Өткен аптада Қызылордаға алғашқы қар түсті. Қыламықтап жауған қардың соңы көктайғаққа ұласып, қала халқы біраз әбігерге қалды. Құзырлы орындардан қауқар болмады.
Қызылорда қысқа дайын болмағаны ма?
225
оқылды

Жыл сайын Қызылорданың қысы қат­ты болмайды. Жыл он екі ай жылы ауа ­райы сақталатындықтан көп жағдайда қыс мезгілі жақындаған тұста селдетіп жауған жаңбырдың соңы қарға ұласып жатады.  Әлбетте,  мұның арты көктайғаққа апарып соқтырады.  Осыны ескерген құзырлы орындар ерте бастан қыс мезгіліне қызу дайындық жұмыстарын қолға алады.  

Биыл да жарасымды үрдістен жаңыл­маған тазалық сақшылары науқанға қызу дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанын жария еткен еді. Тіпті, Қызылорда қала­сының әкімі Нұржан Ахатовтың өзі тиісті мекемелерде арнайы болып, қысқа дай­ын­дық шараларымен танысып қайтқаны мәлім.  

Нақтырақ айтқанда,  шаһар басшысы қаладағы «Қызылорда тазалығы» және «Жасыл Қызылорда» мекемелерінің қыс­қа дайындығын пысықтаған болатын. Сол­ кезде әкім  қар жауып,  көктайғақ бола қалған жағдайда көлік қозғалысында іркіліс болмау қажеттігін баса айтқаны ел есінде. 

«Қыс мезгілінде  қауіпсіздік шараларын күшейту қажет. Ең бастысы, жаяу жүр­гіншілердің қауіпсіздігі өте маңызды. Со­ған орай, инертті материалдар қоры, арнайы қар жинау полигондарының жасақталуы, жанар-жағармай қоры,  жүр­­гізушілер мен жол жұмысшылары күшінің жеткілікті болуы назардан тыс қалмауға тиіс», – деп тапсырған болатын сол кез­десуде қала әкімі.

Алайда бәрі жоспардағыдай болмай шықты. Бір сәтте жауған қар мен жаңбыр суының әсерінен қала көшелері көктайғақ­қа ұласып,  көптеген жол-көлік оқиғалары тіркелді.  Соның ішінде бір мезетте сол жағалаудағы көпір үстінде 10 көліктің соқ­тығысқан  оқиғасы көптің жағасын ұстатты. Тіпті, бұл келеңсіз жайт әлеуметтік желіні де кезіп кетті. Абырой болғанда,  адам шығыны жоқ. 

Дейтұрғанмен,  тиісті мекемелердің қыс­қа дайындығы осы сәтте өздігінен бай­қалып қалды. Бұған дейін төтенше жағ­дайға тас-түйін дайын екендігін айтқан тазалық мекемесі де күтпеген жағдайдан тосырқап қалғаны белгілі. Жоғарыда айтып өткенімізлей, қала әкімінің дайын­дық жұмыстарымен танысу барысында бәріне сақадай сай екендігін айтқан таза­лық мекемесіндегілердің нағыз деңгейі өздігінен ашылғандай болды. 

Осыған дейін «Қызылорда тазалығы» меке­месінің қысқы маусымға қажетті тех­­никалары мен басқа да қажеттіліктері тас-түйін дайын тұрғаны айтылып келді.  Атап айтқанда, мекеме 154 техникамен арнайы жабдақталған.  Соның ішінде қыс маусымындағы жұмыстарға 57 техника қатыстырылады делінген.  Бұған қоса,  мекеме базасында 2 310 тонна құм мен тұз аралас қоспа жинақталған көрінеді. Қала көшелерін қардан тазалау жұмыстары 2 ауысымда жүргізіліп,  оған 270 жұмысшы күші тартылады деп те жоспарланған.  Бірақ дер кезінде тиісті шаралар қолға алын­бады. Нәтижесінде, қала халқы зардап шекті.  

Жалпы, Сыр өңірінде көктайғақ сал­дарынан болатын жол-көлік оқиғасы жыл сайын қайталанғанымен, ахуал оңалар емес. Тиісті орындар тарапынан немқұр­айлы­лық байқалады. Мәселен, 2022 жылды алып қарасақ, қала аумағында желтоқсан айының 28-інен 29-ына қараған түні көк­тай­ғақ салдарынан 23 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Келеңсіз оқиғадан кейін ғана жол бойында 19 автокөлік жұ­мылдырылып,  құм-тұз себу жұмыстарын қолға алған. Сол сияқты 2023 жылдың ақпан айында мұз құрсауында қалған жолда екі қоғамдық көліктің соқтығысқаны ел есінде болар. Сол уақытта облыс аума­ғын­дағы көк­тайғаққа байланысты Са­мара-Шымкент тасжолы уақытша жа­был­ған болатын.  Ал биылғы жағдайды жоғарыда баяндап өттік.  

Өңірде желтоқсан айының алғашқы күндері орын алған келеңсіздіктер жайында Қызылорда облыстық Полиция департамен­тінен де сұрап көрдік. Департамент тара­пы­нан қала аумағында орын алған жол-көлік қақтығысына байланысты тиісті шаралар қолға алынғанын мәлімдеді.  

«5 желтоқсан күні Қызылорда қала­сында ауа райының қолайсыздығына бай­ланысты көктайғақ салдарынан 7 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол апатынан жарақат алған 3 қала тұрғыны ауруханаға көрініп, үйлеріне қайтарылды. Ал автокөлік жүр­гізушілеріне ҚР  ӘҚБтК-нің 610-­бабымен  әкімшілік хаттамалар тол­тырылды. Соған орай облыс тұрғындарынан жолда абай болуын, жүргізушілерден көлік жылдам­дығын үдетпеуін сұраймыз. Жылдамдық режимін асырмау, сондай-ақ автомобильдер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты, яғни дистанция сақтау және қысқы дөң­ге­лектермен жабдықталу маңызды.  Бұл бірінші кезекте жолдағы күтпеген апаттың алдын алуға бірден-бір себепші болады», – деп түсіндірді басқармадан. 

Жол-көлік оқиғасынан кейін көп ұзамастан әлеуметтік желі арқылы көше­лерді тазалау жұмыстары қарқын алғаны жайында түрлі мәтінде хабарламалар та­ра­ды.  Яғни,  бұл жолы да болары болып,  бояуы сіңгеннен кейін ғана техникалар жұмылдырып,  көше бойын мұз құрсауынан аршуға кірісті.  

Осы орайда тиісті орындар міндетті жұмыстарды дер уақытында неге атқармады деген сұрақ туындауы заңдылық.  Халық осы сауалға жауап таппай әлек. Сірә,  тиісті орындар өткен жылғы олқылықтар­дан әлі сабақ алмаған сияқты.  

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы