Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2016 жылдан бері әлемде жұмысшы роботтар саны екі есеге артты. Қытай алғаш рет Германия мен Жапонияны басып озып, ең роботтандырылған елдердің үштігіне енді. Қазір Қытайда әр 10 мың қызметкерге 470 роботтан келеді. Әлемдегі зауыттарда жалпы 4 миллионнан астам робот жұмыс істесе, олардың жартысынан астамы – Қытайдың үлесінде (276 мың). Ал әлемдік көшбасшы – Оңтүстік Корея (1 012 робот), екінші орында – Сингапур (770 робот). Өнеркәсіптік роботтардың тығыздығы бойынша Еуропа алда тұр (әр 10 мың жұмысшыға – 219 робот), Солтүстік Америкада – 197, Азияда – 182. Осы қарқынмен жұмыстың бәрін роботқа жүктейтін күн де алыс емес секілді.
Робототехника индустриясының қарқынды дамып жатқаны таңғалдыруда. Технологиялық жетістіктер мен автоматтандыруға қажеттіліктің артуы арқасында өндірістен логистикаға дейінгі әртүрлі сала өзгеріске ұшырауда. Bloomberg-тің болжамдарына көз жүгіртейік: 2027 жылға қарай жаһандық робототехника индустриясының кірісі 43,32 миллиард АҚШ долларына жетеді. Бұл өсім өндірістік процестердің ажырамас бөлігіне айналған өнеркәсіптік роботтарға деген сұраныстың күшеюі арқасында болмақ.
Бүгінде Азия – жаһандық робототехника индустриясы табысының үштен бірінен астамын бақылайтын көшбасшы. Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония сияқты елдер – роботтық жүйелердің өндірісін жандандырып, инновацияларды белсенді түрде енгізуде негізгі күштер. Қазіргі күннің өзінде әлемде 3,4 миллионнан астам өнеркәсіптік робот бар. Бұл рекордтық сан өсіп келеді, өйткені компаниялар тиімділікті арттыру үшін робототехникаға көбірек бет бұруда.
Жаһандық деңгейде өнеркәсіпте роботтар мен жұмысшылардың арақатынасы 1:71-ді құрайды. Бұл роботтар қызметкерлердің жұмысын жеңілдетіп, дәлдікті талап ететін және қайталанатын тапсырмаларды орындайды. Роботтарды жаппай жұмысқа жегудің теріс жақтары да бар. Мысалы, жұмысшылардың 14%-ы міндеттерін роботтармен алмастыру салдарынан жұмыссыз қалды.
QazIndustry АҚ есептік деректеріне сәйкес, Қазақстанда 24-тен астам кәсіпорында 90-нан астам өнеркәсіптік робот қолданылады. Олардың негізгі үлесі өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі екен. Бұл ретте өнеркәсіптік роботтардың орташа «жасы» шамамен 6 жылды құрайды. Роботтарды қолданудың негізгі бағыттары ретінде манипуляторлар, жылжыту, дәнекерлеу және бояу, сапаны бақылау сынды жұмыстар қамтылып отыр.
– Елімізде экономиканы екі есе ұлғайту кезінде шығарылатын өнім көлемін арттыру үшін көп адамды жұмысқа тартуға мүмкіндік жоқ. Осыған байланысты 2029 жылға қарай өндірісте робототехникалық кешендерді қолдану арқылы жоғары еңбек өнімділігіне қол жеткізуге болады. Бұл экономикасы дамыған елдердің тәжірибесінде айқын көрінеді. Мәселен, Оңтүстік Кореяда 10 мың жұмысшыға 1 мың роботтан келсе, Сингапурда 700 роботтан, Германия мен Жапонияда 400-ден, ал Қазақстанда небәрі жеті роботтан келеді. Өндірісте робототехникалық кешендерді енгізу қарқыны да төмен, – деп мәлімдеді Көлік жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пшембаев.
Оның айтуынша, 2023 жылы Қазақстанда небәрі 100 робототехникалық кешен енгізілсе, Қытайда 290 мың кешен енгізілген.
– Бұл үрдіс экономикасы дамыған елдерде арта түседі, өйткені роботтандыру, біріншіден, бізге жұмыс күшін қамтамасыз ету мәселесін шешуге мүмкіндік берер еді. Екіншіден, біз ескі көліктер паркін жаңғыртудан бас тартатын едік. Біз машиналар мен жабдықтар шығармаймыз, сонымен бірге оларды сатып алуға көп ақша жұмсауды жоспарлап отырмыз. Не үшін? Одан да роботтар өндірісін қолға алып, бірден төртінші-бесінші деңгейге өтуіміз тиімді. Бір робот бес-алты адамның орнын басады. Осыған байланысты бұл мәселелермен неғұрлым байыпты айналысуды және робототехниканы енгізу бағдарламаларын әзірлеуді сұраймыз, – деді Мейрам Пшембаев.
Роботтар адамдардың жұмыс орындарын тартып алып, еңбек нарығын түбегейлі өзгертетініне сену оңай. Өйткені чат-боттар тұтынушыларға қызмет көрсету өкілдері ретінде тиімдірек бола бастады, ал компьютерлік бағдарламалар тауарларды өз бетімен қадағалауға «қабілетті».
– Бірақ роботтардың жаһанды жаулауынан қорқудың қажеті жоқ, – дейді әлеуметтік ғылым профессоры Эрик Далин. Далиннің зерттеуі роботтар адамдардың көпшілігі ойлағандай жылдамдықпен адамдарды алмастырмайтынын, бірақ адамдар роботтардың еңбек нарығын жаулап алу қарқынын қатты асырып көрсетуге бейім екенін көрсетті.
Оның зерттеуіне сүйенсек, роботтар салдарынан жұмысынан айырылған адамдар барлық жұмыстың 47%-ы автоматтандырылған деп есептейді. Жұмысы бар адамдар бұл санды 29%-ға тең деп бағалайды екен. Шын мәнінде, жұмысшылардың 14%-ы ғана роботтармен ауыстырылған.
Премьер-Министр Олжас Бектенов бұл мәселені шешу үшін қарапайым әрі түсінікті бағдарлама әзірлеу қажет екенін айтты. Оның сөзінше, бағдарлама қолданбалы сипатта болып, нақты нәтижелерге бағытталуы тиіс.
– Біз теориялық талқылаулардан нақты іске көшкеніміз дұрыс. Әрдайым өзгелердің соңынан қуып жүрмей, дәстүрлі машиналар мен жабдықтарды бірден роботтармен алмастыра бастауымыз керек. Бұл оңай шаруа емес, бірақ осы бағытта жұмыс істеп, нақты қадамдар жасауымыз үлкен өзгерістер алып келеді, – деді ол.
Робототехника саласы өндіріс пен жұмыспен қамтудың үйреншікті идеяларын таңғаларлық жылдамдықпен өзгертіп жатыр. Ол адамдардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналып, өндіріс, білім және медицина секілді салаларға ықпалы айтарлықтай білініп жатқандай. Роботтар дәуірі басталды, бірақ оның бағыт-бағдары мен салдары біздің оны қалай басқаратынымызға байланысты болмақ.
Әсет ҚАЛИ