50 жастағы әйел сірке суы қосылған күмәнді препаратты базардан сатып алған.
TikTok-та жарнамаланған дәріні ішкен шымкенттік әйел сұмдық жағдайға тап болды
Фото: видеодан алынды
5,492
оқылды

Қан қысымын түсірмек болған Шымкент тұрғыны TikTok желісінде жарнамаланған дәріні ішіп, өлім аузынан аман қалды, – деп хабарлайды  Aikyn.kz “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.

50 жастағы әйел сірке суы қосылған күмәнді препаратты базардан сатып алған. Соның салдарынан денесі бөртіп, арқасын күйік шалған. Ақыр соңында дәрігерлердің көмегіне жүгінуге тура келіпті.

Ол екі айдан бері қан қысымы көтеріліп, мазасы кеткен екен. Өзін жайсыз сезінген 50 жастағы әйел емдеудің жолдарын әлеуметтік желіден іздегенін айтады. Тіпті, TikTok желісіндегі жарнамаға сеніп, базардан дәрі сатып алдым дейді. Құрамында сірке суы мен зімбір барын біле тұра тәуекелге барған тұрғын күмәнді препаратты бірнеше күн ішкен.

"Күніне 1 үлкен қасыққа толтырмай іштім. Өзім "тик-токтан" көрдім. Магазинді көрдім. Қан қысымым түспей қойған соң іштім. Ішкен едім, қан қысымыма көмектесті. Екі айдан кейін осы басталды. Бірінші басым қышыды, денем қышыды. Қолдарым да қыши бастады. Ал ертесіне система салып болған соң күшейді бәрі”, – дейді әйел.

Әйелдің ішкі құрылысы сау болғанымен, денесінің бәрі бөртіп, кей жерлерін күйік шалған. TikTok жарнамалаған дәріні бір ай бойы ішкен ол ақыры ауруханаға түсіп, өлім аузынан қалған екен. Ал дәрігерлер мұндай диагнозбен түскен науқастардың 90 пайызы аман қалмайтынын айтады.

"Жалпы, мен дәрігер ретінде айтайын дегенім: осы интернет арқылы, әлеуметтік желі арқылы, соның ішінде TikTok арқылы көптеген дипломы жоқ мамандар осы түрлі ауруларды емдеу бойынша нұсқаулар береді. Кейде қандай дәрі ішу керектігін де айтып жатады. Осыдан зардап шегіп жатқан науқастар өте көп. Дәрігер ретінде айтарым, ондайға сенбеу керек”, – дейді №2 Шымкент қалалық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Позилов.

10 күн жансақтау бөлімінде жатқан әйел бүгін ғана қозғала бастаған. Оның ауруханадан қашан шығатыны әзірге белгісіз. Желідегі кеңес кесірінен денсаулығымды құрттым деген келіншек басынан өткен оқиғаны өзгелерге сабақ болсын деп айтқанын жеткізді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.