Мектеп басшысының тарапынан қаржының жұмсалуына тиісті қадағалау жүргізілмеген.
Атырау облысында спорт мектебінің бас есепшісі 55,3 миллион теңгені заңсыз аударған
Halyq Uni
1,040
оқылды

Атырау облысының Құлсары қаласындағы спорт мектебінің бас есепшісі бірнеше жыл бойы 55,3 млн теңгені заңсыз аударғаны анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Атырау облыстық Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Зоя Сапарованың айтуына қарағанда, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне аудиторлық іс-шара жүргізілген. 

– Аудиттің нәтижесінде жалпы сомасы 55 млн 354,7 мың теңгенің қаржылық бұзушылығы анықталды. Мектеп басшысының тарапынан қаржының жұмсалуына тиісті қадағалау жүргізілмеген. Әсіресе, мектептің банктік есепшоты арқылы жүргізілген операциялардың дұрыстығы қамтамасыз етілмеген. Мекеменің бас есепшісі 2020-2024 жылдары аралығында еңбекақы, іссапарға шығу, еңбек демалысы және сауықтыру қаржысын төлеуге бұйрықтар рәсімделмесе де, негізсіз аударып жіберген, – деп мәлім етті Зоя Сапарова.

Оның айтуына қарағанда, анықталған бұзушылықтарға байланысты бас есепшіге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Сот заңсыз аударылған қаржыны қайтаруды міндеттеген шешім шығарған.