Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтау маңындағы әуе апатын тергеу жұмыстары Қазақстан юрисдикциясында екенін және Бас прокурордың қатаң бақылауында болатынын айтты.
– Барлық тергеу Қазақстан Республикасының юрисдикциясында болады. Өйткені әуе апаты біздің елде болды, барлық тергеу Бас прокурордың қатаң бақылауына алынды. Бұл туралы Мемлекет басшысы тиісті тапсырмалар берді, – деді Қанат Бозымбаев Ақтау қаласында өткен брифингте.
Қазір тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі – «Көлік құралдарын пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу, адамдардың өліміне әкелу» бабы бойынша жүргізілуде. Оқиға орнында тергеушілер, криминалистер және авиация саласының мамандары жұмыс істеп жатыр. Куәгерлерден жауап алынып, қажетті сараптамалар тағайындалып жатыр.