Бала миына бірнеше рет динамикада компьютерлік томография жасалды.
Петропавлда 3 жастағы баланың көзіне пышақ кіріп кетті
515
оқылды

Петропавлда аса ауыр жарақат алған үш жастағы бүлдіршін облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жеткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оқыс оқиға кеше түскі уақытта болған. Анасының айтуынша, бала ас бөлмесінде орындықтан құлап, көзіне пышақ кіріп кеткен.

– Бала жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесінде барлық қажетті емді алып жатыр. Жағдайы өте ауыр, сол жақ көз ұясы аймағында жарасы бар. Қажетті диагностикалық тексерістер, дәрігерлердің консилиумдары жүргізіліп, ашық бас-миының жарақаты, ауыр дәрежедегі мидың соғылуы диагнозы қойылды. Травматикалық шок алған. Бала миына бірнеше рет динамикада компьютерлік томография жасалды. Оның нәтижелері бойынша хирургиялық емдеуден бас тарттық. Бірнеше күннен кейін қайтадан КТ жасап, жағдайын көреміз. Қазіргі уақытта бактерияға қарсы, инфузиялық-трансфузиялық, гемостатикалық және ісінуге қарсы, симптоматикалық терапия жүргізіліп жатыр, – дейді көпбейінді облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрлан Айманов.

Полицейлер баланың жарақат алу фактісі бойынша мән-жайды анықтау және процестік шешім қабылдау үшін тексеріс жүргізіп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, бала үй жағдайындағы жазатайым оқиға нәтижесінде жарақат алған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.