Кеше Ақтау қаласы маңында Баку – Грозный бағытында ұшып бара жатқан Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer 190ar әуе кемесі апатқа ұшырады. Қайғылы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтты.
Әуе кемесі апатқа ұшырады
208
оқылды

Алдын ала ақпарат бойынша бортта 62 жолаушы болған, оның бесеуі экипаж мүшелері. Маңғыстау облысы ТЖД мәліметіне сүйенсек, сағат 11.30-да әуежайдан 3 шақырым жерде ұшақтың апатқа ұшырағаны туралы ақпарат түскен. Осыған байланысты жоғары ранг бойынша ТЖД күштері мен құралдары қосымша жіберілген.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Президентке ұшақтың апатқа ұшырау себептерін тексеру және зардап шеккендерге көмек көрсету жөнінде жүргізіп жатқан жұмысы туралы баяндады.

Құтқару жұмыстарына төтенше жағдайлар қызметі 430-дан астам қызметкер мен 80-ге жуық техника жұмылдырған. 29 адам ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендерге қажетті медициналық, психологиялық және басқа да көмек көрсетіліп жатыр. Қазір апаттық-құтқару жұмыстары жалғасуда. Медициналық көмек көрсету үшін Астана қаласынан санитарлық авиация борты Ақтауға жіберілді.

Әзербайжан Үкіметімен бірлесіп шетел азаматтары мен қаза тапқан жолаушылардың отбасыларына қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Президент зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету жұмысын ерекше бақылауда ұстауды және көршілес елдердің үкіметтеріне қажетті жәрдем көрсетуді тапсырды.

Сонымен қатар қала тұрғындары қайғы белгісі ретінде Әзербайжан консулдығы ғимаратына гүл шоқтарын қойды. Ұшақ апатында қаза  тапқандарды еске алуға келгендердің арасында әкімдік, қоғамдық ұйымдар өкілдері, депутаттар, кәсіпкерлер, жастар, спортшылар және Ақтау қаласының қарапайым тұрғындары болды.

Сондай-ақ Ақтауда еріктілер облыс­тық қан орталығында ұшақ апатынан зардап шеккендер үшін қан тапсырды. Қала тұрғындары зардап шеккендер үшін келесі мекенжайда қан тапсыра алады: 34 а шағынаудан, №1/2 ғимарат.

Айта кетейік, апатқа ұшыраған ұшақ бортында Қазақстанның 6 азаматы болған. Қазір Президент тапсыр­масымен әуе апатына байланысты мем­ле­кеттік комиссия құрылып, сотқа дейін­гі тергеу басталды.

Ә.МҰХАНБЕТ