Премьер-Министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жөніндегі тапсырмасының орындалуы бойынша кеңес өткізді.
Коммуналдық секторды жаңғырту жобасы мақұлданды
110
оқылды

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы инженерлік желілердің апаты мен тозу деңгейін төмендетуге, коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыруға бағытталған.

Электр энергиясын өндіру үшін 5 259 МВт-қа дейін жаңа қуаттарды іске қосу бойынша 15 жобаны іске асыру, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған 14 нысанды жөндеу және реконструкциялау жоспарланып отыр. Жүргізілген жұмыстар нәтижесі бойынша қуаттылық 7,3 ГВт-қа артады деп болжануда, қолданыстағы активтерді жаңарту тозудың орта есеппен 15%-ға төмендеуіне әкеледі. Жаңғырту барысында 86 мың шақырым коммуналдық желілерді қамту жоспарланып отыр.

Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев энергетикалық және коммуналдық секторлардағы өзекті мәселелер республика бойынша жөндеу қуатын арттыру және желілердің тозу деңгейі 65-70%-дан асатын өңірлерге баса назар аудару арқылы шешілетінін баяндады.

Ұлттық жобада импортқа тәуелділікті төмендету және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін отандық өнеркәсіпті қолдауға ерекше назар аударылды. Экономиканың аралас салаларын, соның ішінде металлургияны, өңдеу өнеркәсібін және басқа да саланы дамытуды ынталандыратын 27 жаңа өндіріс салу жоспарлануда.

Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, Ұлттық жоба бекітілгеннен кейін оның сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің алдына ТКШ өнімдерін өндіретін отандық кәсіпорындардың толық жүктемемен жұмыс істеуіне жағдай жасау міндеті қойылды. 

Кеңес қорытындысы бойынша Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба тәсілдері мақұлданды.