ІІМ өкілінің мәліметінше, жақын арада күдіктілерге айып тағылады.
Шерзат Полаттың өліміне қатысты тергеу қашан аяқталатыны белгілі болды
420
оқылды

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Шерзат Полаттың өліміне қатысты істі тергеу жыл соңына дейін аяқталатынын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бүгінгі Мәжіліс отырысынан соң журналистер ІІМ орынбасарынан тергеудің мән-жайын сұрады.

– Талғардағы кісі өлімі бойынша қылмыстық іс жыл соңына дейін аяқталады. Қылмыстық іс материалдары қылмыстық процеске қатысушыларға танысу үшін ұсынылады. Тергеу аяқталу сатысында. Жыл соңына дейін барлық сараптаманы алып, тергеуді аяқтаймыз, – деп жауап берді Санжар Әділов.

Сонымен қатар ол жақын арада күдіктілерге айып тағылатынын жеткізді.

– Осы қылмыстық істің 11 қатысушысы қамауда. Барлығы жауапқа тартылады. Прокурордың келісімі бойынша түпкілікті айып тағылады, – деді ол.

Еске сала кетейік, 9 желтоқсан күні Талғар маңынан Шерзат Полаттың ағасының мәйіті табылды. Полицияның мәліметінше, Нұрқанат Ғайыпбаев өзіне-өзі қол жұмсаған.

Ал кеше Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне байланысты жүргізілген сот-медициналық сараптаманың алдын ала қорытындысы жарияланды.

Сондай-ақ бүгін Қаржаубай Нұрымов пен оның қарындасы 15 тәулікке қамауға алынғаны белгілі болды.