Күйдіргінің таралуы ел күйінетіндей әрі үрейленетіндей ауқымға жетті. Денсау­лық сақтау, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің дерегінше, 2021–2023 жылдары сібір жарасын жұқтырудың 18 дерегі тіркеліпті.
Күйдіргіден қауіп көп
коллаж: Елдар ҚАБА
258
оқылды

2021 жылы – 6, 2022 жылы – 4, 2023 – 8. Ал 2024 жылы 19 дерегі анықталды! Яғни, 1 ғана жылдың көрсеткіші үш жылды қоса алғандағыдан асып түсті. Бұған не себеп? Отандық ғалымдар індет ошағы болған қорымдарды зарарсыздандырып, түпкілікті арылуды ұсынып еді, бұл идея неге ілгері баспады?

Атырауда ахуал алаңдатады

Бұған дейін Денсаулық сақтау ми­нистрлігі биылғы он айдың қо­рытындысында Қазақстанда күй­дір­гіге душар болудың 17 дерегі әшкере­лен­генін жариялаған болатын. Содан бері елде кем дегенде тағы 2 дерегі анық­талды. Екеуі де Атырау облысында.

Адамдар бұл індетті үй жануар­ла­ры­нан, ауру малдың шикі етінен және топ­ырақтан жұқтырады. Ведомство ма­ман­дарының түсіндіруінше, күй­діргі не­месе сібір жарасы – адамның, ауыл шаруашылығы және жабайы жануар­лардың ағзасына еркін кіріп ала­тын аса қауіпті инфекциялық ауру. Уа­қытылы емдемесе, дерті тез меңдеп, өлім­ге соқтыруы мүмкін. Оның қоз­дыр­ғышы – «Сібір жарасы микробы» то­пырақта ұзақ жылдар бойы сақ­та­лады. 

Оның теріні, өкпені және ішек-қа­рын жүйесін зақымдайтын түрлері бо­л­атындықтан, симптомдары да әр­түр­лі, оларды шағын мақалада үзіп-жұ­лып келтіре салу адамдарға теріс түсінік беру­мен тең болар еді.  Денсауминінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау ор­талығының мамандары індеттен сақ­тану үшін азаматтарға ет пен ет өнім­де­рін санитарлық-ветеринарлық бақы­лауы жоқ, белгіленбеген жерде сауда жасайтын адамдардан сатып алмауға кеңес береді. 

Мамандардың айтуынша, қора­сын­да мал ұстайтын ауылдықтар жеке ги­гие­на шараларын сақтауы, төрт түлігін вак­цинациялауы, ауру немесе өліп қал­ған жануарды ветеринардың куә­лан­дыруынсыз, өз бетінше соймауы қа­жет. Етті кем дегенде 70°C темпера­тура­да ұзағырақ пісіру, жартылай шикі күйінде жемеу керектігі айтылды. Шикі етті кесіп, тураған соң қолды, пышақты, өзгесін мұқият жуған маңызды. 

Дәрігерлер сібір жарасының адам­нан адамға берілмейтінін, тек малдан не оның өнімдерінен жұ­ға­тынын ескертті. Базардан ет алғанда өнім­нің қауіпсіздігін растайтын вете­ринарлық қорытындыны талап еткен жөн. Денсаумині мал шаруашылығы ши­кізатын сатумен, өңдеумен, тасумен ай­налысатын жұмысшыларды жеке ги­гиенаны, профилактика шараларын сақ­тауға шақырды. Себебі күйдіргі ба­зарлардан табылды.

Өткен апта соңында сібір жара­сы­ның таралу қатеріне бола, Атырауда ба­зар жабылды. Өңірлік Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау депар­та­мен­тінің хабарлауынша, мамандар сау­да орындарын қайталама тексеру ке­зінде індет нышандарын тапты. Экспресс-тест эпидемиологтардың қау­пін растады. 

– Дезинфекциялық іс-шаралар жүр­гізу үшін базар жабылды. Осының ал­дында департамент мамандары қала­да ет сатумен айналысатын 65-тен ас­там сауда орнын тексеріп, 700-ден ас­там сынама алған еді. Оның бәрі теріс нә­тиже көрсеткен. Бірақ қайталама тек­серу кезінде қосымша үлгілер алын­ды, олар Ұлттық санитарлық-эпи­де­мио­логиялық сараптама орталығында тек­серуден өтіп жатыр, – деді депар­та­мент мамандары. 

Ақпарат құралдары сібір жара­сы­ның микробтары Атыраудағы «Дина» орталық базарынан табылғанын жазды. Департамент өкілдері ауру қоздырғыш­тары пышақтан алынған сынамадан анық­талғанын нақтылады. Ет пави­льо­ны жабылып, дезинфекциялау шара­ла­ры жүргізілген. Онда жұмыс істеген дара кәсіпкерлердің, саудагерлердің тізімі түзілді. Олар 14 күн бойы медици­налық бақылауда болады.

Еске сала кетсек, Аikyn газеті қара­ша айының басында Атыраудағы «Асыл Агро» базарының мал сою це­хының жұмысшысынан күйдіргінің тері формасы табылғанын бұған дейін жазды («Күйдіргі күйдіріп барады»). Ай соңында оның тағы бір әріптесі дәрі­герге жүгінген. 

Алматы жақта арнайы топ құрылды

Індеттің аққұла биыл қанат жаюы Үкіметті де алаңдатып отыр. Ахуалды тал­қылауға арналған алғашқы жабық оты­рыс 2024 жылғы 13 қыркүйекте өт­кен болатын. Хаттамадан белгілі бол­ған­дай, онда жауапты органдарға және әкімдерге «сібір жарасының туындауы мен таралуына жол бермеу үшін жүйелі шаралар қабылдау, уәкілетті мем­ле­кеттік органдарға сібір жарасы көмілген жер­лер мен мал қорымдарының тізім­дерін жаңартып, оларға ревизия жүргізу жөніндегі өңірлік комиссиялар құру» туралы тапсырмалар берілді. Қазір құра­мына мүдделі ведомстволардың ма­мандары кірген тиісті комиссия осы жүктелген жұмыстарды жүргізіп жатыр.

Жергілікті тұрғындардың ша­ғым­дарынан белгілі бол­ған­дай, Алматы облысының Іле ауданында орналасқан Қараой және Н.Тілендиев ауылдарында жұртшылыққа үй салуға, егін салып, жер пайдалануға рұқсат етіл­ген аумақтардан сібір жарасына шал­дыққан жануарларды көму орын­дары табылған. Тұрғындар ол жерлерге үй салып үлгеріпті, енді құжаттарын рә­сімдеу ғана қалғанда, жер учаске­лері­нің пайдалануға беруге жатпайтыны әшкереленіп, халық ұлардай шулап қалды. 

Депутаттар Қазақстан бойынша мұн­дай жағдайдың көп кездесетінін ай­тады. Неге әкімқаралар жер учас­ке­лерін таратқанда алдын ала зерттеулер жүргізбеген деген сауал туындайды. Ден­саулық сақтау министрінің 2021 жыл­ғы 12 қарашадағы №ҚР ДСМ-114 бұй­рығына сәйкес, күйдіргі ошақ­та­ры­ның санитариялық-қорғаныш айма­ғын­­дағы жер учаскелерін агро­ме­лио­ра­тивтiк, барлау, гидромелиоративтік, құрылыс жұмыстарын жүргізуге бөлуге, сондай-ақ жалға беруге, жекеменшікке сатуға тыйым салынған. 

Ресми дерек бойынша, Қазақстан тер­риториясында халықтың денсау­лы­ғы мен ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп-қатер төндіретін сібір жарасы кө­мілген ошақ-орындарының саны – 2 162. Оның басым бөлігі елді мекен­дер­де орналасқан екен. Осындай қауіп­ті қорымдардың бірі Алматының Медеу ау­данында тұр. Түркістан қаласында, сон­дай-ақ Ақтөбедегі «Нұр Ақтөбе» ша­ғынауданында жаңа мектепке жа­қын орналасқан қорымдар жергілікті жұртшылықтың жүрегін суылдатады.

Мәжіліс депутаттары Қосшыдағы сон­дай қорым су қоймасына жақын ор­наласқандықтан, судың ластануы қау­пін төндіріп тұр дейді. Зайсан әуе­жайы осылай ластанған аумақтарға жа­қын болғандықтан, онда заманауи ұшақ­тар қона алуы үшін ұшу-қону жо­лағын ұзарту мүмкін болмапты. Рес­пуб­лика бойынша ауылдардың әр­қай­сысында дерлік осындай қорымдар, індет ошақтары бар. 

Сарапшылар олардың бәрінің бір­дей орналасқан жері, схемасы картаға тү­сірілмеген деген қорқынышты бол­жам айтады. Елімізде сібір жарасы бойын­ша кадастрдағы деректердің дәл­дігі күмән тудыратын көрінеді. Қа­зір қолданылатын ғылыми кадастр­лар­ды тиісті министрлік бекітпегендіктен жергілікті әкімдіктер жер телімдерін беру кезінде бұл құжатқа ресми түрде сүйене алмайтын көрінеді.  

Алматы өңіріндегі қос ауылдан шық­қан дау-жанжалдың дүмпуі жо­ға­рыға жетті. Содан Алматы облысының әкі­мі Марат Сұлтанғазиевтің 2024 жыл­ғы 4 қазандағы №58-өн/қ өкімімен, жұ­­мыс тобы құрылды. Оған кеңес за­ма­­­нынан бері сібір жарасына шал­дық­қан малдардың өлекселері көмілген жер­­лердің координаттарын нақтылау, олар­ды ветеринариялық-санитариялық қа­ғидалардың талаптарына сәйкес кел­тіру және санитариялық-қорғау ай­ма­ғына кіретін жер учаскелеріне қатысты тиіс­ті жұмыстарды жүзеге асыру тап­сы­рылды. Топ жыл соңына дейін осы ба­ғыттағы жұмысын жалғастыратыны айтылды. 

Кадастрға сәйкес, Алматы облы­сы­ның Қараой ауылында сібір жарасы бойынша бір ғана стационарлық пункт тіркеліпті. Онда 1959 жылы өл­ген жалғыз ірі қара мал көмілген екен. Н.Тілендиев (Шелек кемер) ауылында ін­дет ошақтарының саны 3-еу: оларда 1968, 1969, 1970-жылдары қырылған сиыр­­­лардың өлексе-сүйектері жатыр. 

Үкімет өкілдері сарапшылардың «ғы­­лыми кадастрларды тиісті министр­лік бекітпеген» деген ақпаратты рас­та­мады. Сібір жарасы көмілген жерлердің коор­динаттары, індеттің эпи­зоо­тия­лық, эпидемиялық ошақтары туралы мә­ліметтер Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің 2003 жылғы 5 қаңтардағы және Ауыл шаруашылығы министрлігінің сол жылғы 31 қаңтардағы бұйрық­та­ры­мен бекітілген «1948-2002-жылдары Қа­зақстан Республикасының сібір жа­расы бойынша стационарлық қолайсыз елді мекендерінің кадастрында» ұсы­ны­лыпты. Бірақ ол бәрібір нақтылауды қажет етеді. 

Толық құтылуға болмас па?

Қазақстан ғалымдары ресейлік әріп­­тестерімен бірлесіп, сібір жарасын за­рарсыздандыратын «ВА-12» атты жаңа дәрі ойлап тапқан-тын. Ол туралы біраз айтылды. Артынан тыншып қал­ды. Мәжіліс депутаты Ержан Бейсен­баев Ауыл шаруашылығы министр­лігі­нің тапсырмасымен, «КазНИВИ» ЖШС базасында «Сібір жарасының то­пы­рақ ошақтарын дезинфекциялау жә­не жою» жобасы жүзеге асырылғанын жеткізді.

– Жоба аясында «КазНИВИ» ЖШС қыз­меткерлері ресейлік «НИКА» ЖШС мамандарымен бірге, «ВА-12 де­зин­фек­циялық ветеринариялық өнімін» әзір­леп шықты. Ол препарат комис­сия­лық тіркеу сынақтарынан өтіп, тір­кеу куәлігін алды. Зерттеулер нәти­же­сінде анықталғандай, бұл дәрі жер бе­тінен жеткілікті тереңдікте ор­на­лас­қан сібір жарасының ошақтарын жою­ға қабілетті! Бұл жаңалық ел экономика­сы мен халық денсаулығына үлкен пай­да әкеле алады. Инфекцияның та­ра­лу қау­пін едәуір төмендетеді. Алайда оның тиім­ділігін тәжірибеде көрсету үшін да­ла­лық сынақтар жүргізу қажет, – деді Ержан Алмабекұлы.

Оның айтуынша, күйдіргі ошақ­та­ры­нан «арылуға» мүмкіндік болуы үшін мем­лекет ғылыми-зерттеу жұмыстары­на қолдау көрсетуге тиіс. Ғалымдар пар­­ламентшілерден сібір жарасы ошақ­­тарының санитариялық-эпиде­мия­лық жағдайын қалыптастыру үшін практикалық шараларды іске асыруға жәрдемдесуді сұрапты. 

Сондықтан Мәжілістің бір топ де­путаты сібір жарасының ошақ­тарын залалсыздандыруға арнал­ған отандық «ВА-12» препаратына қа­тыс­ты әзірлемелер мен зерттеулерді қол­дауды және қаржыландыруды арт­тыруды сұрап, Үкіметке жүгінді. Олар­дың пікірінше, бұл препаратты тиімді пай­далану тәуекелдерді айтарлықтай азай­тады және зардап шеккен аймақ­тарда қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Алайда ғалымдар мен депутат­тар­дың бастамасы Үкіметте қолдау тап­па­ғаны енді белгілі болып отыр. Ми­нистр­лер кабинеті ол ұсынысты қара­ды. Неге құптамады? Оның мәнісін Мә­жіліске Үкімет басшысы Олжас Бек­теновтың өзі түсіндіріп берді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің де­ре­гінше, «БА-12» дезинфекциялау құ­ралы ветеринариялық-санитариялық қа­дағалау объектілері мен топырақты про­филактикалық және мәжбүрлі де­зин­фекциялауға арналған. Ол шы­нында да АШМ-нің Ветеринариялық препараттар мен жемшөп қоспалары­ның мемлекеттік тізілімінде тіркелген. 

Үкімет сарапшы деп тартқан зерт­теу­шілерді шошынтқаны сол, «БА-12» дезинфекциялау құралының құрамына әмбебап антисептик және тиімді илік зат саналатын «глутар альдегиді» (кем де­генде 10%) кіреді. Балама атауы – пен­тадиаль. Ол медицина, ветеринария, мал шаруашылығы, клининг, тері-был­ғары мен тоқыма өнеркәсібінде қол­данылады. 

– Бұл ретте глутар альдегиді әсері өте күшті ақуыз денатураторы ретінде тірі материямен әрекеттеседі. Препарат ме­дициналық практикада және сани­та­рияда жетекші рөлге ие болмады, се­бе­бі оның адам мен жануарлардың шы­рышты қабаттары мен жоғарғы ты­ныс алу жолдарына қатты тітіркендіргіш әсері бар. Аллергендік қасиеті де жо­ғары. Оның салдары экземалар, ней­ро­дермиттер түрінде көрінеді, – деді О.Бектенов. 

Осы уды бүкіл Қазақстан терри­то­рия­сына шашып шықса, ертең халық ден­саулығынан «сау-тамтық» қалмауы мүм­кін. Содан Үкімет тізгін тартып отыр. Пандемия кезінде бірқатар кө­ше­ге қолмен у шашып, дезинфекциялау жүр­гізілгенде соның өзі елдің үрейін ұшырғаны мәлім. 

Премьердің мәліметінше, химия­лық өнімнің қауіпсіздік паспортына сәй­кес, келесі жайттар анықталды: өңір­лерді «БА-12» дезинфекциялау құра­лымен жаппай өңдесе, біріншіден, жұртшылықтың глутар альдегидін дем­мен жұту қаупі бар. Бұл зат небәрі +20°C температурада буланған кезде ауа­ның ластануының қауіпті деңгейіне тез жетеді. 

Екіншіден, ұзақ жыл бойы және қай­талай әрекет ету әсеріне ие. Сал­дары­нан, жергілікті тұрғындардың қай­та-қайта немесе ұзақ уақыт бойы ты­ныстауы олардың арасында демікпе мен дерматиттің кең таралуына соқты­ра­ды. 

Үшіншіден, бұл зат – қатерлі ісікке соқ­тыра алатын канцероген: ұзақ уақыт әсер еткенде ықтимал канцерогендігі ту­ралы ақпарат бар. Төртіншіден, қор­шаған ортаға залалы да жетерлік. Зат, әсіресе суда өмір сүретін организмдер, ба­лықтар, басқасы үшін өте улы, қауіп­ті. 

Бесіншіден, елде кейінгі жылдары да­ла, орман өрттері жиіледі, бұл зат өрт ке­зінде тітіркендіргіш немесе уытты бу (газ) шығарады. Алтыншыдан, глутар аль­дегидінің өзге де экологиялық тәуе­кел­дері жоғары. Оны қолданудың не­гіз­гі қауіптерінің бірі – оның ағынды су ар­қылы су объектілеріне сіңу қабі­леті. Бұл зат табиғи жағдайда нашар ыды­райды. Мұнысы су экожүйесіне жойқын әсер етіп, өзендерде, көлдерде, Каспий теңі­зінде улы концентрациялардың жиналуына соқтыруы мүмкін. 

Жетіншіден, Қазақстан соның кө­ме­гімен сібір жарасы ошақтарынан құ­ты­ламын десе, Ұлы даладағы биоә­ралуан­дықты құртып тынуы мүмкін. Өйткені қоршаған ортаға түскенде глу­тар альдегиді қоректік тізбектің не­гізі саналатын барлық микроорганизмді өлтіреді. Бұл биоәралуандықтың тө­мен­деуіне әкеліп, бүкіл экожүйеге теріс әсер етпек. 

Халықаралық тәжірибеде глютар альдегиді әдетте медициналық ас­паптарды дезинфекциялау үшін 2-3% концентрацияда ғана қолданылады. Ал «БА-12» дезинфекциялау құралында оның шоғырлануы – кем дегенде 10%! 

Премьер Олжас  Бектеновтің ай­туын­­­­­ша, глютар альдегидінің халыққа, қор­­шаған ортаға зиянын, уыттылығын, тератогенділігін және канцерогенділігін еске­ріп, әсіресе елді мекендер аума­ғын­дағы сібір жарасы ошақтарын оны­мен өңдеуден бас тартылды. Ендеше күй­діргіні жұқтырмау үшін халықтың әрі қарай да дәстүрлі алдын алу шара­ларын қолдануы маңызды.

Айхан ШӘРІП