Депутаттар есеп берді

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатында «АМАNАТ» партиясынан сайланған депутаттар кезекті есебін берді.

Олар 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаның іске асырылу барысы туралы айтты. Онда көрсетілген мақсаттарға жету үшін Жол картасы жасақталған еді. Сол Жол картасы аясында атқарылған іс-шаралар мен орындалған уәделер туралы сөз қозғалды. Депутаттардың есебін облыс әкімі Нариман Төреға­лиев тыңдады.

«АМАNАТ» партиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдар­ламасын іске асыру жөніндегі Жол кар­тасында төрт басым бағыт бойынша биыл 104 іс-шараны іске асыру жоспарланған. Депутаттардың есебінен байқағанымыз, осы шаралардың 50 пайызы орындалыпты. Қалғаны жылдың аяғына дейін жүзеге асады.

«AMANAT» партиясының БҚО филиалы сайлауалды бағдарламаны орындауда негізгі төрт тармаққа басымдық беріп отыр. Бұлар: біріншіден, халықтың кірісін көбейту, екіншіден, өмір сапасын арттыру, үшіншіден, өмір сапасын жақсарту жолы, төртіншіден, экологиялық жағдайды жақсарту. Міне, осы төрт бағыт бойынша орындалған жұмыстар баяндалды. 

– «Кірістерді арттыру» бағыты бойынша 16 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, ол жерге 9 622 адам тұрақты жұмысқа орналасты. 2024 жылы 24,3 млрд теңгеге 15 инвес­ти­ция­лық жоба ашуды жоспарлап отырмыз. Ол жерде 1 027 адам тұрақты жұмыс істейтін болады. Бұдан бөлек, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 710 кә­сіп­кердің жобасы қолдау тапты. Жол карта­сының «Өмір сапасын арттыру» атты екінші бағыты бойынша 465,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 4 092 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 2024 жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге 19,9 млрд теңге қарас­ты­рылып, оған ұзындығы 95,5 шақырым жол­ды жөндеу бо­йынша 9 жоба іске асырылды. Бүгінде об­лыс жолдарының 62,5 шақырым асфальт­бетон жабыны тө­селді, – деп атап өтті мәс­лихат депуттарының алдында есеп берген БҚО Стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаева. 

Сайлауалды бағдарламада айтылған өмір сапасын жақсарту тармағы бойынша да облыста біраз шаруа шешілген. Атап айтсақ, биылдың өзінде 16 мектепке дейінгі ұйым ашылыпты. Бұдан бөлек, 8 мектептің құрылысы жоспарланып, биылға соның екеуі қолданысқа берілген. Денсаулық сақтау саласында осы жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 12 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған, бүгінде 9 нысан пайдалануға беріліп, 13 нысанға күрделі жөндеу жүргізіліпті. 

– Жол картасының төртінші бағыты – «Экологиялық жағдайды жақсарту» бойынша орман алқабын аттыруды көздеп отырмыз. Осы бағытта 2024 жылға 3,9 мың гектар аумақта 14,9 млн түп ағаш отырғызу жос­парланды және қазіргі таңда 2 087 гектар аумақта ағаш егу және 1 155 гектар аумақта толықтыру жұмыстары жүргізіліп, 8,1 млн түп ағаш екпелері отырғызылды. Облы­сымызда су тасқыны орын алуына байла­нысты жарияланған төтенше жағдайға сәй­кес ағаш отырғызуға дайындалған жер учаскелері және облыстың 8 тұқымбағының 6-ы Жайық өзені қойнауының жайылуына байланысты су астында қалды. Сол себепті бұл тұқымбақтардағы өткен жылдардың екпелері және 2023 жылы себілген орман тұқымдары шықпай қалған болатын. Сонымен бірге, Жол картасының 2024 жылғы 12 іс-шарасының орындалмау тәуекелі бар екенін атап өтемін. Мұның себебі – биылғы көктемгі су тасқыны. Тө­тенше жағдай салдарынан зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру жұмыстарына құрылыс мекемелерінің барлық адам ресурстары және құрылыс техникаларының бағытталуына байланысты кейбір көрсет­кіштің орындалмау қаупі бар, – деп атап өтті Бибігүл Қонысбаева.

Сонымен қатар биыл спорт және мә­де­ниет саласында да біраз жұмыс ат­қа­рылғаны айтылды. Атап айтсақ, мәдениет саласында төрт бірдей нысанға күрделі жөндеу жүр­гізілген. Ал спортта екі ны­санның күрделі жөндеуі аяқталып отыр. Жиын соңында «АМАNАТ» партия­сының БҚО мәслихат депутаттары елге берген уә­дені орын­дау мақсатында әлі талай жос­парлы іс­тер күтіп тұрғанын айтты.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы