Кәсіпкер дәл осындай шағын зауытты Астана, Көкшетау, Павлодар, Орал қалалары мен Абай облысында ашуды жоспарлап отыр.
Солтүстік Қазақстанда тері өңдейтін зауыт салынады
688
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысында жылқы мен ірі қара терісін өңдейтін зауыт салынады. Жоба құны 850 млн теңге,  деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап.

Кәсіпкер шикізатты кәдеге жарату арқылы малға берілетін жоғары ақуызды қоспа шығарады. Әзірге ол бұл ісін шағын өндірісте жүргізіп жатыр. 

Бұл Қазақстандағы төрт түлік терісін терең өңдейтін жалғыз кәсіпорын. Бір жыл бұрын іске қосылған шағын өндірісте тәулігіне 15 тонна шикізат өңделіп, мал азығына қосылатын жоғары ақуызды протеин шығарылады.  

 Айына 200 тонна өнім өндіріледі. Тері қайта өңделіп құрғатылады. Кейін қондырғыда уатылып, ұн тәрізді протеин шығарылады. Кәсіпорында екі ауысымда 25 адам жұмыс істейді,  дейді өндіріс бастығы Виталий Фурс.

Бұл жобаға ғылыми қордан 350 млн теңге грант бөлінді. Малға, құсқа, балыққа берілетін қоспа салмақ қосуға оң әсер етеді. Қазір табиғи таза өнімге Германия, Финляндия, Польша, Қытай, Ресей, Беларусь елдерінен тапсырыстар түсіп жатыр. Сондықтан кәсіпкер Бескөл ауылында ірі тері өңдеу зауытын салуды ойлап жүр.

–  2025 жылы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2,5 пайызбен несие алып, зауыт салуды жоспарлап отырмыз. Онда барлық малдың терісі терең өңделеді. Сонымен қатар қойдың жүні мен құстың мамығын да кәдеге жаратамыз,  деді тері өңдеу зауытының директоры Асылбек Әйкенов.

Елімізде тері өңдеу саласының кенже қалғаны жасырын емес. Ал шикізат жетіп артылады. Бұл ретте кәсіпкер дәл осындай шағын зауытты Астана, Көкшетау, Павлодар, Орал қалалары мен Абай облысында ашуды жоспарлап отыр.