Қатысушылар маркетинг, монетизация, технологиялар мен шығармашылықты біріктіру мәселелерін талқылады.
Art Forum: Қазақстандағы креативті индустрияның дамуы талқыланды
196
оқылды

Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Art Forum өтті. Іс-шарада мәдениет пен коммуникация саласындағы менеджерлер, креаторлар, сарапшылар және мемлекеттік орган өкілдері бас қосты, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Қатысушылар маркетинг, монетизация, технологиялар мен шығармашылықты біріктіру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар жиын барысында қазақтілді контентті тұтыну бойынша зерттеулер таныстырылды.

Іс-шара шеңберінде өткен тақырыптық панельді сессияларға мемлекеттік билік, шығармашылық кәсіптер, бизнес пен академиялық қоғамдастық өкілдері қатысты. Сарапшылар экономикалық өсудің негізі болып саналатын маркетинг, монетизация, технологиялар интеграциясы мен шығармашылықтың негізгі мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Kursiv Media сайтының қазақтілді контентін тұтыну туралы зерттеу нәтижесі назарға ұсынылды.

"Бастапқыда қазақстандық спикерлердің қатысуымен ғана өтеді деп жоспарланған іс-шараның ауқымы дайындық барысында кеңейтіліп, біздің Art Forum Канада, Украина, Қалмақстан спикерлері келетін халықаралық іс-шара мәртебесіне ие болды", – деп атап өтті форумды ұйымдастырушы, PR room қоғамдастығының негізін қалаушы Айнұр Байғожа. 

Канадада тұратын қазақстандық геймдизайнер Жәнібек Жарылқасынов өзінің FLESHINSANE ойынын көпшілік назарына ұсынды. Ол – Торонтодағы студияның негізін қалаушы, оның жобасы аясында біртұтас мамандар тобы жұмыс істеп жатыр.

"Менің мақсатым – халықаралық сахнада бәсекеге қабілетті болатын қазақстандық геймдев жасау. Дипломы бар геймдизайнер ретінде талантты суретшілер, тұжырымдамашылар, бағдарламашылар мен музыканттардан тұратын команда жинағым келеді. Қазақстанда дарынды адамдар көп, сондықтан бұл жобаны біздің елде ойдағыдай жүзеге асыруға болатынына сенімдімін. Бұл жай ғана ойын емес, бұл Қазақстан әлемдік геймдев сахнасында мойындалған ойыншыға айналуы үшін алға жасалған қадам", – деп Жәнібек Жарылқасынов өзінің жоспарын бөлісті. 

Сарапшылар креативті индустриялар саласының нарығындағы бәсекеге қабілетсіздік мәселелерін талқылады. 

"Жаңадан бастаған кинематографшының басты проблемасы – маркетинг және сату саласында білімінің жоқтығы, бұдан ол заманауи нарықта бәсекеге қабілетсіз болады. Сондықтан біз туындыны шығарғанға дейінгі кезеңде қажетті қаржыны табуды және серіктестермен уағдаластыққа жетуді үйренуге көмектесетін консультация мен конкурстар өткіземіз",– деп атап өтті "Кинематографшылар қауымдастығы – KinoHubKZ" бас атқарушы директоры (CEO) Нұрсұлтан Көшербаев. 

Креативті индустрияның әртүрлі саласындағы технологиялар интеграциясы да тілге тиек етілді.

"Өнер мен технологиялар қатар жүреді. Біздің AI стартап аудиторияның дауысын естуге және креативтік жобаларды ілгерілетуді бұрынғыдан да нәтижелі етуге көмектеседі. ЖИ негізінде сөйлеуді сараптау креаторлардың қандай сөзі мен эмоциясы өз аудиториясының жүрегінен орын алатынын көруіне көмектеседі. Сөйлеу деректерін талдау брендтің өз аудиториясының тілінде сөйлеуіне жол ашады", – дейді aiokk стартапының – ЖИ негізінде сөйлеуді сараптау жүйесінің негізін қалаушы және CEO Максим Даллакян. 

Форум шеңберінде сонымен қатар PR ROOM AWARDS – үздік PR жобалар сыйлығын табыс ету салтанаты өтті. 

Байқауға барлығы 40 өтінім келіп түсті.  Ең үздік болып білім беру және киберқауіпсіздік саласында жасанды интеллектіні пайдалану бойынша жобалар, тақырыптық подкасттар мен YouTube арналары, аймақтар мен ауылдарға арналған әлеуметтік және білім беру жобалары, ESG бастамалары танылды. Қазақ тілінде іске асырылған жобаларға арналған сыйақы бойынша серіктес Kursiv Media болды. 

PR ROOM AWARDS байқауының қорытындысы

Үздік PR жобасы (PR ROOM Awards сыйлығы):

  • КОММУНИТИПЛЮС ҚҚ "Ауылға кітап" үздік әлеуметтік жобасы;
  • Үздік fashion art жобасы – "Қалмақ даласы" Smell Terra парфюмерлік бренді;
  • Үздік PR/digital жобасы – Мy car маркетплейсі;
  • Үздік ESG жобасы – Freedom Grants білім беру жобасы;
  • "Телекомдағы үздік ағартушылық жоба" –  Цифрлық этикет және желідегі қауіпсіздік #Желідеқауіпсізбол ALTEL;
  • Үздік бірлескен әлеуметтік жоба – баспалдақтар TDI Group / Wunder Digital / Шынар Жәнібекова.
  • Қазақтілді аудитория арасында қазақ тілінде іске асырылған жобалар үшін Kursiv media-ның арнайы сыйлығы (PR ROOM Awards сыйлығы):
  • Қазақстандық YouTube AI channel "AI GUL", Genesis;
  • Қазақ тіліндегі медитация, Harmonia онлайн-психология платформасы.

Арнайы номинациялар (PR ROOM AWARDS дипломы):

  • "Үздік дизайн жобасы" номинациясы – "SMM ынтымақтастық және вирустық Football logotypes құру", Әділбек Қайсен;
  • "Үздік корпоративтік жоба" номинациясы – "ҚазТрансОйл" АҚ корпоративтік телеарнасы;
  • "Қаржылық сауаттылық бойынша үздік жобалар" номинациясы
  • "Қаржы сауат"  Telegram арнасы (қазақ тілінде) 
  • "Финграмота: Барлығына арналған экономика" жобасы (орыс тілінде).

Естеріңізге сала кетейік, PR ROOM AWARDS байқауы жыл сайын өткізіледі. Оның қорытындысы жыл соңында Art Forum-да белгілі болады.