Айтуынша, іспен арнайы танысу үшін Алматы облысына барған.
170-тен астам куәгерден жауап алынып, 40-қа жуық сараптама тағайындалған: заңгер Шерзат Полат ісі туралы айтты
Фото: әлеуметтік желіден
4,809
оқылды
Белгілі заңгер, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Шерзат Полат пен оның отбасы мүшелерінің ісіне қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.
 
Айтуынша, іспен арнайы танысу үшін Алматы облысына барған.
"Соңғы күндері Талғардағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты қоғамда қызу талқылау жүріп жатқаны белгілі.
Әлеуметтік желілерде әртүрлі ақпараттардың таралуына байланысты, көп жағдайда тексерілмеген, эмоцияға толы жазбалар мен бейнеүндеулерге назар аударылуда.
Осыған байланысты әріптесім, депутат, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақпен бірге болған оқиғаның мән-жайымен жете танысу үшін арнайы Алматы облысына бардық.
Істің барысын зерделеу мақсатында Алматы облысының прокуроры Берік Абызбайұлымен, Облыстың Полиция департаментінің басшысы Мейрам Жұмкенұлымен жолықтық.
Мен, заңгер ретінде, бұл ауыр жағдайларды құқықтық тұрғыда қарастырудың маңыздылығын атап өткім келеді. Мұндай істерде қоғам тарапынан жасалған қысым тергеу амалдарының объективті әрі жан-жақты жүргізілуіне кері әсерін тигізуі мүмкін", – дейді ол.
Прокуратураның ресми ақпаратына сәйкес, қасақана кісі өлтіру күдігімен 11 адам адам ұсталғаны белгілі. Қазіргі таңда тиісті тергеу амалдары жүргізілуде. Осы іс бойынша 170-тен астам куәгерлерден жауап алынып, 40 жуық сараптама тағайындалып, жан-жақты тергеліп жатыр.
"Сонымен қатар, Шерзат Полаттың ағасы Н. Ғайыпбаевтың өлімі де Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің бақылауында екенін атап өткен жөн. Ол бойынша сот-медициналық сараптамалар жүргізілуде.
Қылмыстық істің қоғамдық маңыздылығына байланысты, мен тергеу барысымен танысып, заңгер ретінде мән-жайды нақты анықтау үшін жұмыс істеп жатырмын. Бұл істің әділ әрі ашық қаралуына ықпал ету – басты мақсатымыз.
Алғашқы нәтижелерге келсек, облыс прокуроры Берік Абызбайұлымен кездесу барысында тергеу амалдарының барынша заң аясында және тиянақты жүргізілуін талқыладық.
Облыстық прокуратура бұл істің құқықтық және әділдік принциптеріне сай қаралатынын мәлімдеп, бізге уәде берді.
Алдағы уақытта тергеу барысы мен ресми ақпараттар туралы қоғаммен үнемі бөлісіп отыратын боламын. Қазіргі таңда кез келген расталмаған ақпараттан аулақ болуға және ресми дереккөздерге сүйенуге шақырамын", – деп жазды заңгер.
 
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.