Бұл өзгеріс «Бурабай» ұлттық паркінің биосферасын сақтау, туристерге барынша қолайлы жағдай жасау үшін қолға алынып отыр.
«Бурабай» ұлттық паркіне кіру тәртібі өзгерді
530
оқылды

Биыл Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге орай, еліміздегі өзге де табиғи парктермен қатар, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркіне кіру тәртібі де өзгеріп, жаңа тариф енгізілді.

Ұлттық парк аумағында және оған іргелес орналасқан жерлерде тұратын елді мекендердің халқына тиімді болу жағы да да ескерілгенін атап өткен жөн.

– Бұрын Ұлттық парктерге келгені үшін алынатын төлемақы республикалық бюджетке түссе, Салық кодексіне өзгеріс енуіне байланысты енді ол қаражат Ұлттық парктердің есебінде болады. Бурабай – еліміздегі халық ең көп келетін Ұлттық парк. Биыл келген туристер саны 1 миллионнан асты, жыл санап бұл көрсеткіш өсіп келе жатыр. Әрине, туристер көп болған сайын жергілікті табиғатқа да үлкен салмақ түседі. Қоқыс көбейеді, топырақ эрозияға ұшырайды, тау-тастар бүлінеді. Өрт қаупі күшейеді. Жұмыс күшін көбейтуге тура келеді. Оның барлығы қосымша шығынды қажет етеді, – дейді «Бурабай» МҰТП директорының орынбасары Венера Нұғманова. 

Қазіргі таңда «Бурабай» паркіне кіретін тұстарда автоматтандырылған 5 өткізу-бақылау бекеті жұмыс істеп тұр. Төлемді Kaspi және Halyk Bank QR-кодтары арқылы жасауға болады. Сонымен қатар, төлем терминалдары орналастыруда. 

– «Бурабай» ұлттық паркінің аумағында тұратын, сондай-ақ ұлттық паркпен іргелес елді мекендердің 26,5 мың халқына өту тегін. Ешқандай төлемақы алынбайды. Яғни, жергілікті халықтың мүддесі ескерілді. Туристердің келгені жақсы, әрине. Бірақ осы жерде өмір сүріп жатқан адамдардың жағдайын ойлау керек, – дейді Венера Нұғманова. 

Спикер атап өткендей, «Бурабайда» экожүйені қорғауға бағытталған арнайы табиғат қорғау режимі бар. Орманды өрттен қорғау, жаңа көшет отырғызу, аң-құстар мен балықтарды қорғау, оларға қысқы азық-түлік әзірлеу, қоршаған ортаға мониторинг жүргізу, биоқалдықтарды тазалау сияқты жұмыстар жыл бойы жүреді. 2017 жылы енгізілген тариф 7 жылдан бері алғаш рет өзгертіліп отырғанын айта кеткен жөн.