Қайғылы оқиға 6 желтоқсаннан 7 желтоқсанға қараған түні тіркелген.
Атырауда 10 айлық бала көз жұмды
985
оқылды

Сәбиінен  айырылған ананың айтуынша, бала дәрігерлердің жауапсыздығы салдарынан көз жұмған,  деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.

«Мені облыстық балалар ауруханасы мен жұқпалы аурулар ауруханасы арасында 5 сағат бойы жүргізіп қойды. Балам қызуы көтерілген соң инфекциялық ауруханаға апардым. Ол жерде үлкен кезек болды. Кейін дәрігерлер бізді балалар ауруханасына жіберді. Ол жерден толық тексеруден өткеннен кейін қайтадан инфекциялық ауруханаға бар деді. Екі ортада таксимен жүрдім. Осы уақыт аралығында баламның жағдайы нашарлап кетті. Дер кезінде көмек көрсетпеген барлық дәрігерлер жауапқа тартылсын», – дейді еңіреген ана.

                                      Фото: белсенді Нұрлан Жунасовтың ФБ парақшасынан скриншот 

Қайғылы оқиғаны Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы растады. Қайғылы оқиға 6 желтоқсаннан 7 желтоқсанға қараған түні тіркелген. 

«6 желтоқсан күні сағат 14.51-де №2 облыстық ауруханасының  қабылдау бөліміне науқас медициналық көмекке жүгінеді. Қабылдау бөлімінен кезекші дәрігер баланы қабылдап, «ВКИ. Острый живот?» диагнозын қойып, ауруханаға жатқызуға кеңес береді. Алайда баланың анасы ауруханаға жатудан бас тартып, (үйден 1-2 күн қараймын деп) қолхат жазған. Кейіннен науқастың анасына Атырау облыстық балалар ауруханасының хирург кеңесін алу ұсынылады. Баланың келген кездегі шағымдары: дене температурасының 39,0С дейін жоғарылауына, құсу мен мазасыздыққа шағымданған. 

Науқас облыстық балалар ауруханасынан хирург, педиатр дәрігерлеріне қаралған. Балалар ауруханасынан рентген түсіріліп, толық тексерістен өткеннен кейін қайта №2 Атырау облыстық ауруханасына жолданады. 

Науқас екінші рет 06.12.2024 жылы сағат 18.10-да ауыр жағдайда келеді. Қабылдау бөлімінен дереу кезекші реаниматологпен қаралып, алғашқы көмек қабылдау бөлімінен өтіп, тікелей жансақтау бөлімшесіне жатқызылады. Жансақтау бөлімінде болғанда дереу дәрігерлермен консилуим ұйымдастырылып, невропатолог, офтальмолог дәрігерлері кеңеске шақыртылады. 

Баладан алынған зерттеу нәтижелері (анализ) және баланың объективті жағдайы критикалық көрсеткіштер көрсетеді. 

Жансақтау бөлімшесіне шектес тыс ауыр жағдайда түскесін балада бірнеше рет жүрек соғысы тоқтап, реанимациялық шаралар жүргізілді. Алайда жүргізілген барлық реанимациялық шараларға қарамастан, бала 07.12.2024 жылы сағат 00720-да шетінеді», – делінген  Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Баян Жанұзақова