Келер жыл «Әділетті Қазақстанда» еңбек қауіпсіздігін қам­тамасыз етуде әділдік орнатудың бетбұрыс кезеңіне айналуға тиіс. Бұған кедергі келтірген ескі заңнама жаңартылуы қажет. Еңбекмині тиісті заң жобасын әзірледі.
Еңбеккерді қорғау – елдікті қолдау
353
оқылды

Оған бизнес қоғамдастық тарапынан қуатты қарсылық байқалады. Бірақ жаңа заң аса қажет. Қазақстанда зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтіндердің үлесі 29%-ға жетті. Дамыған елдерде 4%-дан аспайды. Озық елдер көрсеткішіне жету – асу бермес асқақ арман. Заң жобасы ең құрыса «залалды» үлесті азайтуға ықпал етер ме еді.

Қазақстан «мүгедектер еліне» айналмай ма?

Ата заңымыздың 24-бабында: «Әр­кімнің қауіпсіздік пен тазалық талапта­рына сай еңбек ету жағдайына құқығы бар» деп қатаң бекітілген. Еңбек ми­нистрлігі сарапшыларының пайымда­уынша, елде жұмыскерлердің еңбек қыз­метін орындауы кезінде қауіпсіз ең­бек жағдайларына деген құқығы сақтала бермейді. Жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп жыл өткен сайын өршіп барады.

Салдарынан ешқандай соғыссыз-ақ, бейбіт заманда Қазақстан әлемде жан басына шаққанда мүгедектері ең көп елдердің қатарына қосылды. Еңбек­ми­ніне қарасты «Мүгедектігі бар адамдарды әлеу­­меттік қорғау» ресми ақпараттық пор­талы­ның дерегінше, 20 миллионнан сәл асатын халқы ғана бар Қазақстанда 2024 жылғы 11 желтоқсандағы жағдай бо­йынша 736 414 мүгедек тіркелген. Оның 295 909-ы – ауылда, 440 505-і қала­да тұрады. 

Ең көп кемтар жан Түркістан облы­сында (100 236 адам), Алматы қаласында (59 964 адам) және индустриалды Қара­ғанды облысында (55 960 адам) тұрады. 

Жарымжан жағдайға жеткендердің 326 527-сі – әйелдер, 409 887-сі – ерлер. Мүмкіндігі шектеулі қазақстандықтар ара­сында 16 жасқа дейінгі балалардың са­ны – 3 800 бала. 16-дан 18-ге дейінгі ба­лалар арасында І санаттағы мүгедектер – 11 517 бала, ІІ санаттағысы – 26 856 бала, ІІІ-санаттағысы – 39 416 бала. 

Бұл ретте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің «Кейбір заңна­малық актілерге қаржы ұйымдарының қызметін реттеу және қаржылық көр­се­тілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» консультативтік құжатында Қазақ­станда әртүрлі санаттағы мүгедектігі бар адамдардың саны 2023 жылғы 1 сәуірде 955,4 мың адамға жеткені жазылған. 

«Бұл тек ресми сан. Бұған қоса, қа­зақстандықтардың белгілі бір бөлігі шын мәнінде мүгедек бола тұра, түрлі себеп­термен «мүгедек» мәртебесін ала алмаған. Оларды да халықтың жүріп-тұруы шек­теулі (маломобильные) және осал топта­рына жатқызуға болады», – деп атап өтті қаржылық реттеуші өз құжатында. 

Бұлай бара берсе, қазақ елі айдың-күннің аманында «мүгедектер еліне» ай­налып кетуі мүмкін. Бұған тосқауыл қою үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев 2023 жылғы 25 сәуірде Үкі­метке еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұз­ғаны үшін әкімшілік санкцияларды қатайтуды жүктеді. Ол №22-246 тапсырма болып тіркелді. Алайда Президенттің өзі қойған міндетті шенеуніктер содан бері орындамай, созбалаңға салып келеді. 

Бизнес басынды, шенділер тосылды

Мемлекет басшысының тапсырма­сын жүзеге асыру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заңының жо­басын дайындады. 

Құжат кәсіпкерлік субъектілерінің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Еңбек ведомствосының түсіндіруінше, заң жобасының басты бір жаңалығы сол, ол әкімшілік ықпал ету шарасы ретінде «ескертуді» алып тастайды. Себебі жұ­мысшыларының қауіпсіз еңбекке деген конституциялық құқығын аяусыз аяққа таптап жатқан алпауыт компаниялар білікті заңгерлері тобының көмегімен, үнемі «ескертумен» құтылып жүр. 

Бұдан бөлек, заңжобада жұмыс бе­рушілердің еңбек заңнамасында белгі­ленген «өндірістік объектілерін еңбек жағдайларының жай-күйі бойынша аттес­таттаудан өткізу» жөніндегі заң та­лап­тарын бұзғаны үшін айыппұлдар мөлшерін ұлғайту ұсынылды.

– Бұл өзгерістер еңбек жағдайла­ры­ның жай-күйі бойынша өндірістік объек­тілерді аттестаттауды жүргізу жөніндегі заңнама талаптарын орындамайтын және бұзатын жұмыс берушілерге, кә­сіпкерлік субъектілеріне бағытталған. Заң жобасында бұл үшін шағын кәсіп­керлік субъектілерінің немесе коммер­циялық емес ұйымдардың лауазымды тұлғаларына – 150, орта кәсіпкерлік субъек­тілеріне – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 700 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу ұсынылады, – деп түсіндірген еді таяуда Еңбекминінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің Еңбекті қорғау басқармасының мамандары. 

Бұл жағдайда айыппұл сомасы 2025 жылы тиісінше, бизнестің шағынына – 589 800 теңгені, орташасына – 786 400 тең­гені, ірісіне 2 752 400 теңгені құрауға тиіс болатын. Министрліктің түсінік­те­ме­сінде бұл айыппұлдардың бизнеске салмақ түсірмейтіні айтылды: «Бизнестің шығын­дары жоқ, өйткені олар бұзушы­лықтарды болдырмайды және еңбек заңнамасы талаптарын қатаң сақтайды деп көзделеді». 

Алайда «Атамекен» бастап, барлық бизнес қауымдастық қарсы үдере көте­рілген соң Еңбекминінің шенеуніктері кері шегінгені белгілі болды. Заң жо­ба­сының жаңа нұсқасында: «Жұмыс беру­шінің ҚР еңбек заңнамасында белгі­лен­ген өндірістік объектілерді еңбек жағ­­дай­ларының жай-күйі бойынша аттес­таттауды жүргізу жөніндегі заңнама та­лаптарын бұзуы – шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 35, iрi кәсiпкерлiк субъек­тiлерiне 50 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады», – делінген. Яғни, Әкімшілік құқық бұзушылық ко­дексінің қолданыстағы 94-бабында он­сыз да бар айыппұл көлемі сол күйі қал­мақ. Тек ондағы «ескерту» түріндегі жа­засымақ алып тасталады.

Жұмыскердің құқығын бұзатындарға қатал қарайтын әрі қуатты кәсіподақтары бар Батыс елдерін айтпағанның өзінде, мысалы, одақтас Беларусьте еңбек жағ­дайлары бойынша жұмыс орындарын аттестаттауды белгіленген мерзімде өт­кіз­беген жұмыс берушілерге бірден 100 ба­залық шама (базовая величина) көле­мінде айыппұл салынады. 2025 жылы бұл 4 200 беларусь рубліне немесе 655 200 теңгеге тең болады (1 БР/рублі 155,55 тең­ге). Еңбеккерді қорғауда Қазақстан Беларусьтен да артта қалып тұр. 

Қорғансыз жұмысшы қорғауға зәру

Бизнес өзіне шаң жуытқысы келмей­ді, шенеуніктер болса, оларға қарсы тегеурін-қауқар таныта алмай тұр. Мы­салы, «Атамекен» ұлттық палатасының өкілі Х.Шаймерденова жауапкершілікті күшейтуге, соның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 87-бабына 5 және 6-пункттерді енгізуге неге келіс­пейтіндерін түсіндірді. Өйткені оның айтуынша, еңбек міндеттемелерін орын­дау кезінде жұмысшының өміріне немесе денсаулығына зиян келсе, сол үшін өтемақы өндірту мәселесі тек сот арқылы шешілуге тиіс. Шенеуніктер оған аралас­пасын дегенге келтірді.

– Біз де заңнаманың, соның ішінде кодекстің 87-бабының бұлайша өзгеруіне келіспейміз. Еңбек міндеттемелерін орын­даумен байланысты жұмысшының өмірі мен денсаулығына келтірілген залалды өтеу мәселесі азаматтық құқық қатынастарына жатады және әкімшілік өндіріске таралмайды. Сондай-ақ бұл мәселе еңбек дауына да жатпайды, сондықтан оны келісім комиссиясының қарауына да шығаруға болмайды, – деді «Қазақмыс» корпорациясының өкілі М.Аджарова. 

Қысқасы, зардап шеккен жұмыс­шыны қорғаймын деп, мемлекеттік еңбек инспекторларының араша түскенін жұмыс берушілер қаламайды. Салдары­нан денсаулығынан айырылған, мүгедек болып қалған қарапайым жұмысшылар, сондай-ақ қаза тапқандарының жесірлері алпауыт компаниялармен соттасуда, арпалыста ары қарай жалғыз қалғалы тұр. Мұнда енді Парламент депутаттары әділ­дік орнатады деген соңғы үміт қалып тұр. 

Еңбекминінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта кәсіпкерлер, жұмыс берушілер еңбекті қорғау және қауіпсіз еңбек шарттарын қамтамасыз ету міндеттерін лайықты орындамайды. Бұл проблема жыл сайын ушығып барады. Соның кесі­рінен өндірістік жарақаттардың, кәсіби аурулардың және өндірістегі апаттардың туындауының қаупі артып, зиянды және қауіпті жұмыс орын­да­рының саны кө­бейе түсіпті. Ал, аттес­тат­тауды жүргізу талаптарын бұзу өн­дірістік тәуекелдерді басқару жүйесіне нұқсан келтіріп жатыр. 

– Астана абаттанып жатыр ғой. Кө­шемен келе жатсам, бір жұмысшы жігіт болгаркамен бұрқыратып бордюр кесіп жатты. Айналасы ақ шаңға көміл­ген. Аяп кетіп: «Айналайын, наушнигің, қорға­ныш көзілдірігің, респираторың қайда? Көзден, өкпеден не қалады енді?» – дей­мін. «Жұмыс берушіміз ештеңе бер­мей­ді», – деді ол. Қалтамда пандемия кезінен жатқан маска бар болатын, амалсыз соны беріп кеттім, – дейді елорда тұрғыны Диас Сабырхан. 

Дұрысы, жұмыс берушісі мен кәсіп­одақтар еңбекті қорғау заңнамасының бұлайша аяқасты болуына жол бермеуге тиіс еді. Елдің көз алдында осындай бы­лық болып жатқанда, жабық зауыт-кә­сіп­орындарда, кеніштерде бұдан өткен сорақы істер орын алмайтынына еш кепіл жоқ.

Ұлттық статистика бюросының дере­гінше, Қазақстанда зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыспен қамтыл­ғандар санының үлес салмағы қызметкер­лердің жалпы санының 29%-ын құрады. Сонымен қатар әлемде зиянды еңбек жағдайында жұмыспен қамтушылықты бағалау үшін WAHJ (workers in arduous or hazardous jobs) индикаторы қолданылады. Бұл көрсеткіш Еуропа елдерінде жалпы жұмыс күшінің 1% және 4%-ы диапа­зо­нында ғана құбылады. 

Қазақстанда бұрынғы билік тұсында «Дені сау ұлт» жобасы жүзеге асырылды. Бертінде, ел Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №725 қаулысымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы бекітілген еді. Алайда Үкімет оны 2023 жылғы 22 қыркүйектегі №828 қаулысымен жоя салды. Егер өндірісте, жалпы барлық жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігі сақталмаса, тиісті еңбек шарттары қамтамасыз етілмесе, Қазақстанда дені сау ұлт қалмауы мүмкін. Ендеше еңбеккерді қорғау – елдікті, ел ертеңін қолдау болмақ.

Еңбек инспекторлары бұл тұрғыда заң талаптарын өрескел бұзған жұмыс берушілер ескертумен құтылып кететінін айтады. Салдарынан 2019 жылы – 12, 2020 жылы – 9, 2021 жылы – 17, 2022 жылы – 49, 2023 жылы – 48 жұмыс беруші ғана әкімшілік жазаға тартылыпты. Келесі жылы ел Парламенті сарапшылармен бірге жүгенсіз кеткен жұмыс берушілерді жөнге келтіретін пәрменді заң қабылдаса құба-құп.

Айхан ШӘРІП