Президент азаматтардың жасанды интеллект саласындағы сауатын ашып, біліктілігін арттыру қажет екеніне назар аударды.
Президент еліміздегі жасанды интеллект саласын дамыту бойынша Үкіметке нақты тапсырмалар берді
414
оқылды

Тағы бір маңызды міндет – деректерді сапалы түрде цифрлық форматқа көшіру және жүйелеу. Үкіметке деректер жиынтығын қалыптастыру бағытында шара қабылдау тапсырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ол мемлекеттің, бизнестің және ЖИ-ға қызығушылығы зор азаматтардың жасанды интеллект модельдерін ойлап табуына, білім алуына және дамуына жол ашады.

– Бұл салада тыңғылықты атқарылған істің бір мысалы  –  KazLLM тіл моделі. Біз жасанды интелектті қазақша ойлауға, сараптауға және сөйлеуге үйреттік. Бұл айтарлықтай жетістік қазақ тілін цифрлық ортада дамыту үшін зор мүмкіндік береді. Басталған үлкен істі жалғастыру керек. Алдымызда түрлі сипаттағы деректерді бір мезетте қолдана алатын Қазақ тілінің мультимодальды тілдік моделін жасау міндеті тұр. Үкіметке осы бағыттағы жобаларды қаржыландыру мәселесін пысықтауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент азаматтардың жасанды интеллект саласындағы сауатын ашып, біліктілігін арттыру қажет екеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бес жыл ішінде 1 миллион адамды жасанды интеллект дағдыларына үйрету міндетіне ерекше көңіл бөлген жөн. Оқушыларға, студенттерге, мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлерге арналған бағдарламаға барынша қолдау көрсетілуге тиіс. 

– ЖИ технологиялары саласындағы отандық және халықаралық білім беру бағдарламалары еліміздің кадрлық әлеуетін арттыруға үлес қоса алады. Үкіметке жасанды интеллект бағытында маман даярлауға арналған AI-Sana бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыру мәселесін қарастыруды тапсырамын. Аталған бағдарлама оқу, зерттеу және стартаптарды әзірлеу үдерістері тоғысатын динамикалық экожүйені қалыптастыруға ықпал етуге тиіс. Әлемнің жетекші университеттерінің акселерация тәжірибесін қолданған дұрыс. Жасанды интеллекттің пайдасын Қазақстанның әрбір тұрғыны білуі керек. Оның не үшін қажет екенін, қалай дұрыс қолданылатынын ыждаһаттықпен түсіндірген жөн, – деді Президент.

Үкіметке азаматтардың жасанды интеллектті күнделікті қолдануына арналған механизмдерді енгізу шараларын қабылдау міндеті жүктелді.

– Қазақстанның инновация мен озық технологияны дамыту ісінде көш бастауға мол мүмкіндігі бар. Цифрландыру және жасанды интеллектті кеңінен енгізу еліміздің қарыштап дамуына кепіл болуға тиіс. Мұндай өршіл мақсатқа қол жеткізуге қауқарымыз жетеді. Мен оған сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.