Тараз қаласында 2018 жылдың қазан айында «Желтоқсан, 86» орталығы ашылған болатын.
Орталық төңірегіндегі тартыс
219
оқылды

Құнды жәдігерлер қайда тұруы қажет?

Аталған ғимарат жұмысын бастағанда, әулиеаталық ағайындар айырықша қуанған еді. Себебі мұндай орталық Қазақстан бойынша жалғыз Жамбыл облысында ғана бар еді. Сол уақыттарда ғимараттың бөлмелерімен таныстыратын гид маман да белгіленген. Алайда кейінгі жылдары осы орталықтың сыйқы қаша бастағандай. Себебі бас сұға барсаң, ішінен құнды дүние таппайсың. Бейне бір түнде бүкіл дүниесін біреулер көтеріп кеткендей. Мәселенің мән-жайын білмекке орталыққа арнайы ат ізін салдық.

Бұл жерге бас-көз болып жүр­ген «Желтоқсан ұш­қы­ны» қоғамдық бірлестігінің төра­ғасы Талғат Кеншінбековтен біл­геніміз, ғимарат бастапқыда    об­­­лыстық тарихи-өлкетану му­зейі­не қараған екен. Кейіннен ауа­да қалып, айдалада адасқан көш­тің кейпін киіпті. 

– Орталықта желтоқсан оқи­ға­сынан ақпар беретін түрлі де­рек, тарихи фото, желтоқ­сан­шы­лар­дан алынған жәдігер, құжат пен хат, кітап жиналған еді. Со­ны­мен қатар сол уақытта орта­лық­та Халық қаһарманы, Семей түр­месінде  белгісіз жағдайда ажал құшқан жерлесіміз – Қайрат Рыс­құлбековтың өзі қолданған зат­тары, киімдері, мектеп фор­масы, абақтыдан үйіне жолдаған хат­тарының көшірмесі орналас­тырылған болатын. 

Қазір «Желтоқсан ұшқыны» ат­ты қоғамдық бірлестігіміздің 73 мү­шесі бар. Біз ашылған күннен ты­ным тауып жатқан жоқпыз. Бар­лық ауданда филиалдарымыз бар. Ал бұл орталық алғаш ашыл­ған жылдары облыстық тарихи-өлкетану музейінің қарамағында бол­са, соңғы уақытта ол еш­қан­дай мекеменің теңгеріміне алын­бай, желтоқсаншылардың да бас­ты мәселесіне айналған еді. Биыл 11 сәуір күні осы ор­та­лық­қа Тараз қаласының әкімі Ба­қытжан Орынбеков келді. Со­дан қаладағы үш қоғамдық бір­лестікке қажетті бөлмелерді тең бөліп беру керектігін, ол бұрыш­тар­ды желтоқсаншылар өз қара­жатына әрлеп, жөндейтінін, осы ғимараттың бір жағына қалалық «Жастар ресурстық орталы­ғы­ның» бір бөлімін әкелетінін айт­ты. Барлығына келістік. Әкімге көп рақмет, уәдесінде тұрды. Ауа­да тұрған орталық «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-ның қарамағына алын­ды. Бізде қарап жатпай бөл­ме­лерді әрлеу жұмысын бастап кет­тік. Осы ғимаратта Қайрат Рыс­құлбековқа арналған зал бар. Сол залға да Қайрат Рысқұлбеков­тың бауырларынан сұрап бірнеше жәдігер әкеліп едік. Оның бар­лы­ғы облыстық музейге өтіп кетті. Оның ішінде, өзімнің шарбағыма ұзақ жыл жасырын көміліп, 32 жыл сақталып келген үш метрлік лозунг бар еді. Ол да музейге өтіп кет­ті. Осылайша,  өз затымды өзі­ме қайтара алмай жүрмін, – дей­ді Т.Кеншінбеков.

Шынында, 2018 жылы ашыл­ғанда көзге оттай басылатын көп жәдігердің қазір орны ойсырап бос тұр. Тек елеусіз ғана бұрышта ату жазасын 345 күн қүткен батыр Мырзақұл Әб­діқұловтың алаңда киген киім-ке­шектері, ұстаған бұйымдары тұр. Аты көп атала бермейтін арда азамат 1986 жылы 19 желтоқсан күні ұсталып, ешкіммен жо­лық­тыр­май, терезе жарығы жоғарыда, төсек-орын жоқ таңның атқанын, кү­ннің батқанын білінбейтін те­мір қапаста жатқан ол «мені атың­дар» деп айқайлаумен күн өт­кізеді. Дегенмен ату жазасы 20 жылға кешіктіріледі. Сотта про­ку­рорға: «Мен ұлтымның ары мен намысы, қазақ қызының абы­­­­ройын қорғадым, егер ондай жағ­дай қайталанса тағы да өлті­рер едім», – деп қасқайып сөйле­ген қайсар қазақ баласының су­ре­ті намысыңды жаниды.

Жоғарыда Талғат Кеншін­бе­ков сөз еткен Қайрат Рысқұлбе­ков­­­тың бауырларынан сұрап әке­лінген жәдігер, қара жер қой­нын­да жасырын көміліп, 32 жыл сақ­талып келген үш метрлік лозунг туралы білмекке облыстық та­рихи-өлкетану музейіне атба­сын бұрдық. Музей директоры Сейіт­жан Ілиястың да өз айтар уәжі бар екен. 

– Әуелі салынған кезінде «Жел­тоқсан, 86» ғимараты уақыт­ша біздің қарамағымызда болды. Біз ол жерге арнайы маман қойып, жұмыс жүргіздік. Ал Тал­ғат Кен­шін­беков айтып жүрген жәдігерді маған Қайрат Рысқұлбековтың туған әпкесі ескерткіш ретінде се­ніп тапсырды. «Осы облыстық му­зейде тұрсын» деді. Біз заң­ды­лығымен тіркеп, қабылдап ал­дық. Енді ол зат осы музейдің мүл­кі. Оны еш жаққа бере алмай­мыз. Лозунгті іздегендер бұрын қайда қалды? Енді бәрі кеш. Ол заттар біздің музейде желтоқсан оқиғасына арналған бұрышта тұр. Еш­қашан жоғалмайды, сақта­ла­ды, – дейді музей директоры.

Расында, мұражайда Әу­лиеа­тада туып әлемге та­ныл­ған тұлғаларымызға арналған жәдігерлердің қатарында Қайрат Рысқұлбековқа  арналған бұрыш та бар екен. 

– «Желтоқсан, 86» орталығы бас­қа мекемеге өтеді деген соң бұл жәдігерлер біздің мүзейге әке­лінді. Бұл жерде талай таны­мал тұлғалардың тұтынған бұйым­дары қойылған. Жалпы, ор­талықтан келген жәдігерлер туралы айта­тын болсам, бұл жерден тек ба­ты­рымыз Қайрат Рысқұлбековқа тән заттар ғана осы бұрышта тұр. Бізге келген жәдігерлерді өз заң­ды­лығымен тіркейміз. Мемлекет меншігіне өткен заттар ешқашан жо­ғалмайды, біз жауаптымыз. Ал орталқтан келген өзге заттар бізде тұр. Оларды мемлекеттік есепке ал­ған жоқпыз, тіркемедік. Сон­дық­тан желтоқсаншылар бізге ке­ліп ол заттарды алып кетуіне бо­лады, – дейді  музейдің бас қор сақ­таушысы Айша Бегалиева.

Иә, осылайша жылдар бойы иесі болмай келген «Жел­тоқсан, 86» орталығы төңі­ре­гінде тартыс әлі басылмай тұр. Ен­ді қорда болған құнды жәді­гер­лер қайда тұруы қажеттігін жо­ғары жақтағылар шеше жатар. Біз­дің айтпағымыз, ұлттық на­мысты жанып, патриоттық рухты кө­теретін құнды дүниелеріміз «ұс­тағанның қолында, тісте­ген­нің аузында» кетпесе екен дейміз. Себ­ебі бұл – келер ұрпақтың мұра­сы. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы