Бүгін "AMANAT" партиясы жанындағы Экологиялық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынды Экологиялық кеңестің төрағасы, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бауыржан Смағұлов жүргізе отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды және реттеуді жетілдіру туралы мәселелер талқыланды.
Кәсіпорындар жылына 2 миллионнан астам зиянды зат шығарады
342
оқылды

Экологиялық кеңестің төраға орынбасары Елдос Абақановтың айтуынша, экологиялық кеңес бір жыл ішінде экологиялық бағытта көп мәселені көтерген. Оның ішінде биоалуандық мәселесі, су мәселесі бар.

– Әсіресе, аймақтардағы экологиялық жағдайдың ахуалы өзі күрделі мәселе. Ал еліміздің көптеген аймақтары, әдетте өндірісті қалаларда проблема қордаланып отыр. Атап айтсақ, ауаның ластануы, қалдықтардың шығарылуы, су мәселесі. Сол тараптан алсақ, экологиялық реттеу саясаты 2021 жылы жаңа Экологиялық кодексте қабылданғаннан күшейтілген. Осының аясында экологияның негізгі акцент ірі кәсіпорындарға қойылды. Яғни, олардың қоршаған ортаға тиіп жатқан залалын төмендетуге қатысты жаңа құрылғылар мен тәсілдер енгізу ойластырылды. Осы жұмыстың барысында ірі кәсіпорындарға жаңа кешендік рұқсатнамаға көшу бойынша мақсаттар мен талаптар бекітілген болатын. Соның барысында Экология министрлігі тарапынан көлемді жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгін сол істердің қаншалықты тиімділігі талқыланып, талданады. Экологиялық реттеу бойынша қандай мәселелер бары қарастылады. Өйткені біз әрдайым экологиялық заңбұзушылықты анықтағанда экологиялық инспекцияның дерегіне сүйенуіміз керек. Десе де, экологиялық лабораторияларының қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқаны, олардың құрылғыларының жабдықталуы бір төбе. Осының бәрін егжей-тегжейлі талқыға саламыз,  – дейді Елдос Абақанов.

Оның айтуынша, Алматы қаласының статусына қатысты заңға өзгеріс енгізілген. Соған қарай биылдан бастап қала ішіндегі экологиялық реттеу құзыры әкімшілікке көбірек берілген. Қала әкішілігі жаңа механизмді қалай іске асырылатыны жөнінде айтылды. «Еліміздегі өндірістік кәсіпорындар қоршаған ортаға жылына 2 миллионнан астам зиянды заттар шығарылып жатыр. Соған байланысты өндірісті қалалардағы экология мәселесін басты назарға алуымыз керек. Ол үшін кәсіпорындармен жұмыс істеп, олардың өндірістік бақылауларын жіті қарап, талабын күшейтуіміз тиіс»,  деп санайды Экологиялық кеңестің төраға орынбасары.

– Қазақстандағы негізгі экологиялық проблемалар – атмосфералық ауаның, су ресурстарының ластануы және қалдықтардың пайда болуы. 2024 жылдың 10 айында шығарындылар көлемі 3,1 млн тоннаға жеткен. Былтырғы жылдың дәл сол кезеңімен салыстырғанда 3,2  пайызға түскен. Шығарындылар лимитінің ең үлкен төмендеуі НКОК, Qarmet, «Астана энергиясы» компаниясы және  Kazakhmys Smelting  компаниясының Балқаш мыс балқыту зауытында байқалған. Бұл ретте нақты эмиссиялар әдетте нормативтерден орта есеппен 2 есе төмен екенін атап өткен жөн. Бизнесті эмиссиялар нормативтерін төмендетуге ынталандыру мақсатында экологиялық рұқсаттарда белгіленген лимиттер бойынша эмиссиялар үшін экологиялық төлемдерді жүзеге асыруды ұсынамыз. Осыған байланысты салық заңнамасына өзгерістер енгізуді қолдауыңызды сұраймыз, – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов.

Оның дерегінше, экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында инспекциялық қызметі 2024 жылдың 10 айында 891 тексеріс жүргізген. Нәтижесінде, 2 367 бұзушылық анықталып, 1 437 ұйғарым беріліп, 71 млрд теңгеге 1 949 айыппұл салынды.

– Экологиялық жағдайды жақсарту үшін ірі кәсіпорындар жыл сайын табиғатты қорғау іс-шараларының жоспарларын әзірлейді. Соның шеңберінде «Қазцинк» компаниясының барлық 4 күкірт қышқылды цехын 2025 жылға дейін реконструкциялау жүреді. Бұл дегеніміз – күкірт диоксиді шығарындыларының көлемін 20 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Ал Жезқазған және Балқаш қалаларында  Kazakhmys Smelting компаниясының металлургиялық комбинаттарында күкірт қышқылы цехын іске қосу есебінен 2025 жылдың соңына дейін шығарындыны 50 пайызға азайтпақ. ERG компаниялар тобы 2031 жылға дейін қатты бөлшектер шығарындыларын 56 пайызға, төгінділерді 30 пайызға, су тұтыну көлемін 33 пайызға төмендету қолға алмақ, – дейді Ерболат Қожықов.

Отырысқа Президент Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық саясат бөлімінің сарапшысы Жансая Ахметова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің мүшесі Сергей Пономарев, «Электро энергетикасын дамыту және энергия көздерін үнемдеу институты» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов қатысты. Сонымен қатар  кеңес отырысына Экология министрлігінен бөлек, аймақтағы әкімшіліктердің өкілдері де шақырылды.