«AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің бүгінгі кезекті отырысында «Ауызсудың сапасы мен халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету» мәселесі талқыланды.
Еліміздің 24 қаласы сапалы ауызсумен қамтамасыз етілмек
322
оқылды

Жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Альберт Павлович Рау, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шарханұлы Шархан, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Жанұзақұлы Алдамжаров, Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі Әсет Нұрланұлы және аймақтық кеңес төрағалары, облыс әкімдерінің орынбасарлары мен депутаттар қатысты. 

Вице-министр Иран Шарханның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сонау 2021 жылдың 11 қыркүйегіндегі жолдауында 2025 жылдың соңына дейін еліміздің ауыл-аймағын 100 пайызға сапалы ауызсумен қамтамассыз ету мәселесін көтерген болатын. 

– Жер бетінге 2 млрд-тан астам халық әлі сапалы ауызсуға қол жеткізбесе, 4 млрд-қа жуық адамға судың жетіспеушілігі байқалады. Әр қала мен ауыл бойынша, соның ішінде іздеу-барлау, жобалық-сметалық құжаттама дайындау және құрылыс-монтаж жұмыстарына мониторинг жүргізіледі. 2023 жылдың нәтижесімен ескерсек, әлі де болса Абай облысы, Павлодар облысы, Жамбыл облысы,  Ақмола облысы сапалы ауызсумен толыққанды қамтамассыз етілмеді. Жалпы, еліміз бойынша 89 қаланың ішінде 65-і халқы орталықтандырылған сумен 100% қамтылған. Жоспар аясында қалған 24 қала 2025 жылдың соңына дейін орталықтандырылған сумен қамтылмақ.  Жыл соңына дейін 6 қала – Шымкент, Державинск, Екібастұз, Шардара, Ақсу және Жетіқара халқы сумен қамту қызметтеріне 100% қол жеткізеді, –  деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шарханұлы.

Оның айтуынша, соған қарамастан 10 қала бойынша президент тапсырмасының орындалмай қалу қаупі бар. Вице-министр ауызсумен кезең-кезеңмен қамтамасыз ету жоспарында республиканың әрбір өңірі ескерілгенін айта отырып, ауыл халқын сапалы ауызсумен қамту мәселесіне тоқталды.

"Қазіргі күнде ауызсумен қамтамассыз етуі жөнінен 6 256 ауылдан өтініш түскен. Соның 5 130-ы сумен қамтылды. Қалған 1 126 ауыл 2025 жылдың соңына дейін қамтамасыз етілуі тиіс. Осы жылы 129 ауылға орталықтандырылған су тартып, ал 225 ауылға кешенді блок модуль орнату жоспарланып отыр" дейді Иран Шархан.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шарханұлы айтуынша, 2025-2027 жылдарға арналған бюджетте келесі жылдың өзіне 59 жобаны жүзеге асыруға 46,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл тағы алты қалада сумен қамту қызметтеріне 100% қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Атап айтсақ,  Қосшы, Ерейментау, Тараз, Өскемен, Балқаш және Көкшетау қалалары. Сондай-ақ Шемонаиха мен Макинскте жобаларды аяқтауға республикалық бюджеттен 2025 жылға қосымша 1,2 млрд теңге қажет ететінін жеткізді.