Жалпы Сыр өңірінде соңғы жылдары көптеген ауқымды жұмыстар жемісін беріп келеді.
Тәуелсіздік күніне орай сырбойылық 504 отбасы қоныстойын тойлады
667
оқылды

Сыр өңірінде Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Рәсімге өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, жауапты сала басшылары, еңбек ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты. 

Салтанатты іс-шарада Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға жеті қабатты 84 пәтерлік 6  жаңа тұрғын үйдің кілтін табыстады. Аймақ басшысы өз кезегінде жаңа пәтерге қоныстанушыларды құттықтап, өңірдің құрылыс саласының жетістіктеріне тоқталды.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «Елімізде бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеу қажет. Негізгі қағидат – тұрғындар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру» деген болатын. Мемлекет басшысының қолдауымен ұлттық жобалар аясында соңғы 2 жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. Жыл басынан бері 1500-ден астам отбасы қоныс тойын тойлады. Биыл мемлекеттік бюджеттен бөлінген 34 млрд. 100 млн. теңгеге 2,5 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі. Осылайша тұрғын үй құрылысының көлемі 126 пайызға өсті. Мемлекет басшысының қолдауымен аймағымыз бүгінде қарқынды құрылыс алаңына, өркенді өзгерістердің ордасына айналды. Өткен  жылдан бері қаламызда жеті, тоғыз, он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Бүгін өздеріңізбен бірге тағы 500-ден астам  отбасының қуанышын еселеп, баспана бақытына кенелгеніне куә боламыз! Шаңырақтарыңыз жылулық пен мейірімге, балалардың шат күлкісіне толсын!» – деді Н.Нәлібаев.

Жалпы Сыр өңірінде соңғы жылдары көптеген ауқымды жұмыстар жемісін беріп келеді. Соның негізінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін байқалады.

Қазіргі таңда Қызылорла облысы республика бойынша алдыңғы қатарға тұрақтап тұр. Атап айтқанда,  екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд. теңгені құраса, бүгінде екі есе артып, 750 млрд. теңгеге жетті. Бұл ауқымды қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалып жатыр.

Қазіргі таңда тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында 38 жоба қолға алынып отыр. Осы арқылы  тозған электр желілерін 66 пайыздан 62 пайызға төмендету көзделген. Сонымен қатар елді мекендерді газдандыру бойынша 30 млрд 500 млн теңгенің 20 жобасы жүзеге асырылып, жыл соңына дейін өңірді газбен қамту көрсеткішін 78 пайызға жеикізу жоспарда тұр.

Сол сияқты тұрғындарды орталықтандырылған ауыз сумен қамтуға бағытталған 5 млрд. 300 млн. теңгенің 13 жобасы қолға алынса, құны 43 млрд. 300 млн. теңгеге 300 шақырымнан астам автомобиль жолдары жөндеуден өтуде. Нәтижесінде облыс аумағындағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 92 пайызға жеткізу көзделіп отыр. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.