Жәрмеңке өнімдері сұранысқа ие

Осы жылдың желтоқсан айының басынан бастап еліміздің өңірлерінде 250-ден астам ауыл шар­уашылығы жәрмеңкесі өтті, оған миллионға жуық азамат қатысты.

Мұндай деректер вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі кеңесте айтылды. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова атап өткендей, жәрмеңкелерді өткізу тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие болуда, әкелінетін өнім көлемі толығымен сатылып жатыр.

Жәрмеңкелермен қатар өңірлердегі сауда сөрелеріне тұрақтандыру қорындағы көкөністер шығарылуда. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, тұрақтандыру қорындағы 9,2 тонна картоп, 2,6 тонна сәбіз, 2,8 тонна пияз бен 2,1 тонна қырыққабат сатылған. Сондай-ақ кеңесте әр өңірдің қажеттілігін ескере отырып, алдағы мамыр айына дейін қорлардағы көкөністерді сату кестесі ұсынылды.

Өткен аптаның қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының орташа өсу индексі – 0,1%-ды, ал жыл басынан – 1,1%-ды құрады.