Ақтауда жүрген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев әуе апатына қатысты соңғы мәліметпен бөлісті. Бұл туралы Аikyn.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Үкімет басшысы орынбасарының мәліметінше, әуе апатынан 38 адам мерт болған.
– Табылған мәйіттің көбі қатты күйген. Кейбірін тану қиынға түсіп жатыр. Барлық мүрде жиналды, енді мәйітханада олардың жеке басы анықталады. 29 адам аман қалды, оның ішінде екі бала бар. Қазір зардап шеккендер ауруханада. Олардың ішінде 11 адамның жағдайы ауыр. Десе де қалыпты күйде. Қалғандарының жағдайы орташа, – деп бағалады Қанат Бозымбаев.
Премьер-Министрдің орынбасары ұшақ бортында болған қазақстандықтардың тағдырын айтты.
– Өкінішке қарай, бүгінгі күні тірі қалғандардың ішінен әзірге, кім екені анықталмаған әйел бар. Ол ес-түссіз, құжаты да жоқ, ауруханада жатыр. Қалған 29 (тірі қалған) адамның арасында бірде-бір қазақстандық жоқ. Жалпы 6 қазақстандық адам болған, оның ішінде екі бала бар, – дейді ол.
Оның айтуынша, апаттың мән-жайын анықтау Қазақстанның Бас прокуратурасының, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі мен әуе басқармасының бақылауымен жүргізіледі.