– Ауданда неге ерекше мәдени сайыстар мен жарыстар өткізбейсіңдер?
– Жақында атыс болды, ааа кешіріңіз айтыс болды.
– Айтыс баяғыда қайтыс болды. Бұл жаңалық емес, бұрын-соңды болмаған шаралар ойлаңдар, – деп қатты ұрысты.
Басы салбыраған директор кабинетіне келіп, көркемдік жетекшіні шақырып алды. Жеті атасынан түгендеп боқтады.
– Мен сені жұмысқа не үшін алдым? Қолыңнан түк келмейді. Кабинетіңде отырып бір қағаз ұстағаныңды көрмедім. Үнемі сыртта көлеңкеде шылым шегіп, өсек айтып отырасың.
– Олай демеңіз, дәлеліңіз бар ма? Ел қатарлы жұмыс істеп жүрміз, – деп көркемдік жетекші директордың айтқанына көнер емес. Қызметін атқаруға мүлдем қабілеті жоқ. Бірақ өзін мақтауға шебер-ақ.
– Болды, жап аузыңды, саған соңғы мүмкіндік беремін, жақын арада бұрын-соңды болмаған жаңаша сайыстар өткізуіміз керек, – деп ашу шақырған директор столды сабалады. Көркемдік жетекші басын қасып шығып кетті. Түнімен қатты ойланды. Толғанды. Ертеңіне жаңаша жобамен директордың есігін қақты.
– Басеке, керемет сайыс ойлап таптым, «Жалағыштар жарысын» өткізсек қайтеді?
– Ол не пәле? – деп әуелі директор шошып кетті.
– Аты айтып тұрғандай, сайысқа қатысатындар бірінші балмұздақ жалаудан жарысады, екінші бал жалайды. Үшінші шешуші кезең, ол кезде не жалайтыны әзірге құпия болады. Оны уақытында көресіз. Сурприз...
– Ойбай-ау, мынау керемет қой, мұндай сайыс еш жерде өтпеген болар?
– Қазақстанда бірінші рет басеке, маған сеніңіз, – деп көркемдік жетекші жерден жеті қоян тапқандай кеудесін керіп тұр.
Сонымен, сайыс өткізудің жоспары құрылып, қызу жұмыс басталып кетті. Қазылар алқасы да анықталды. Алқа төрағасы болып ауданға белгілі азамат Қопаш Қотаров тағайындалды. Әншейінде мәдени іс-шараға жоламайтын жұрт осы жолы қызығушылық танытты. Сайысқа мыңдаған адам қатысуға ұсыныс түсірді. Оның ішінен он жалағыш іріктеліп алынды.
Бүгін кешке көркемдік жетекші ойлап тапқан жаңа жарыстың шешуші кезеңі болады. Сахнада тілді салақтап қатысушылар тұр. Мәдениет үйі халыққа лық толды. Бірінші кезең басталды. Жарысқа қатысушылар балмұздақты жарыса жалап жатыр. Тілі ұзын бір қатысушы әйел екі жалағанда балмұздақты жоқ қылды. Залдағылар тамсанып отыр. Бір кішкене бала балмұздақ жалағысы келіп жылап тұр.
Ал енді екінші кезеңге кезек келді. Сахнаға он кесе араның балы қойылды. Ойпырым-ай, көзді ашып-жұмғанша жалағыштар балды жоқ қылды.
Әзірге бәрі де мықты. Тілдері жалаңдап тұр. Бірақ халықтың да, қазылар алқасының да күтіп отырғаны үшінші құпия кезең.
Ойлары: «бұл жолы не жалайды екен?»...
Сахнаға сайыстың үшінші кезеңін хабарлауға бойы сорайып мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі шықты.
– Құрметті сайысқа қатысушылар, екі кезеңде де сайыскерлер жалаудан алдына жан салмады. Дайындықтары өте керемет. Тілдері жақсы жұмыс істейді екен. Ендігі үшінші шешуші кезең ол – туфли жалау...
Зал ду ете қалды. Мәдениет үйінің директоры төбесінен ток ұрғандай селк етті. Беті қабығын аршыған алмадай қарайып кетті. Ол сайыстан мұндай жаңалық күтпеген еді.
Сахна төріне он шақты туфли қойылды. Оның ішінде шаң басқан аудан әкімінің туфлиі және табаны тозған аудандық сот пен жер бөлімі басшысының туфлиі бар. Ұйымдастырушының ұсынысымен облыстың мекеме басшыларының да туфлилері қойылыпты. Ең бастысы, министрліктен арнайы әкелінген бір қара туфли сахна төрінде қақиып тұр.
Жүргізуші: «соңғы кезеңді бастаймыз» дегенше болған жоқ, қазылар алқасының төрағасы, елге белгілі Қопаш Қотаров министрдің қара туфлиін ала қашты. Сол-ақ екен, қазылардың бір мүшесі аудан әкімінің туфлиін қағып үлгерді. Енді біреуі облыстан әкелінген туфлиге жабысты.
Сайысқа қатысушылар жалауға туфли таба алмай төбелес басталды. Халық сахнаға жүгірді. Аудандық соттың туфлиін залда отырған бір көрермен іліп әкетті. Қысқасы, туфли жалағыштар көбейіп кетті. Жарыс аяғына дейін өтпей қалды. Сайысқа қатысушылар бұл туралы тиісті жерге шағым түсірді. Мәдениет үйінің директоры көркемдік жетекшіні тағы шақырып алды:
– Әй, сен көркемдік жетекші емес, көргенсіз жетекші екенсің, – деді.
– Неге олай дейсіз?
– Туфлиден басқа жалайтын ештеңе таба алмадың ба? Бүйткен сайысың құрысын, кет, жоғал!..
– Басеке, басы жақсы басталып еді, бұлай боларын кім білген? – деп ол баяғы әдетінше өзіне шаң жуытпай тұр. Директор ертеңін ойлап қобалжып отыр.
Әлде біздің қоғамда осындай жалағыштар көп пе?..
Н.ЖҰБАТҚАН