баспананың толық жанып кетуіне жол берілмеді.

Тау қорықшысы полкінің командирі, подполковник Алмас Отыншинов жедел-барлау қызметінің сержанты Олег Колмагоров пен қаржы қызметінің сержанты Самалбек Оспанов Отан қорғаушыларға лайықты әрекет жасағанын атап өтті. Бөлім қолбасшылығы жоғары тұрған басшылыққа ауыр зардаптың алдын алған әскери қызметшілерді көтермелеу туралы өтініш білдірді.

Сол күні кешке үйде болмаған ерлі-зайыптылар Рысбек пен Фариза өрт сөндіруге қатысқан әскери қызметшілер мен көршілеріне алғыстарын білдірді.