Биылғы Азия чемпионатын еліміздің ерлер құрамасы 4 алтын, 5 күміс, 1 қола медальмен жалпы командалық есепте 2-орында аяқтады.
Бокстан Азия чемпионаты: ел қоржынына тағы екі алтын түсті
792
оқылды

Қазақстандық боксшылар Сағындық Тоғамбай мен Айбек Оралбай Таиландтың Чиангмай қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында топ жарып, ел қоржынына тағы екі алтын медаль түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

92 келіде сынға түскен Сағындық Тоғамбай ақтық сында Парвиз Каримовтің (Тәжікстан) осал тұсын тауып, кездесуді жеңіспен аяқтады.

Ханчжоудағы Азия ойындарының қола жүлдегері алғашқы және екінші раундта қарсыласын есеңгіретіп тастады. Осыдан кейін де ауыр соққыларымен Каримовке ес жиғызбады.

Осылайша Тоғамбай Чиангмайдағы Қазақстан ерлер құрамасының еншісіндегі 3-алтын медальді жеңіп алды. 

Финалда соңғы болып өнер көрсеткен Айбек Оралбай да жеңіске жетіп, екі дүркін Азия чемпионы атанды.

Аса ауыр салмақтағы (+92 кг) Айбек Оралбай 2 жыл бұрынғы Аммандағы жетістігін тағы қайталап, жеңімпаз атанды. Ол финалда Қытай өкілі Абудурешити Ремуланы сан соқтырды. Осылайша, Айбек команда қоржынына 4-алтынды салды.

Биылғы Азия чемпионатын еліміздің ерлер құрамасы 4 алтын, 5 күміс, 1 қола медальмен жалпы командалық есепте 2-орында аяқтады.