Өткен жылдың қыркүйегінен бастап Мәжілістің жұмыс тобы Қазақстан Респуб­ликасының жаңа Бюджет кодексін әзірлеп, ондағы айтулы мәселелер турасында түрлі талқылау өткізген болатын.
Жаңа Бюджет кодексі – экономикалық тұрақтылық кепілі  – Еркін Әбіл
268
оқылды

Осы кезеңде жобаға бірнеше маңызды өзгеріс енгізілді. Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Еркін Әбіл бұл құжат Қазақстанның бюджеттік жүйесін заманауи талаптарға бейімдеп, оның тиімділігін, ашықтығын және жауапкершілік деңгейін арттыруды көздейді деген пікірде. Оның айтуынша, мемлекеттік қаржының дұрыс басқарылуы елдің экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер ететінін көрсетеді.  «AMANAT» фракциясының депутаты Еркін Аманжолұлының аталмыш бюджет жобасы жайлы әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.

– Еркін Аманжолұлы, жаңа Бюджет кодексіне енгізілген негізгі өзгерістер туралы не айтасыз?

– Жаңа Бюджет кодексі жобасының негізгі бағыттары жөнінде мынадай өз­герістерді атап өтуге болады: біріншіден, нәтижеге бағдарланған бюджет қағидаты енгізіледі; екіншіден, мемлекеттік қаржыны шоғырландыруды қамтамасыз ету және оны басқару; үшіншіден, бюджет процесін түбегейлі оңайлату, мерзімдер мен кезеңдерді екі есеге қысқарта отырып, бюджет процесін қайта қарау, бюджет жобасына және жылдық есепке қоса берілетін бюджеттік ақпаратты кеңейту.

Бюджет кодексін реттеу нысанасына және бюджет жүйесінің қағидаттарына мемлекеттік қаржыны басқарудың мынадай құралдары енгізілген:

- мемлекеттік органдардың мемлекеттік қаржыны басқарудағы қызметін регла­мент­теу;

- бюджет, бюджеттен тыс қорлар (Мем­лекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, Әлеу­меттік медициналық сақтандыру қо­ры), мемлекеттік басқару секторының бо­рыштық міндеттемелері бойынша ақпарат жинау арқылы мемлекеттік қаржыны шоғырландыру;

- бюджетпен өзара қатынастарда ква­зимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін регламенттеу;

- мемлекеттік қаржының орнықтылығын қамтамасыз ететін жаңа құралдарды (бюд­жеттік қағидалар жүйесі, бюджеттік тәуе­кел­дер, салық шығыстары туралы талдау есептері) енгізу;

- Ұлттық қор қаражатын аса қажет инфра­құрылым және жалпыхалықтық маңызы бар объектілерге ғана пайдалануға шектеу қою.

– Бюджет қаражатын оңтайлы басқару тетіктері соңғы уақытта көп талқыға түсті. Осы бағытта атқарылған жұмыстар жайына толығырақ тоқталып өтсеңіз.

– Бюджет кодексінің жобасында бюджет процесіне байланысты Мемлекеттік жос­парлау жүйесінің құжаттары негізінде шы­ғыстарды жоспарлауға, нәтижелерді басқаруға, бюджеттің барлық шығысын есепке алып, шоғырландыруға мүмкіндік беретін тұтас жүйе құрылған. Халықаралық практикаға сәйкес, бюджетті жоспарлау кезінде бюджеттік құжаттарды бағалау қорытындыларын міндетті түрде қолда­нылатын болады.

Республикалық бюджет жобасы және оның атқарылуы туралы жылдық есеп шеңберінде ұсынылатын құжаттама мен ақпарат тізбесін кеңейту арқылы Парламентті республикалық бюджетке жүргізіліп жатқан түзетулер туралы хабардар ету және парла­менттік бақылауды күшейту көзделген. Үкіметтің нұқсан келтіретін әрекетіне жол бермеу мақсатында Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар резервінің мөлшеріне шектеу қойылды.

Бұдан басқа, бәсекелес ортаға берілген және парафискалдық төлемдерге әкелетін функцияларды есепке алуға бағытталған бірқатар түзету қабылданды. Тиісті ақпарат Парламентке берілетін болады. Даму бюджетін жоспарлау сапасын арттыру және экономикалық қайтарымға баса назар аудара отырып, шығыстарға басымдық беру құралы ретінде депутаттар мемлекеттік инвестициялық жобалар портфелін қа­лыптастыру бөлігінде бірқатар толықтыру қабылдады.

Өте маңызды мәселе – мемлекеттік борышты бақылау. Тәуекелдер мен бюджетке борыштық жүктемені төмендету мақсатында мемлекеттің барлық борыштық міндет­темесінің лимиттерін республикалық бюд­жет туралы заңда бекіту енгізіледі. Осыған байланысты мемлекеттің борыштық міндеттемелерінің статистикасы, оларды бағалау және талдау жетілдірілді. Бұл мемлекеттік сектордың борыштық міндетте­мелерін басқару саласында неғұрлым тиімді шешімдер қабылдауға ықпал етеді.

– Одан бөлек, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің есептілігіне қатысты көп сын айтылған болатын. Бұл салада қандай өзге­рістер бар?

– Квазимемлекеттік секторда мемлкеттік байлықтың негізгі үлесі шоғырланған. Бірақ оның қайда жұмсалып жатқаны бел­гісіз. Қарапайым халық түгілі депутаттардың өзі бейхабар. Бізде ұлттық компания өте көп. Өкінішке қарай, олардың өнімділігі мен тиімділігі төмен. Сондықтан бақылауды күшейту мақсатында Бюджет кодексіне жаңа нормалар енгізілді. Бірқатар шара арқылы квазимемлекеттік сектор субъек­тілерінің қызметіне парламенттік бақылау күшейтілді. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыз алу мәселелері реттелді. Олардың қарыз алу лимиті респуб­ликалық бюджет туралы заңда бекітілетін болады. Квазимемлекеттік сектор субъек­тілерінің бюджетке дивидендтер төлеу мәселесі реттелді.

– Ал Бюджет кірісін болжау бойынша қандай да бір шаралар қабылданды ма?

– Әрине, соңғы жылдары қалыптасқан бюджеттің тапшылығын ескере отырып, осы мәселе жұмыс тобында жеке назарға алынды. Бюджеттің кіріс бөлігінің жүйелі түрде орындалмау контекстінде Үкіметпен бірлесіп, парафискалдық төлемдер мен жеңілдіктер сияқты түсетін кірістерді қоса алғанда, бюджеттің барлық түсімін есепке алу мәселесі пысықталды. Салықтық және салықтық емес түсімдерді алып қоюға уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар өз жұмысын салықтық алшақтықты қыс­қартуға жұмылдыруға тиіс, яғни бюджетке түсетін кірістердің толық және уақытылы жиналуын қамтамасыз етуі қажет. Бұл көрсеткіштің нәтижесі арқылы олардың жұмысы бағаланады. Сонымен қатар қо­сымша экономика салалары бөлінісінде түсімдерді талдауды кеңейту мәселесі пысықталды. 

Республикалық бюджеттің кассалық алшақтықтарын болғызбау үшін қазына­шылыққа квазимемлекеттік сектор субъек­тілерінің және жергілікті бюджеттердің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы уақытша бос қаражатты басқаруға мүмкіндік берілді. 

Бюджет тапшылығын жабудың қосымша көздерін іздеу мақсатында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің пайда алу мақсатында бюджет қаражатын қаржы құралдарына орналастыруы тек қазынашылықпен келісу арқылы ғана жүргізілетін болады. Өз кезе­гінде, қазынашылық шоттарындағы бюджет қаражатының қалдықтары да орналасты­рылады. Бұл да қосымша бюджетті толтыруға өз септігін тигізбек.

– Жоғарыда айтып өткен жергілікті бюджетті басқаруға қатысты қандай жұмыс­тар қамтылды?

– Жаңа кодексте бюджет қаражатын келесі қаржы жылында бюджетті түзетпестен жаңа жылдың алғашқы күндерінен бастап толық пайдаланудың жаңа тетігі көзделіп отыр. Сонымен қатар бюджет процесін цифрландыру және автоматтандыру қажеттілігін заңнамалық тұрғыдан бекіту, жергілікті атқарушы орган резервінің көлемін түсімдер көлемінің кемінде 2% мөлшеріне дейін өзгерту, республикалық бюджеттен жергілікті бюджет деңгейіне салықтық түсімдер мен шығыстардың қосымша түрлерін беру арқылы фискалдық орталықсыздандыруды күшейту ұсынылды.

Мемлекеттік органдардың дербестігі мен жауапкершілігін арттыру мақсатында бюджеттік бағдарламаларды іске асырудағы басшының өкілеттіктері кеңейтіліп, оның міндеттері мен рөлі нақты белгіленді. Сондай-ақ құжаттарды жариялау аясын ұлғайту арқылы ашықтық пен есептілікті қамтамасыз етуге арналған жаңа ережелер енгізілді, бұл басшылардың жауапкершілігін күшейтеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Кәмила ЕРКІН