Салдарынан он бір жасар спортшы иығынан жарақат алды.
Шығыс Қазақстан облысында аспалы жолдың тросы үзіліп кетті
Ашық дереккөз
479
оқылды

Шығыс Қазақстан облысындағы «Алтай Альпі» демалыс орталығында сенбі күні жаттығу кезінде аспалы жолдың тросы үзіліп кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылды. Келген дәрігерлер жасөспірім жарақатының ауыр емес екенін анықтаған. Дегенмен зардап шеккен 2013 жылы туған қыз толық тексеруден өту үшін Өскемендегі Ана мен бала орталығына жеткізілді.

Мамандар “Алтай Альпінде” аспалы жолдың үзілуінің себебін анықтап жатыр, базаға құқық қорғау органдарының, спорт бөлімінің өкілдері және Глубоковский ауданының әкімі Эльдар Тумашинов келді.

Құрылған комиссия оқиғаның себептерін жан-жақты тексермек. Бұл мәселе облыс басшысының бақылауына алынды.

Ал «Алтай Альпі» демалыс орталығының әкімшілігі аспалы жолдардың біріндегі трос үзілгені туралы ақпаратты шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді.

«Бүгін, 14 желтоқсанда бірінші арқанды жолда трос ақауы тіркелді. Бұл шаңғышылар мен сноубордшылардың тросты бағыттаушы элементтерден тартып алуынан, шаңғышылардың көтерілу траекториясын сақтамауынан болды. Арқан жолдың көтерілу траекториясын тек шаңғышы немесе сноубордшы өзі реттей алатынын ескерген жөн», – делінген түсініктемеде.

База әкімшілігі аспалы жолдардың қалыпты жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Бірақ тексеру кезінде бірінші арқан жол уақытша тоқтатылды.