Бұл көрсеткішке қол жеткізуде шикізаттық емес сектор басты рөл атқарды.
2024 жылы ел экономикасында қандай өзгерістер болды?
www.istockphoto.com
198
оқылды

Биыл жыл басында Үкімет 2024 жылы ел экономикасы кемінде 5,3% деңгейінде өседі деп болжаған еді. Ал 2024 жылдың 11 айындағы қорытынды бойынша, қазірдің өзінде Қазақстанның ЖІӨ өсімі 4,4%-ды құрап отыр.

Бұл көрсеткішке қол жеткізуде шикізаттық емес сектор басты рөл атқарды. Премьер-Министрдің орынбасары және Ұлттық экономика министрі ауыл шаруашылығында – 13,4%, құрылыста – 10,3%, сауда саласында – 8,2%, көлік және қоймалау салаларында – 8,1%, ал өңдеу өнеркәсібінде – 5,3% өсім болғанын хабарлады. Сонымен қатар ақпарат және байланыс, сондай-ақ электр энергетикасы салаларындағы оң динамика да ерекше аталды.

Көлік жұмысының негізгі көрсеткіштері

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында жүк айналымының айтарлықтай өсуі Шымкентте (28,0%), Астанада (24,7%) және Алматыда (22,7%), сондай-ақ Павлодар (14,7%), Жамбыл (6,2%), Атырау (3,9%), Маңғыстау (1,5%), Батыс Қазақстан (1,4%) және Қызылорда (0,9%) облыстарында тіркелді.

Жолаушылар ағыны

Жолаушылар айналымы бойынша ең жоғары көрсеткіштер Алматы (17,5%) және Астана (15,1%) қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау (70,3%), Алматы (70,3%), Ұлытау (37,4%), Жамбыл (18,8%), Павлодар (14,5%), Атырау (12,6%), Қостанай (11,9%), Қызылорда (4,2%), Батыс Қазақстан (4,1%), Ақмола (2,6%), Ақтөбе (2,2%) және Қарағанды (1,6%) облыстарында байқалды.

2024 жылдың қаңтар-қарашасы аралығында ел бойынша көлікпен 977,4 миллион тонна жүк тасымалданып, бұл 2023 жылдың дәл сол сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,2%-ға жоғары болды.

Жүк, тауар айналымы

Осы уақытта жүк айналымы 467,3 миллиард тонна-шақырымға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,9%-ға артты. Жолаушылар тасымалы 1 567,2 миллион адамды құрап, 2023 жылдың сәйкес кезеңінен 9,2%-ға өсті. Жолаушылар айналымы 75,8 миллиард жолаушы-шақырымды құрап, 13,6%-ға өсу көрсеткішін көрсетті.

Сонымен қатар жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін  Translogistica Kazakhstan – 2024 халықаралық салалық көрмесіне қатысушылар санының жыл сайын артуы оның маңызын көрсетеді. Биыл бұл іс-шараға ТМД, Таяу Шығыс және Еуропа елдерінен 200-ден астам компания қатысуға ниет білдірген. 25 жылдан астам уақыт бойы елордада өткізіліп келе жатқан көрме сала мамандары мен көлік компанияларының басшыларын, жүк тасымалдаушыларды бір ортаға жинап, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

Жалақы, әлеуметтік төлемдер

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге дейін көтерілді. Нақты цифрмен айтсақ, бұл 1,8 миллионнан астам адамды қамтиды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің жалақысын кезең-кезеңімен 20%-ға арттыру жоспары жүзеге асырылды. Жұмыспен қамту бағдарламасы 845 мыңнан астам азаматты, оның ішінде жастар мен ерекше қажеттіліктері бар тұлғаларды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берді.

2024 жылы мемлекеттік бюджеттің жартысынан астамы әлеуметтік салаға бөлінді. Қаңтар айында зейнетақы мөлшері тағы да артты. Базалық зейнетақы 7%-ға, ынтымақты зейнетақы 9%-ға өсті. Жинақтаушы зейнетақы алушылар саны 459 мың адамды құрайды, ал жалпы зейнеткерлер саны 2,4 миллионнан асты.

Мемлекеттік инвестиция мен инновация

Мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін арттыру мақсатында инновациялық жобалар навигаторы құрылды. Бұл жүйе кадрлық қажеттіліктерді анықтауға және жобалардың сапасын бақылауға мүмкіндік береді. 2024 жылы 33 трлн теңгеге 755 жоба бақыланатын болады, олардың жүзеге асырылуы 150 мың жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.

Білім беру саласы мен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы

Биыл білім беру саласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша заманауи және қауіпсіз білім беру мекемелері құрылып, ауылдық жерлерде жаңа мектептердің 40%-ы ашылады. Одан бөлек, мектепке дейінгі білім беру қолжетімділігі жақсартылады, нәтижесінде 62,3 мың балаға арналған жаңа орын ашылды.

2024 жылы ЖОО студенттері, магистранттар мен докторанттар үшін шәкіртақы мөлшері артты. Бакалавриаттың стипендиясы 20%-ға өсіп, педагогикалық және медициналық студенттер үшін 75,6 мың теңгеге дейін жетті. Интерндер үшін шәкіртақы –  85,4 мың теңге, резиденттер үшін – 123,1 мың теңге, магистранттар мен докторанттар үшін де 15-20% аралығында өсті.

Осы жылдан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы 18 жасқа дейінгі балалардың арнайы жинақтау шоттарына аударылатын бағдарлама іске қосылды. Биылдың өзінде $695,5 млн қаражат есептелді. Аталған қаржыны тұрғын үй жағдайын жақсартуға және жоғары білім алу үшін пайдалану мүмкіндігі бар.

Денсаулық сақтау саласы

2024 жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының құрылысы жоспарланған. Бұл құрылыс жобалары шалғай елді мекендердегі медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға және 1 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік басқару саласы

Үкімет мемлекеттік органдардың шешім қабылдау жылдамдығын арттыру, құжат айналымы мен есептілікті қысқарту бойынша шаралар қабылдады. Оған қоса, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтармен қарым-қатынасты нығайтуға назар аударылды.

Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек

Биыл ел аумағында болған көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге үй салу жұмыстары мамыр айының соңында басталып, 4 ай ішінде аяқталды. Көктемгі су тасқыны салдарынан Қазақстанда барлығы 17 603 үй зардап шекті, оның 8 447-сі кейіннен апатты деп танылды. Мемлекет жаңа үйлер салудан бөлек, қайталама нарықта 5 767 бірлік тұрғын үй сатып алды.

Жалпы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 17 мыңнан астам отбасының баспана мәселесі шешімін тапты.