«AMANAT» партиясы халық ара­сында кеңінен сұранысқа ие партиялық жобалардың бірі – «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру жұмысын қорытындылады.
«Қарызсыз қоғам» жобасы – қаржылық сауат әліппесі
290
оқылды

Жиын барысында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған жобаның екі жылдан аз уақыт ішінде Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру және «Адал азамат» тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстардың ең маңыздысына айналғаны туралы айтылды. Ресми ақпаратқа сүйенсек, партияның көмегіне жүгінген 780 мың азамат жобаға қатысып, қаржылық білім алды. Қатысушылардың 40%-дан астамы өздерінің борыш жүктемесін төмендетсе, 70%-ы ай сайынғы төлемдер сомасын азайтты, ал 41%-ы кредиттердің жалпы санын азайту мүмкіндігіне қол жеткізді.

Халықтың шамадан тыс несие алуы қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болған­дық­тан, оны шешу үшін Мемлекет басшысы­ның тапсырмасы бойынша жүйелік шаралар қабылданып, 2023 жылдың мамыр айында еліміздің 8 өңірінде «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылып, кейін республиканың барлық аймағын қамтыды. Қазіргі күні екінші деңгейдегі банктердің қолдауының арқасында азаматтардың шамадан тыс кре­дит алуын азайту және олардың қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі шаралар­дың біріне айналды. Оны іске асыру үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Үкіметпен және «AMANAT» партиясымен бірлесіп Жол картасы және кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң әзірледі. Мемле­кет басшысы 2024 жылғы 19 маусымда ол заңға қол қойды.

Мемлекеттің барлық ресурсы ел азамат­тары­ның әл-ауқатын жақсартуға бағыт­талған. Себебі бұл – Президенттің саяси және әлеуметтік реформаларының басты мақсаты. Жиынға қатысушыларға қарата айтқан сөзінде Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов халықтың қаржылық сауатын арттыруға арналған «Қарызсыз қоғам» жобасы елдегі жаңа саяси мәдениеттің үлгісі екенін атап өтті. Жобаны табысты жүзеге асыру мақсатында партия, Парламент, Үкімет, жергілікті билік органдары, қаржы секторының өкілдері мен белсенді азаматтар бірлесіп жұмыс атқарып жатқанына тоқтал­ды. Партия төрағасы халықтың шектен тыс несие қарызына батуы қоғамдағы ең өткір проблемалардың бірі екенін, Президент тапсырмасы бойынша жеке тұлғалардың банкроттығы және несие беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту туралы заңдар қабылданғанын, ал бес жыл бұрын біржолғы кредиттік амнистия жарияланып, 500 мың адамның несиесі кешірілгенін атап өтті.

– Шын мәнінде, «Қарызсыз қоғам» жобасы партиялық жобадан жалпыұлттық деңгейге көтерілді. Біз Президент алға қойған ауқымды, стратегиялық міндетті – қоғам мәдениетін өзгерту мәселесін бірлесе шешіп келеміз. Біз азаматтарға мәселені мемлекет шешіп бергенін күтіп отыра бермей, өмірді өз күш-жігерімен жақсар­туы­на мүмкіндік береміз, өзінің және жақын­дары­ның тағдырына жауапкершілік алуға үйретеміз. Сонымен қатар азаматтардың бойына адал еңбек етіп, лайықты табысқа жетуге және болашаққа сеніммен қарауға мүм­кіндік беретін жаңа қабілеттерді дары­тамыз. «Қарызсыз қоғам» жобасы – жаңа мемлекеттік стратегияның бір бөлігі. Бұл – Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан­ды құру бағытының негізгі идеясы және «Адал азамат» бастамасының өзегі, – деді Мәжіліс Спикері.

Спикердің айтуынша, жазғы каникул кезінде «Қарызсыз қоғам» сарапшылары мектептердің, колледждердің және жоғары оқу орындарының 7,5 мың ұстазын қаржы­лық сауатты арттыру әдістемесіне оқытты. Биыл 500 мыңнан астам оқушы мен 100 мың студент білім алды. Осы шараның барлығы мемлекеттің араласуымен проблемалық не­сие­лер үлесін 18%-дан 7%-ға дейін төмен­детуге мүмкіндік берді. Мұның бәрі – Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүйелі жүзеге асыру кезіндегі мемлекеттік органдардың, депутаттық корпустың және партияның үйлесімді, командалық жұмысы­ның нәтижесі. Сонымен қатар «AMANAT» партиясының Төрағасы «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейту қажет екеніне тоқталды. Атап айтқанда, жоба аясында қаржылық интернет-алаяқтыққа қарсы күрес, бизнесті дамыту, тұрғын үй алу, білім алу сияқты мемлекеттік қаржылай қолдау бағдарламалары арқылы ұсынылатын жаңа қаржылық құралдарды үйрету бағыттары қарастырылуға тиіс.

Бүгінгі күні жобаны жүзеге асыруға 12 коммерциялық банк пен 11 мемлекеттік орган қатысуда. Жобаға қатысуға ниет білдірген азаматтарға ыңғайлы болуы үшін qogamfin.kz. онлайн-платформасы әзірленді. Сайт арқылы оқу курсына жазылып, пайда­лы материалдар мен бейне сабақтарды жүк­теп алуға болады. 

Үміт ШАЯХМЕТОВА, 

Halyk Bank басқарма төрағасы:

Қаржылық жағынан гүлденген қоғамды қалыптастыру – басты миссиямыз

– Біз елдің жетекші банкі ретінде халық­тың кредит бойынша сауаты дұрыс болуына назар аударамыз. Ал бұл өз кезегінде қаржы­лық сауаттың жоғары деңгейімен ғана мүмкін болады. Біздің банк жобаның бас­тауында тұрған серіктес ретінде қаржылық сауатты оқытуды қаржыландыруды жалғас­тырып қана қоймай, жобаны іске асыруға, оны танымал етуге және масштабтауға бел­сенді қатысады деп айта аламын. Біз мұны ел экономикасын одан әрі дамыту және эко­номикалық белсенді, қаржылық жағы­нан гүлденген қоғамды қалыптастыру жолын­дағы өз миссияларымыздың бірі деп санаймыз. Біз қаржыландырумен ғана емес, азаматтарды оқытуға тікелей атсалысу арқылы жұмыспен қамтуға да көмектесеміз.

Халықтың қаржылық сауаттылық дең­гейін арттыруға бағытталған қаржылық білім беру жүйесін қалыптастыру, әсіресе шалғай аудандардың тұрғындары үшін аса маңызды. Біз тек жобаны қаржыландырып қана қоймай, оқыту бағдарламасына тә­жірибе­лік білім мен кейстерді интег­рациялауды көздей отырып, сарапшы ре­тінде қатысуға дайынбыз. Азаматтар көбіне несие аларда тиімді мөлшерлеменің деңгейін түсінбейді, мерзіміне және несиені қайтару шарттарына назар аудармайды, салдарынан несиені қайтаруда қиындықтарға кезігіп жатады. Тіпті, қарыздарын уақытында қайтара алмай, проблемалы несие алушылар қатары өсіп отыр. Сондықтан азамат егер несие алатын болса, қалай алу, қалай сөй­лесу, несие берушімен қандай қарым-қатынаста болу керектігін үйрету маңызды. Біз жаңа кәсіпкерлерге несие алу және оның төлем жолдарының жеңіл тұсын да үйретуге әзірміз.

Балдырған НҰРТУҒАНҚЫЗЫ,

«Қарызсыз қоғам» жобасының Қызылорда

облысы бойынша қаржы сарапшысы:

Қаржы сауаттылығын ғана емес, бизнеске де үйретеміз

– «Қарызсыз қоғам» жобасы қарыз қамытын киіп, әбден шаршаған, несиелері көп, түсініп, түсінбей қарызға батқан адамдарға бағыт-бағдар, ақыл-кеңес беретін бірегей жобаға айналды десем болады. Жоба аясында бір жылда 2 300 адамды оқыттым. Түрлі сұрақтармен келген адамдарға қаржы­лық сауаттан өзге қосымша мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіреміз. Қарапайым тұрғындар қандай жобаға қатыса алады, қандай мемлекеттік гранттар бар, қандай мүм­кіндіктерге қол жеткізуге болады деген сұ­рақтар бойынша да бағыт береміз, құжат­тарын дайындауға, бизнес жоспар құруға көмектесеміз. Несиеден құтылуға келіп, сауаты ашылған соң «үй алғым келеді, баланың оқуына ақша жинаймын, қауіпсіз қарттығыма ақша жинаймын» дейтін азаматтардың қатары артып келеді. Сондай-ақ екі азамат жақында Қызылордадан баспаналы болды. Біреуі – көпбалалы ана. Екіншісі – мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ана. Олар бұрын кезекке тұрып қойған. Байқауға қатысуға жол сілтеп, олардың баспаналы болуына септігіміз тиді.

Сәулет ЕРКІНҚЫЗЫ, 

Абай облысы «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы: 

Қиналып келіп, бизнес ашып алғандар бар

– Жоба бо­йын­ша облысымыздан 6 000 адамды оқыту жос­пары­мыз болған, жыл соңында жоспарды артығымен орындап, 7 352 адамды оқытып, сертификатын бердік. Бес сарапшы маман облысымыздың 2 қала және 10 ауданында, барлық елдімекендер мен ауылдарда қар­жылық қиындыққа тап болған азаматтарды түгел қамтуға тырысып, жұмыс істеді. Тек қаржылық сауат қана емес, несие жүктемесін азайту, несиені қайта құрылымдау, жеке банкроттығын қарастыру және қаржы алаяқтарынан қалай қорғану керек, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану секілді сауаттылық мәселелерімен қатар, бизнес жоспар құру, бизнес бастау бағытындағы бағдарларды түсіндіреміз, ары қарай да жұмысты қалай жүргізу керек, жылына берілетін төрт реткі есеп беруді қалай жоспарлау керек соның барлығын үйретеміз. Жобаға келген азаматтардың 30 пайызы ауылдарда агробизнесті қолға алып, жұмыс істеп жатыр. 

Асылтас ҚУАТБАЕВА, 

Маңғыстау облысы, жобаға қатысушы:

Шұжық өндіретін цех аштым

– Жобаға қатыс­қанға дейін жала­қымның жартысын қарыз қайтаруға жұмсап келдім. Жұбайым жұмысынан айырылған соң, отбасымның қаржылық жағдайы нашарлап кетті. Өзіміз көпбалалы болғандықтан, қарызымызды қайтаруда қатты қиналдық. Жобаға қатысқаннан кейін, қаржылық білімім реттеліп, сарап­шылардың көмектесуімен өтінім ресімдеп, сол арқылы мемлекеттен өз ісімізді бастауға мүмкіндік берген грант алдық. Қазір құс етінен шұжық өнімдерін өндіретін кәсіп­орын ашып, кәсібімізді ары қарай дамытып жатырмыз. Отбасылық табысымыз 650 мың теңгеден асып, қарызымыздың көп бөлігінен құтылдық.

Айжан ЖЫЛГЕЛДИЕВА,

Алматы қаласы «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушы:

Актив пен пассивтің айырмашылығын білдім

– Әрбір қатысушының жеке бір қар­жылық мәселемен келетіні анық. Курс ая­сында солардың әрқайсысына жеке заңгер, ментор, сабақ берген ұстаздар жан-жақты, тегін кеңес берді. Соның арқасында біраз ананың қаржылық мәселесі реттелді. Өзім таныстарыма несие алып беріп, ол кісілер төлемей қойғандықтан, жобаға жүгіндім. Нәтижесінде, заңгерлердің көмегімен банк­тер несиемді қайта қаржыландырып, маған ыңғайлы кесте жасап берді.

Жоба аясында Алмалы ауданының Отбасын қолдау орталығында 5 күндік оқу курсынан өттік. Орталық аз қамтылған отбасылар, жалғызбасты, көпбалалы аналар, сонымен қатар мүгедектігі бар балаларды бағып отырған аналарға көмектеседі. Барша халыққа арналған «Қарызсыз қоғам» курсы өте ауқымды болды. Бізді қаржылық сауат­ты­лыққа үйретті: кіріс-шығысты қалай есептеу керек, депозитті қалай ашу керек, оның қандай түрлері бар, жалпы депозит не үшін ашылады, оны ашқанда және несие алғанда олардың пайыздық мөлшерлеріне қалай қарау керек, келісімшарттарда қандай нәрселерге көңіл аударуымыз тиіс, бизнесті қалай бастауға болады, мемлекеттен қандай қайтарымсыз гранттар алуға болады, оған кімдер және қалай тапсыра алады, сонымен бірге активтер, пассивтер туралы көп мағлұмат алдық. Активтің қаншалықты маңызды екенін, әр адамда активтің болуы керегін түсіндік. Несиені тек актив үшін алған тиімді екенін ұқтық.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ