Сенат Төрағасы отырысқа қатысушыларға ілтипат білдіре келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев гендерлік дамуға және әйелдердің әлеуетін жүзеге асыру үшін жағдай жасауға баса мән беріп отырғанын атап өтті.
Сенат жанындағы Сарапшылар клубының мүшелері гендерлік даму мәселесін талқылады
Фото: Н.Байбулин
173
оқылды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен палата жанындағы Сарапшылар клубының кезекті отырысы өтті. Іс-шара барысында гендерлік даму мәселелері талқыланып, кедергілерді еңсеру және әйелдердің әлеуетін жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ сарапшылар аталған мәселеге қатысты қолға алынған эксклюзивті зерттеулерге назар аударды. Ал шақырылған меймандар бизнес, қаржы, саясат және әйелдер құқығын қорғау салалары бойынша өздерінің жұмыстары және озық тәжірибелері туралы сөз қозғады.

Сенат Төрағасы отырысқа қатысушыларға ілтипат білдіре келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев гендерлік дамуға және әйелдердің әлеуетін жүзеге асыру үшін жағдай жасауға баса мән беріп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол кездесудің күн тәртібіндегі мәселенің маңызына назар аударып, бұл биылғы қазан айында Қазақстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету тақырыбына арналып, өткізілген Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссия отырысының лайықты жалғасы екенін айтты.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев статистикалық мәліметтерге тоқталды. Соған сәйкес қазіргі таңда елдегі халықтың едәуір бөлігін әйелдер құрайды. Нақты айтқанда, Қазақстанда әйел адамдар саны 10 миллионнан асады немесе 51 пайыздан астам. Сондықтан олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау және әлеуетін толық іске асыруға қажетті жағдай жасау елдің дамуы жолындағы маңызды қадам саналады.

«Қазіргі таңда экономикалық секторда әйелдердің әлеуеті жеткілікті деңгейде емес. Ауылдық жерлердегі әйелдердің экономикалық белсенділігі де әлі төмен. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық та маңызды мәселе болып қалып отыр. Сондықтан Мемлекет басшысының бастамасымен Әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қорғау туралы заң қабылданды. Бұл осы саладағы жағдайды өзгерту жолындағы маңызды қадам екені анық. Сондай-ақ алимент төлеуге қатысты айтарлықтай проблемалар бар. Соның салдарынан жүздеген мың бала қажетті қаржылық қолдауды ала алмай отыр деуге толық негіз бар. Сол себепті, біз бүгінде осы мәселелерді қамтитын тиісті заң жобасымен жұмыс істеп жатырмыз», – деп Мәулен Әшімбаев палатаның бұл бағыттағы заңнамалық қызметі туралы айтып өтті.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы депутаттардың, мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғамның үйлесімді жұмысы әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық, кемсітушілік және қоғамдағы стереотиптерді жою сияқты олардың әлеуетін іске асыруға тұсау болатын кедергілерді еңсеруді талап ететініне тоқталды.

«Әйелдердің экономикалық және саяси өмірге белсенді қатысуына кедергі келтіретін негізгі себептердің бірі олардың қоғамдағы рөлі туралы қалыптасқан дәстүрлі идеялар мен стереотиптер болып отыр. Осы мәселе туралы байыпты ойланып, мұндай таптаурын қағиданы өзгерту үшін барлық деңгейде белсенді жұмыс жүргізу қажет. Осындай стереотиптермен, әсіресе, әйелдерге қатысты қасаң ойлармен өмір сүре беретін болсақ, біз әлемдік тенденциялардан қалып қана қоймай, өзіміздің дамуымызға кедергі келтіреміз», – деді Сенат Спикері.

Отырыс кезінде Сарапшылар клубының мүшелерімен қатар «Шеврон» компаниясының Еуразиялық және Тынық мұхиты өңірі бойынша бас директоры Замира Канапьянова, «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, «LULU Group» жобасының негізін қалаушы Әсел Машанова, адвокат Жанна Оразбахова, «Агромашхолдинг KZ» АҚ президенті Динара Шүкіжанова және тағы басқа сарапшылар сөз сөйлеп, гендерлік даму, кедергілерді еңсеру, сондай-ақ, әйелдердің әлеуетін жүзеге асыру мәселелері бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.