Қоғам игілігі үшін еңбек еткен белсенді жастар «Рухтастар» сыйлығымен марапатталды

«Жастар рухы» Жастар қанаты «Рухтастар» сыйлығын үшінші жыл қатарынан ұйымдастырып келеді.

Елордада «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты үздік волонтерлер мен белсенділерді марапаттады. Қоғамдық қызмет пен жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін республикалық «Рухтастар» жастар сыйлығы қатарынан үшінші жыл табысталып отыр. Салтанатты рәсімге Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері мен жастар көшбасшылары қатысты.

«AMANAT» партиясының жастар қанатының кезектен тыс VI Съезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастар үшін үш маңызды басымдықты атап өтті – білімге ұмтылу, еңбекқорлық және патриотизм. Сол кезде жастар қанатын трансформациялау бағдарламасы қабылданды. Мемлекет басшысының реформалар бағытына жастарды топтастырып, оларды қоғамдық қызметке ынталандыру мақсатында «Жастар рухы» Жастар қанаты «Рухтастар» сыйлығын үшінші жыл қатарынан ұйымдастырып келеді.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек құттықтау сөзінде елде жастарды қолдауға, олардың әлеуетін ашуға, кәсіби өсуіне жағдай жасауға және білім сапасын арттыруға бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«Әділетті Қазақстан білімді әрі еңбекқор жастардың күшімен құрылады. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында жастарға ерекше назар аударады. Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы жастарға әрдайым қолдау көрсетіп, олардың еңбегін бағалайды. Біздің жастарымыз мақтануға тұрарлық! Ел үшін қиын-қыстау кезеңдерде – пандемия, өрт, су тасқындары кезінде дәл осы жанашыр жас патриоттар алдыңғы шепте болып, халыққа көмек көрсетті. Ең прогрессивті идеялар, инновациялық шешімдер мен креативті жобалар біздің партия белсенділеріміздің қолынан шығады. «Рухтастар» – бұл Қазақстанның дамуына зор үлес қосып жүрген жас көшбасшылар қауымдастығы», – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар «Рухтастар» сыйлығы өздерін дәлелдеген белсенділер мен волонтерлерді ынталандырып қана қоймай, олардың үлгісін өзге жастарға көрсетіп, жаңа жетістіктерге шабыттандырады және ортақ мақсаттарға біріктіреді.

«Рухтастар» сыйлығы – бұл жай ғана марапат емес. Бұл – болашақтың жарқын болуын армандап қана қоймай, сол үшін күнделікті еңбек етіп жүрген жастарға алғыс білдіру мүмкіндігі. Әр жеңімпаз – қайсарлықтың, табандылықтың және айналасындағы әлемді жақсы жағына өзгертуге деген шынайы ұмтылыстың үлгісі. Мұндай жастар кез келген жағдайда – су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуде болсын немесе инновациялық жобаларды жүзеге асыруда болсын, көшбасшы болуға және қоғамға қолдау көрсетуге дайын. Бұл сыйлық бізді ортақ мақсат – Әділетті Қазақстанды құру жолында бірігуге шабыттандырады», – деді «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Акерке Искандерова.

Биыл байқауға 18 бен 35 жас аралығындағы жастардан 500-ге жуық өтінім түсті. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды: 25 қарашадан 5 желтоқсанға дейін өтінімдер «Жастар рухы» ресми сайтында қабылданып, кейін республикалық конкурс комиссиясының қарауына жіберілді. Жеңімпаздарға статуэткалар, дипломдар және арнайы сыйлықтар табыс етілді.

«Қайсар» жыл батыры номинациясымен Астана қаласы 24-ші мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Елдар Қанафиянов марапатталды. Ол биыл Қостанай облысы, Тобыл қаласында су тасқыны кезінде эвакуация және құтқару жұмыстарын ұйымдастырды. Кейін Батыс Қазақстан облысына көмекке барып, тұрғындарды және үй жануарларын құтқару жұмыстарын жүргізді. 

«Нұрлы ақыл» үздік жас ғалым аталымына ғылыми ізденістерін жетілдіру үшін Алматы облысы әкімінің грантын ұтып, зертханасын ашқан Мағжан Ысқақов лайық деп танылды. Ол өзінің ғылыми еңбегінде арнайы пластик ыдыстардың үстіне гидропоникалық әдіспен дәнді дақылдарды өсіріп, жоғары өнімділікке қол жеткізген.

У.Д.Қантаева атындағы Мойнақ СЭС» АҚ өндірістік-техникалық бөлімінде режимдік мәселелер бойынша инженері Сұлтан Әукен автоматтандыру және цифрландыру жобаларын әзірлегені үшін «Ыстық қайрат» еңбек адамы марапатын алды.

«Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы біз электр стансасының жұмысының тиімділігін арттырып қана қоймай, заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін толық пайдалануға мүмкіндік аламыз. Осы еңбегім еленіп, «Ыстық қайрат» аталымында жеңімпаз болу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл маған әрі қарай да талмай еңбек етуге зор жігер береді», – деді ол.

«Жылы жүрек» жыл еріктісі атағына Қостанай өңірлік университетінің 3-курс студенті Есімхан Әмірғалиев пен М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 4-курс студенті Дархан Қуатов лайық деп танылды.

«Жылдың әлеуметтік жобасы» номинациясында «CERO.KZ» жобасының авторы Ясса Танир жеңімпаз атанды. Оның жобасы қоршаған ортаның жағдайын бақылау үшін экологиялық патрульдер құруды, қалдықтарды қабылдау және қайта өңдеу пункттерін ашуды, сондай-ақ табиғатты қорғауға бағытталған басқа да шараларды қамтиды.

Ал «Белсенді рухтас» жыл белсендісі номинациясы бойынша әр аймақтық филиалдан 20 белсенді жас марапатталды.

Сонымен қатар «Жастар рухы» Жастар қанатының ең үздік бөлімшесі ретінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Қызылорда қаласындағы бөлімшелер танылды. Ал «Үздік филиал» атағын Түркістан және Қарағанды облыстарындағы жастар қанатының филиалдары бөлісті.