Астанада «Достық үйінде» Egemen Qazaqstan газетінің 105 жылдығына орай «Егеменнің елдік жолы» атты форум өтті. Шара бас­талмас бұрын қонақтар музейге қойылған Ұлттық архив құжаттарын және кітап көрмесін тамашалады.
«Егеменнің елдік жолы»: басылымға – 105 жыл
304
оқылды

Ел тарихынан сыр шерткен тағылымға толы форумның пленарлық мәжілісін «Қазақ газеттері» серіктестігінің Бас директоры Дихан Қамзабекұлы жүргізіп, қазіргі қоғамдағы қазақ тілінің мәртебесін көтеру, кітап оқу мәдениетін арттырудағы газеттің атқаратын рөлі туралы ойларын ортаға салды.

«Егер бүгінгі көп шенеунік, біраз азамат ойлап жүргендей, «газет заманы кетті» дегенге пейіл берсек, сауатсыз мұғалім, сауатсыз оқушы қатарын көбейте береміз. Рас, замана қалпын ескеріп, газеттің интернет нұсқасын, сондай-ақ әлеуметтік желідегі БАҚ форматын жалғастырарымыз сөзсіз. Бірақ Батыс пен Шығыстың өр­кениетті елдеріне әлі де азық болып отырған дәстүрлі классикалық форматты жетілдіру – басым бағыт болып қалуға тиіс», – деді Дихан Қамзабекұлы.

Одан әрі мерейтойға келген мәртебелі меймандардың құттықтау тілегіне кезек берілді. Сенат Төрағасы М.Әшімбаевтың құттықтауын сенатор Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс Төрағасы Е.Қошановтың жылы лебізін депутат Жанарбек Әшімжан жеткізді. 

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауы да оқылды, онда: «Газеттің алғашқы санынан бастап онда қазақтың ірі мемлекет қайраткерлері мен көрнекті қаламгерлері қызмет етті. Мемлекеттік мүдде мен журналистік талапты тең ұстайтын басылымның кәсіби деңгейі, ұстанған бағыты ешқашан өзгерген емес және алдағы уақытта да халқымыздың мұрат-мақсаты мен қоғам дамуына лайықты үлестеріңізді қоса бересіздер деп сенемін», – делінген.

Тұңғыш Баспасөз және бұқаралық ақ­парат министрі (1991-1993) болған Қуаныш Сұлтанов құттықтап, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы баспасөздің рөлі туралы сөз қозғады. Әр жылдары Egemen Qazaqstan газетінің бас редакторы болған Сауытбек Абдрахманұлы, Уәлихан Қалижанұлы, Дар­хан Қыдырәлі, Еркін Қыдыр да баспасөздің өзекті мәселелері туралы ойларын ортаға салды.

Жиында Egemen Qazaqstan газетінің бірқатар қызметкеріне «Еңбек ардагері», «Ақпарат саласының үздігі» марапаттары тапсырылды.