«ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының құрылғанына 25 жыл толып отыр.
Лизинг – агросаланың тынысын ашқан тетік
160
оқылды

Ауыл шаруашылығы саласына жаңа леп боп қосылған лизинг механизмін жүзеге асыратын компанияның осынау мерейлі белесі елімізде аталмыш қаржы құралының іске қосылғанына да ширек ғасыр толғанын білдірсе керек. Ендеше қаржы ұйымының қалыптасу, даму жолындағы белестерінің ішінде биылғы жылдың да алар орны ерекше.

25 жыл және 5 пайыз

2024 жыл тек «ҚазАгроҚаржы» ұйымы үшін ғана емес, еліміздің бүкіл агро­өнер­кәсіптік кешені үшін де маңызды болды деуге болады. Өйткені компания төмен пайызбен жылдық 5% жеңілдікті лизинг бағдарламасын іске қосты. Бұрын-соңды мұндай мөлшерлеме ауыл шаруашы­лығы саласында болған емес.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы­ның тапсырмасын орындау мақсатында 2021 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ «Бәй­терек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымдарының құрамына кірген болатын. Осы ретте компаниялардың басшылығын әңгімеге тартудың сәті түскен еді. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев Президенттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу міндеті қалай орындалып жатқанын айтып берді.

– Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу мәселесі –холдингтің маң­ызды стратегиялық басымдықтарының бірі. Мемлекеттің ауыл шаруашылығы тауар­ларын өндірушілерді қолдау міндеттерін филиал желісі кең әрі лизинг бойынша көп­­жылдық тәжірибесі бар «ҚазАгроҚаржы» іске асырады. 2023 жылы холдингтің сала­лық даму институттарының ауыл шаруашы­лы­ғын қаржыландыру үлесі 63% болды. Қа­з­ақстан Үкіметінің қолдауымен компания жоғары деңгейге жетті. 2024 жылы «ҚазАгро­Қаржы» лизинг тарихында болмаған мөл­­шер­­­лемемен, яғни 5%-бен жеңілдетілген лиз­инг бағдар­ламасын іске қосты, – дейді ол.

Тағы бір маңызды тұс, «ҚазАгроҚаржы» желісі бойынша биыл жеңілдетілген лиз­инг­ке рекордтық 120 млрд теңге бөлінген (!). Бұл көрсеткіштер 2023 жылы – 45 млрд, 2022 жылы  40 млрд болған. Бүгінде 3,9 мың техникаға 108,8 млрд теңге сомасына шарт­тар жасалыпты. Басқарушы директор­дан соңғы жылдары ауыл шаруашылығы тех­никасын лизингке алу нарығы қалай өз­гергенін сұраған едік.

– Ауыл шаруашылығы – бұл өте тәуе­келді бизнес. Ондағы ұзақ өндірістік цикл­дер коммерциялық банктер үшін қолайсыз. Бұл тұста фермерлер үшін өте тиімді құрал – лизинг. Оның шарттары анағұрлым ыңғайлы. Мысалы, кепілдік қажет емес, өйткені ли­зинг нысанасы кепіл­дік болады, қарызды өтеу кестесін жасағанда маусымдылық ес­керіледі, яғни негізгі қарыз жылына бір рет, егін жинаған­нан кейін төленеді. Қаржы­ландыру мерзімі ұзақ, өйткені ауыл шаруа­шы­лығындағы бизнестің өндірістік циклдары ұзақ. Салық­тық жеңілдіктер бар, – деді ол. 

1,4 триллион теңге қаржы құйылды

Қазақстанда лизинг қызметінің нарығы 2000 жылдары, «ҚазАгроҚаржы» ком­паниясы құрылған сәттен бастап дами бастады. Сол жылдары елімізде бар-жоғы 5 лизинг ком­паниясы жұмыс істесе, қазір олардың саны 66-ға жетті. Осы ретте «Қаз­АгроҚаржы» АҚ­ басқарма төрағасы Айдар Прашевтен өзі басқаратын ұйымның 25 жылда жүріп өткен жолына қандай баға беретінін сұраған едік.

– Қазір компания ұсынатын лизинг шарттары барынша қолжетімді. Осы уақыт ішінде 1,4 триллион теңге сомасына 86 мың бірліктен астам техника қаржылан­дырыл­ып, лизингке берілді.

Бұған дейін ҚазАгроҚаржы, 2006-2017 жылдар аралығында инвестициялық жоба­лар­ды қаржыландырумен де айна­лысқан болатын. Біздің ең алғашқы жо­ба­ларымыз, қазір сіздер дүкен сөре­лерінен күнде көріп жүрген «Зенченко» және «Родина» брендімен танымал сүт ферма­ларының өнімдері. Сон­дай-ақ Қа­зақ­станның оңтүстігінде ірі жылыжайлар ор­нату жобалары да болды. Біздің компания инвестициялаған көптеген ірі компания – «Айс», «Садчиковское» сүт өнімдері, «Орда­басы құс» күркетауықтары, «Қазгер Құс» жұмыртқалары, TERRA MEAT ет өнімі, Saumal брендімен құрғақ бие сүті. 2017 жылдан бастап компания агро­­бизнес паркін техникалық жарақтан­дыру­мен айналысып  келеді. Бүгінде компанияның қызметі тек ауыл шаруашы­лы­ғы техникасы лизингімен ғана байланыс­ты, – дейді ол.

Компания басшысы осы жылғы негізгі жетістіктерін де атап өтті. Мәселен, 2024 жылдың басынан 10 мың бірліктен астам техника сатып алуға 216 млрд теңгеден асатын сомаға шарттар жасалған екен. Ең маңыздысы, қаржыландырған техника­ның 73% пайызы Қазақстанда жасалған машиналар, яки 168,6 млрд теңге сомаға 7 372 бірлік техника алынған.

  – Лизингтің жалпы көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 31% пайызға өсті. Бұл көрсеткішке Мемлекет басшысы­ның тапсырмасы бойынша компания іске қос­қан лизингтің жеңілдетілген бағ­дарлама­лары­ның арқасында қол жеткіздік. 2024 жылы қаржыландырған клиенттер саны екі еседей өсті. Олар –  4 942 тауар өндіруші, яки өткен жылдармен салыстырғанда 42%-ға артық.

«ҚазАгроҚаржы»-ның осы жетіс­тіктері – біріншіден, ұжымның еңбегі. Осы жылдар ішінде біз көп нәрсені үйрендік, команда ретінде өстік. Әрине, ең бастысы – ол біздің клиенттер, олар бізге сенім артады, жаңа технологияларды сатып алады, өндіріске инвестиция жасайды. Агробизнес жұмысы үшін тұрақты база құру өте маңызды, ал агро­бизнестің ны­ғаюы, ол ел экономикасының нығаюы, – дейді «ҚазАгро-Қаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашев.

Нұрлан ҚОСАЙ