Бұл мәселеге қатысты Қылмыстық кодекстің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» туралы 372-бабына өзгеріс енгізілді. Соның нәтижесінде рәміздерді қорлау дерегі үшін айыппұл көлемі 3 000 АЕК-ке өсті.
Қоғамдық орында тәртіп бұзу: айыппұл көлемі қаншаға өсті?
www.istockphoto.com
807
оқылды

Елімізде биыл вандализм, ұсақ бұзақылықтан бастап, ауыр қылмыс және көші-қон ережелерін бұзғандарға қолданылатын шаралар мен жауапкершілік біршама қатаңдады. Бұл өзгерістер қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықтық тәртіпті күшейту мақсатында қабылданды. Қаржы министрлігі мақұлдаған «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет турады» заң жобасында айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 932 теңгеге (қазір 3 692 теңге) дейін қымбаттаған. Демек келер жылдан бастап, айыппұл саны еселене түспек.

Вандализм үшін жазалау шаралары

Биыл Мәжілісте вандализмге қатысты жауапкершілікті қатаңдатуды мақұлдады. Вандализм үшін 200-ден 500 АЕК-ке дейінгі айыппұл, 300-ден 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс, 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған. Ерекше тарихи немесе мәдени құндылықтарға зиян келтіргендер үшін жаза мерзімі 7 жылдан 12 жылға дейін ұлғайтылған​.

Нақтырақ айтсақ, 203-баптағы «Ерекше құндылығы бар заттарды қасақана жою, әкету немесе бүлдіру»:

1. Тарих, мәдениет ескерткіштерін, табиғи кешендерді немесе мемлекет қорғауға алған объектілерді, сондай-ақ ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы бар заттарды немесе құжаттарды қасақана жою немесе бүлдіру – үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

1-1. Мәдени құндылықтарды және ұлттық мәдени игілік объектілерін Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге заңсыз әкету немесе оларды Қазақстан Республикасына қайтармау – үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.  

2.Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген: 

1) өрт қою, жарылыс жасау арқылы немесе өзге де жалпы қауiптi тәсілмен жасалған; 
2) абайсызда денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан; 
3) әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк немесе дiни араздық уәжі бойынша жасалған; 
4) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;

5) бірнеше рет жасалған іс-әрекет – бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан, сол сияқты қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер – жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Қоғамдық орында тәртіп бұзу

Ал ұсақ бұзақылыққа қатысты да біраз өзгеріс енді. Ресми мәлімет бойынша, енді 1 қаңтардан бастап азаматтардың қоғамдық орындарда тәртіп бұзғаны үшін заңға сәйкес төмендегідей айыппұл төлейді:

Рәміздерді қорлау

Бұл мәселеге қатысты қылмыстық кодекстің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» туралы 372-бабына өзгеріс енгізілді. Соның нәтижесінде рәміздерді қорлау дерегі үшін айыппұл көлемі 3 000 АЕК-ке өсті.

Қоғамдық орында түкіру

Қоғамдық орында түкіргені үшін, оған қоса белгіленбеген жерде қоқыс тастап, құқық бұзған адамға бірінші рет 5 АЕК, яғни 19 660 теңге айыппұл салынады. Бірақ азамат бұл әрекетін тағы да қайталаса, онда 10 АЕК, яғни 39 320 теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Көлік жүргізіп келе жатып, телефонды пайдалану, белбеу тақпау

Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны, қауіпсіздік белбеуін тақпағаны және көлік жүргізіп бара жатқанда, телефон пайдаланғаны үшін жүргізушілерге 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл 2025 жылы 19 660 теңге болмақ.

Тыныштықты бұзу

Бәрімізге белгілі, елімізде заң бойынша кешкі сағат 22.00-ден таңғы сағат 9.00-ге дейін тыныштықты бұзуға болмайды. Тұрғын үй ғимараттары мен тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарына жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін шулауға тыйым салынады. Тәртіп бұзған жеке тұлғаларға – 5 АЕК (19 660 теңге), бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК (39 320 теңге) айыппұл салынады. Ал кәсіпкерлер 20 АЕК-тен 150 АЕК-ке дейін (78 640-589 800 теңге) айыппұл төлейді.

Кіреберісте қоқыс немесе қоқыс пакетін қалдырып кету

Пәтерге кіреберістегі есіктің қасына қоқыс салынған дорбаны қалдырғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес «Абаттандыру қағидаларын бұзғаны» үшін 20 АЕК (78 640 теңге) айыппұл салынады. Ал бұл әрекетті азамат бір жыл ішінде қайталап жасаса, онда 30 АЕК (117 960 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Автобуста жолақы төлемеу

Қала және қала маңындағы қоғамдық көлікте жолақыны төлемегендерге 2 АЕК, яғни 7 864 теңге айыппұл салынады. Ал жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл салынады.

Құжатсыз көлік жүргізу

Жүргізу құқығы жоқ жүргізушінің көлікті басқаруы 20 АЕК, яғни 78 640 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Көлік құралын басқару құқығынан айырылғандар көлік жүргізсе, оларға 50 АЕК, яғни 196 600 теңге айыппұл салынады яки 20 тәулікке қамауға алынады.

Кәмелетке толмағандардың түнде жүруі

Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінсіз 22.00-ден 6.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болса, олардың ата-анасына 3 АЕК (11 796 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 18 жасқа толмаған бала 23.00-ден 6.00-ге дейін үйден тыс жерде жүрсе, онда заңды өкілдеріне ескерту жасалады. Егер осы әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса, онда баланың заңды өкілдеріне 27 524 теңге (7 АЕК) айыппұл салынады. Ойын-сауық мекемесінің иелеріне де 10-нан 100 АЕК дейінгі мөлшерде (39 320 және 393 200 теңге) айыппұл салу көзделген.

Жаяу жүргіншінің жолды кесіп өтуі

Жаяу жүргіншілер жол қозғалысы ережелерін сақтамағаны үшін (қате жерден өту және т.б.) 2 АЕК (7 864 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін айыппұл 10 АЕК-ке (39 320 теңге) дейін өседі.

Жылдамдықты асыру

Көлік жылдамдығын асырғаны үшін:

- сағатына 10-20 шақырымға асырғаны үшін айыппұл 5 АЕК (19 660 теңге).

- сағатына 20-40 шақырымға асырғаны үшін 10 АЕК (39 320 теңге).

- сағатына 40 шақырымнан асырғаны үшін айыппұл қазірдің өзінде 20 АЕК (78 640 теңге).

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде жылдамдықты қайталағаны үшін 30 АЕК (117 960 теңге) айыппұл қарастырылған.

Қоғамдық орында балағат сөз айту

2023 жылғы наурыз айынан бастап заңға қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандарға 20 АЕК, яғни бұл 78 640 теңге немесе 30 тәулікке қамауға алынады. ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша отбасында және тұрмыста балағат сөз айтқаны үшін ескерту немесе 5 АЕК (19 660 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал мұғалімді немесе дәрігерді балағаттаса, онда 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.

Көші-қон ережелерін бұзғаны үшін жазалау

2024 жылғы заңнамаға сәйкес, ел аумағында заңсыз жүріп-тұру және құжатсыз болу үшін айыппұл немесе елден шығару шаралары қолданылады. Заңсыз көші-қон ұйымдастырғандар 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына тартылады. Бұл шаралар елдегі көші-қон саясатын реттеу және шетел азаматтарының құқықтық мәртебесін қорғауды күшейту үшін енгізілді​.

Ауыр қылмыстарға қатысты жаза

Ауыр қылмыс жасағандарға, мысалы, зорлық-зомбылық, адам өлтіру немесе есірткі саудасы үшін, 10 жылдан өмір бойына дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Абайсызда адам өліміне әкелетін қылмыстар үшін де 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Сонымен қатар, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасағаны үшін жазалар қатаңдатылып, бұл қылмыстар ауыр санатқа жатқызылды​.

Сонымен тағы да айта кеткен жөн, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 932 теңгеге (қазір 3 692 теңге) дейін қымбаттаған. Демек келер жылдан бастап, айыппұл саны еселене түспек.