Бұл шара отбасылық зорлық-зомбылық мәселесін теориялық тұрғыдан талқылап, оны шешудің заманауи әдістерін тәжірибелік деңгейде қарастыруға бағытталды.
Алматыда отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бағыттары талқыланды
528
оқылды

19 желтоқсан күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы заманауи психологиялық көзқарастар: теория және тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға зерттеуші ғалымдар, колледждер мен жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, колледждер мен білім беру мекемелерінің басшылары мен мамандары, психологиялық-педагогикалық қолдау орталықтарының қызметкерлері, докторанттар, магистранттар, студенттер және жас ғалымдар қатысты.

Маңызы жоғары іс-шараны QyzPU Басқарма төрағасы – ректоры, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Гүлмира Қанай ашты. Конференция тақырыбының өзектілігін айта отырып, ректор биылғы жылы 50 жылдық мерейтойын атап өтетін психология кафедрасының осы іс-шараны университет қабырғасында өткізуінің ерекше маңызы бар екенін атап өтті. 

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда қазақстандық және шетелдік белгілі психологтер, ғалымдар, сарапшылар, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысып, отбасылық зорлық-зомбылықтың өзекті мәселелерін, оның себептері мен салдарларын, алдын алудың әдістерін талқылады.

«Бүгінгі күні «Психология» – біздің қоғам үшін аса маңызды және өзекті мамандық. Әсіресе, білікті мамандарды даярлау қазіргі уақытта ерекше маңызға ие. Өткен жылы «АMANAT» партиясы халыққа психологиялық көмек көрсетудің тиімді институтын құру мәселесіне ерекше назар аударды. Жыл бойы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің психология кафедрасының қолдауымен осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Ал университет қабырғасында өтіп жатқан бүгінгі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Эстония, Қырғызстан және Түркиядан келген спикерлер қатысуда. Бұл мамандар бала тәрбиесі мен ата-аналармен жұмыс істеу саласында тәжірибесі мол. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасуда. Конференцияға студенттер де қатысып отыр. Бұл іс-шара студенттер үшін пайдалы ақпаратқа толы әрі болашақ мамандықтарында қолдануға қажетті маңызды тәжірибе береді», – деді Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Зарема Шаукенова.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, психология ғылымдарының докторы Хорлан Шерьязданова университеттің психология кафедрасының отбасы психологиясын дамытуға қосқан үлесі мен тарихына тоқталды.

«Мен психология кафедрасында қызмет етіп келе жатқаныма 45 жыл болды. Осы кафедрада менің бүкіл өмірім өтті. Психология мамандығы университеттің білім беру жүйесіне 1997 жылы қосылды. Сол уақыттан бері біз мемлекетіміз үшін жоғары білікті психолог мамандарын даярлауды бастадық. Біз психология мамандарының өз кәсібіне деген сүйіспеншілігін арттыруға, сондай-ақ еліміз үшін жоғары дәрежелі мамандарды даярлауға өз үлесімізді қостық. Мен психология кафедрасының 50 жыл ішінде үлкен жетістіктерге жеткенін ерекше атап өткім келеді. Осы уақыт аралығында біздің кафедра Қазақстан Республикасында маңызды жұмыстар атқарды. Біз көптеген мемлекеттік жобаларға қатысып, оларды білім беру жүйесіне енгіздік. Бұл жетістіктер кафедраның кәсіби шеберлігі мен ұжымдық еңбегінің нәтижесі деп білемін», – деді Хорлан Шерьязданова.

Бұл шара отбасылық зорлық-зомбылық мәселесін теориялық тұрғыдан талқылап, оны шешудің заманауи әдістерін тәжірибелік деңгейде қарастыруға бағытталды. Конференция халықаралық тәжірибе алмасу мен қауіпсіз орта құруға, өзара қатынастардың жоғары мәдени деңгейі мен психологиялық аман-саулықты қалыптастыруға бағытталған бірлескен бастамаларды әзірлеу үшін маңызды платформа болды. Оның қорытындысында — отбасылық амандықты нығайтуға, дағдарыстық жағдайлардың алдын алуға және сапалы психологиялық көмек жүйесін дамытуға бағытталған ұсыныстар айтылды.