Премьер-Министр Олжас Бектенов Dalian Hesheng Holdings Group Co., Ltd. компаниялар тобының басқарма төрағасының орынбасары Ма Хуньхан бастаған қытай делегациясымен кездесу өткізді.
Өндірісті дамыту перспективасын бағалады
217
оқылды

Агроөнеркәсіп кешені саласындағы инвестициялық ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ көмір химиясы мен машина жасау салаларындағы өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды.

Қытайлық көпсалалы Dalian Hesheng Holdings компаниясы бидайды өңдеу және ашыту саласындағы технологиялық патенттің иегері саналады және озық цифрлық технологияларды пайдаланады. Ақмола облысында бидайды тереңдете өңдеу бойынша тігінен кіріктірілген өнеркәсіптік парк құрылысының жаңа инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде инвестиция көлемі 500-800 млн долларды құраса, жобаны іске асырудың екінші және үшінші кезеңдері тағы 1 млрд дол­ларға бағалануда. Алғашқы кезеңде қайта өңдеу қуаты жылына 3 млн тоннаға дейін өсу перспективасымен 1 млн тоннаны құрайды. 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. 

Жобада көмір жылу электр стансасы мен көмір химиясы кешенінің құрылысы да қарастырылған. Көмірді қайта өңдеу нәтижесінде жылына 150-400 мың тонна сұйық аммиак алынады деп күтілуде.

Жалпы, жаңа агрожобаны іске асыру мультипликативті әсер береді, ауыл шаруашылығын жаңғыртуға ықпал етеді, сондай-ақ логистика және сауда секілді еншілес салалардың дамуына серпін береді.

Премьер-Министр астық жинауда рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізуді ескере отырып, бидайды қайта өңдеуді белсенді түрде арттырудың маңызды екеніне тоқталды.

«Қазақстан – аграрлық секторы дамыған ел. Біз қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыруға ұмтыламыз. Бұл – біздің еліміз үшін басым бағыт. Үкімет өндірісті ло­ка­лизациялауға және озық технологияларды трансферттеуге бағытталған», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Dalian Hesheng қытайлық компаниялар тобы басқарма төрағасының орынбасары Ма Хуньхан өз кезегінде Қазақстандағы ынтымақтастық пен өндірісті дамыту перс­пек­тиваларын жоғары бағалады. Қолайлы іскерлік ахуал және бизнесті жүргізуге жасалған жағдай атап өтілді. Ма Хуньхан зауыттың құрылысын 2025 жылдың екінші тоқсанына жоспарланып отырғанын айтты.

Сондай-ақ кездесу барысында Dalian Hesheng Holdings Group компаниясының аграрлық бағыт жөніндегі басқарма төрағасы Юй Юфэй, бидай биоферментациясының бірегей технологиясын әзірлеуші және саладағы озық шешімдердің авторы, аға инженер Шу Сонгпо сөз сөйледі.

Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-Министр мүдделі мемлекеттік органдарға қысқа мерзімде қытайлық әріптестермен инвестициялық келісім жасау бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.