Әріптес ел мәртебесі тұрақты негізде саммиттердің арнайы сессиялары мен БРИКС сыртқы істер министрлерінің кездесулеріне қатысуды көздейді.
2025 жылдан бастап Қазақстан БРИКС серіктесі болады
196
оқылды

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан БРИКС қауымдастығының ресми серіктесі болады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл мәліметті Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі растады.

2024 жылдың қараша айында Қазан қаласында өткен БРИКС саммитінде Қазақстанға ұйымның серіктес елі болу туралы ұсыныс жасалды. Қазақстаннан бөлек тағы 12 елге БРИКС серіктес елдері болу ұсынылды.

2024 жылдың қазан айында Қазақстан Президентінің кеңесшісі және Баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің БРИКС-ке қосылуы туралы ұсыныстар түскенін айтқан еді. Бірақ ол кезде  "қазіргі уақытта және  ең алдымен, жақын болашақта Қазақстан БРИКС-ке өтініш беруден бас тартады" деген болатын.

Әріптес ел мәртебесі тұрақты негізде саммиттердің арнайы сессиялары мен БРИКС сыртқы істер министрлерінің кездесулеріне қатысуды көздейді. Сондай-ақ серіктестерді министрлік деңгейіндегі басқа іс-шараларға, атап айтқанда сауда, ұлттық қауіпсіздік өкілдерінің кездесулері мен парламентарийлер форумына шақыруға болады. Әріптестер БРИКС-тің қорытынды құжаттарына қосыла алады, осылайша олардың географиялық ауқымын кеңейтіп, халықаралық істерде қауымдастықтың дауысын күшейте алады.

2024 жылдың 5 қарашасында Беларусь БРИКС серіктесі болды. Бүгінде ұйымның серіктестері арасында Түркия, Вьетнам, Өзбекстан, Таиланд және басқа да елдер бар.

БРИКС құрамына Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка (бұл БРИКС қауымдастығына атау берген осы елдердің атауларының бірінші әріптері), Египет, Иран, БАӘ, Сауд Арабиясы және Эфиопия кіреді. 2024 жылы бірлестікке бес мемлекет қосылды. Малайзия мен Әзербайжан да мүшелікке ресми түрде өтініш берді.