Сотталушының кінәсі психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысымен, жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау және беттестіру хаттамаларымен дәлелденді.
Қызылордада 16 жастағы қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген күдіктіге қатысты сот үкімі шықты
373
оқылды

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты  16 жастағы қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген күдіктіге қатысты қылмыстық істі қарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Сотталушы, жәбірленушінің кәмелетке толмағанын біле тұра, бопсалау арқылы оны бірнеше рет жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. 

Сондай-ақ, бірнеше рет бірақатар адамның сеніміне қиянат жасап, жер телімдерін бір мезгілде бірнеше тұлғаға сатып, облыстың жергілікті атқарушы органдарына жұмысқа орналастыруға байланысты алаяқтық әрекеттерге жасаған. 

Сотта прокурор сотталушыны кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушілер прокурордың пікірімен келіскен.    

Ал қорғаушы тарап сотталушыны 134 ҚК 3-бөлігінің 2) тармағы бойынша ақтауды, ал алаяқтық фактісі бойынша бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

Сотталушының кінәсі психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысымен, жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау және беттестіру хаттамаларымен дәлелденді.  

Сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде жас балаларының болуын, соттылығының болмауын жатқызды; қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

- ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігінің  2) тармағына сай, жазаны жеңілдететін мән-жайлар болған  және  ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жаза мерзімі ҚК-тің тиісті бабында көзделген ең жоғары мерзімнің 2/3 асыруға болмайды.

Сот үкімімен сотталушы ҚК-нің 134-бабының 3-бөлігінің 2) тармағында және ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 4) тармағында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген ақпаратта.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.  

Қазір облыс соттарының өндірісінде осы жоғарыда аталған кәмелетке толмаған адам жәбірленуші ретінде танылған ҚК-тің 309-бабының 2-тармағы (жеңгетайлық) бойынша 2 іс, ҚК-тің  299- бабының 3-тармағы (есірткі, психотроптық заттарды тұтынуға көндіру) бойынша 1 іс бар.