Алмат Ақышов соңғы екі жылда Күршім ауданының әкімі болып қызмет еткен.
Өскемен қаласына жаңа әкім тағайындалды
237
оқылды

Өскемен қаласының жаңа әкімі болып Алмат Ақышов тағайындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Президентінің Әкімшілігімен және қалалық мәслихат депутаттарымен келісе отырып, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Ақышов Алмат Талғатұлы Өскемен қаласы әкімінің лауазымына тағайындалды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Алмат Ақышовтың экономика, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мол тәжірибесін ескеріп, оған облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін дамытуды қамтамасыз етуде зор жауапкершілік артылатынын атап өтті.

Аймақ басшысы жаңа тағайындалған әкімге экология мен көшелерді жарықтандыру мәселелерін назарға ала отырып, қаланы одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар экономика, құрылыс, абаттандыру және әлеуметтік саладағы маңызды жобаларды аяқтауды жүктеді.

Туристік әлеуетті арттырып, облыс орталығының келбетін жақсарту үшін бизнес нысандардың бірыңғай дизайн-кодын енгізу туралы ұсыныстар дайындау тапсырылды.

Сондай-ақ облыс әкімі қаланың маңызды әрі серпінді жобаларын жүзеге асыру үшін инвесторларды тартып, осы және басқа да тапсырмалар жөнінде тиісті жол картасын дайындап, тез арада бекітуге ұсынуды жүктеді.

"Қала тұрғындары өз ауызбіршілігін көрсетіп, Өскеменнің өзекті мәселелерін шешуге белсене атсалысады деп ойлаймын", – деді Ермек Көшербаев.

Алмат Ақышов Шығыс Қазақстанның тумасы.

Әр жылдары Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасында, Ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет атқарған.

Ұлан ауданы аппаратының басшысы, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары, ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болды.

Соңғы екі жылда Күршім ауданының әкімі болып қызмет етті. Еңбек өтілі – 14 жыл, оның 12 жылы мемлекеттік қызметте өтті.

Сондай-ақ Алмат Талғатұлы Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі, оның өңірлерді дамыту саласы бойынша магистрлік дәрежесі де бар.