Бизнесті буындыратындар да бар

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде отандық бизнесті жан-жақты қолдау – табанды, принципті позициясы екенін нықтады.

Осыған орай құзырлы органдарға рейдерлікпен, негізсіз тексерістерімен, заңсыз алымдарымен кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретіндерді қатаң жазалауға тапсырма берді. Президенттік тапсырма биыл қалай орындалды? Рейдерлікке қарсы тұру үшін не істеліп жатыр?

Өскен бизнесті өшуден қорғау – міндет

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палата­сының басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров құқық қорғау органдары әлдебір бизнесті күйреткісі немесе рейдерлік жолмен тартып алғысы келсе, негізінен 2 қылмыстық бапты қолданатынын айтады. Бұлар – «Бөтеннің мүлкін иемдену» және «Алаяқтық» баптары. Салдарынан кәсіпкерлерге алаяқтық бойынша күдік келтіріліп, жылына 20 мыңға жуық іс қозғалады екен. Бұған қоса, «бұл адам бөтеннің мүлкін иемденіп алған сияқты» деп күмәнданып, тағы 2 мыңдай іс қозғалады.

Сорақысы сол, Ербол Өстеміровтің мәліметінше, мұндай қылмыстық істерді қозғау үшін салмақты негіз де қажет емес: әдетте, іс жәбірленушінің алданғанына, алаяқтыққа тап болғанына қатысты шағымына бола емес, жедел қызметкердің қандай да бір бұзушылықты байқағаны туралы қызметтік жазбасы негізінде қозғала салатын көрінеді. Осыдан кейін қылмыстық қудалау тетігі жұдырықтай түйілген күйде қамсыз жүрген кәсіпкерге жойқын соққы береді. «Атамекеннің» басқарма төрағасы орынбасарының пікірінше, осылай құқық қорғау органдарының қолымен рейдерлік шабуыл жасалады. 

Қаскөй шенділерден құқай көрген кәсіпкерлер еңселі кеңселерде әділет таппай, сергелдеңге түскен соң сотқа шағымданады. Олардың басым көпшілігі ақыры жеңіске жетеді, осының өзі шағымның негізсіз еместігін көрсетеді. Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Президенттің мемлекеттік басқаруды қайта жаңғырту міндетін қойғанына назар аудартты. Олардың дербес жауапкершілігін арттырып, мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыруға баса назар аудару қажет. 

– Мәселен, Жоғарғы сот жарты жыл сайын мемлекеттік органдардың қызметіне, олардың әкімшілік актілеріне, іс-әрекетіне қатысты түскен шағым, талап-арыздарды сотта қарау нәтижелері бойынша әш­кереленген проблемаларды анықтау үшін талдау жасайды. 2023 жылы мемлекеттік органдармен соттасқан барлық кәсіпкердің 63%-ының талабы қанағаттандырылған! Мемлекеттің жыл сайын сотта ұтыла беруі тұрақты сипатқа ие болды. Осыны ескерсек, әкімшілік қызметтің біркелкілігін қамта­масыз ету бойынша әлі де тиісті шаралар қабылданбайтыны байқалады, – деді депутат. 

Талданған сот практикасы жергілікті атқарушы органдардың жұмысында да жүйелі бұзушылықтардың барын, оның бәрі халық пен бизнестің негізді шағымын тудыратынын көрсетті. Депутаттардың айтуынша, рейдерлік шабуылдар кей жағдайда сот билігі өкілінің демеуімен жүргізіледі, басқыншылық нәтижелері заңдастырылады. 

Мұндай кесірлі тәжірибеге тосқауыл қою үшін 2024 жылғы 21 қарашада Мемле­кет басшысы Парламент қабылдаған «Кейбір заңнамалық актілерге сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Оған сәйкес, енді әкімшілік істер бойынша да эксаумақтық соттылық қолданыла бастайды. 

Яғни, әлдебір облыста жергілікті ат­қару­шы органдармен соттасқан бизнесмен немесе қарапайым азамат өзіне қарсылас атанған шенеуніктердің жергілікті судьялармен ым-жымы бір, демек, «бармақ басты, көз қысты тірлікке барады» деп қауіптенсе, онда өзге өңірдің, айталық, Астананың судьясына жүгіне алады. 

«Талап қоюшының таңдауы бойынша әкімшілік істер бойынша эксаумақтық соттылық енгізіліп отыр. Жергілікті жерлердегі әкімдіктердің соттарға қысым көрсететіні ешкімге құпия емес қой. Эксаумақтық соттылық мемлекеттік органдардың, әсіресе жергілікті атқарушы органдардың қызметіне де тиімді әсер етеді, әділдіктің орнауына септеседі», – деді Ү.Шапақ.

Көшбасшы партия – кәсіпкердің қорғаны

Маңыздысы сол, табысты бизнесін тізеге салып тартып алуға ұмтылған «жуан жұдырықтардан» теперіш көрген кәсіпкерлер Мәжіліс депутаттарынан сүйеу тапты. «AMANAT» партиясы фрак­циясының депутаттары рейдерлік шабуыл жасау оқиғаларына қатысты бірнеше сауал жолдап, атқарушы билік пен қоғам назарын аудартты. Мәселен, депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Мемлекет басшы­сының мұндай қаскүнем тірлікті тыю туралы тікелей тапсырмасы болғанына қарамастан, бірнеше облыста биліктілердің балық шаруашылығына шабуыл жасап жатқанын мәселе етіп көтерді. 

Оның айтуынша, кейінгі жылда, 2023 жылдың қазан айынан бері құзырлы органдар Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Атырау сияқты облыстарда балық өнімдерін өңдейтін 9 зауытқа қарсы «салық төлеуден жалтырды» деген екіұдай айыппен қылмыстық істер қозғаған. Бұл кәсіпорындар – ел экономикасының тірегі: бәрі де өнімін экспортқа шығарады. Яғни, шыққан өнімі кеден арқылы бақылауда. 

– Мемлекетке салық төлеп, мыңдаған азаматты жұмыспен қамтыған 9 зауыттың бүкіл бухгалтериясы, іс-жүргізу құжаттары тәркіленген, олар жұмысын уақытша тоқ­татқан. Соны жасаған шенділердің әрекетінен балық өнеркәсібі тоқырап, жұмысшылардың жалақысы төленбей, зауыттарға өнімді шетелдік тапсырыс берушілеріне уақытында жеткізбегені үшін айыппұлдық санкция салыну қаупі төніп тұр. «Шаш ал десе бас алатын» тексеруші­лерден балықшыларды арашалап қалуымыз керек. Балықшыларға шабуыл кейбір күштердің рейдерлік әрекеті болуы ықтимал! – деді Мәжіліс депутаты. 

«AMANAT» фракциясы мүшелерінің талабымен Бас прокуратура балық зауыттарына қатысты негізсіз тексеру­лердің заңдылығына талдау жүргізіпті. Бас прокурор Берік Асыловтың жауап хатында айтыл­ғандай, былтырдан бері елімізде аталған салада 7 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды: 2023 жылы – 1, 2024 жылы – 6. Талдау депутаттардың алаңдаушылығы бекер еместігін растаған. 

«Прокуратура органдары Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстарында кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуға және қылмыстық-процестік заңнаманың бұзылуына байланысты 4 заңсыз қылмыстық істі тауып, тоқтатты. Қадағалау актілері бойынша кінәлілер тәртіптік жауапкер­шілікке тартылды. Атырау облысында балық зауыттарының иелеріне қатысты қылмыстық іс тіркелген жоқ. Шығыс Қазақстан, Жетісу және Қарағанды облыс­тарында 3 іс бойынша тергеу жалғасты, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фак­ті­лері анықталмады. Бұл істер бойынша тергеу барысы прокуратураның бақыл­ауында», – деді Бас прокурор.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Олжас Бектенов негізсіз қысымға және рейдерлікке ұшыраған кәсіпкерлердің құқығын қорғауда қандай шаралар қабылданып жатқаны жөнінде депутаттарды хабардар етті. 

– Мемлекеттік органдар рейдерлікпен байланысты қылмыстардың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Биылғы жылы бұл жұмысты Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Қаржылық мониторинг, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктері өздері бекіткен «Рейдерлікке қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023–2024 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары» (құпия) аясында жүзеге асырды. Жоспар қылмыстық құрылымдардың елдегі кәсіпкерлік қызметтің дамуына ықпалына жол бермеуге бағытталған ұйымдас­тыру­шылық, практикалық және профил­ак­тикалық іс-шаралардан тұрады, – деді О.Бектенов.

Рейдерлік қылмыс азайып келеді 

Жалпы, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комит­етінің дерегінше, былтырғыға қарағанда биыл қылмыстық құқықбұзушылықтар ресми түрде төмендеген. Мысалға, 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, 2024 жылдың 10 айында кәсіпкерлік қыз­метке кедергі жасау (Қылмыстық кодекстің 365-бабы) бойынша тіркелген қылмыстық істердің саны 5-тен 4-ке дейін кеміді. Сондай-ақ тіркелген рейдерлік (Қылмыстық кодекстің 249-бабы) фактілердің саны өткен жылғы 10 айдағы 7 қылмыстық істен осы жылғы 10 айда 1 қылмыстық іске дейін азайыпты. 

– Кәсіпкерлікті қорғау және рейдерлікке қарсы іс-қимыл бойынша заңнаманы жетіл­діру шаралары қабылданып жатыр. 2021 жылы алғаш рет рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды адам­дардың заңсыз араласуынан қорғау мәселелері бойынша жеке заң қабылданды. Оның шеңберінде рейдерлік үшін қыл­мыстық жаза күшейтілді. Билік өкілет­тіктерін пайдаланып, бизнесті басып алуды, кәсіпкерлік қызметке кедергі жасауды болдырмау тәсілдері нақтыланды, – деді Премьер.

Ал 2024 жылы қылмыстық процесте кәсіпкерлердің құқығын қорғауға, экономикалық құқықбұзушылықтардың жекелеген түрлері үшін қылмыстық қуда­лауды жоюға және бизнес жүргізу жағ­дайларын жақсартуға бағытталған бірқатар заңнамалық жаңа түзету қабылданды. Атап айтқанда, егер бизнес нысаны салықтардың қосымша есептелген сомасын ерікті түрде толық өтесе және мемлекеттік кірістер ор­гандарының тиісті тексеру актісі болмаса, онда салықтық заңбұзушылықты тіркеуге тыйым салынды. 

Өйткені салықтық бұзушылықты тіркеу кірісі көл-көсір кәсіпорынның жұмысын бұғаттауға, банкрот қылып тынуға, сөйтіп оны тиын-тебенге сатып жіберуге иліктірудің тетігі ретінде пайдаланылады. Сондай-ақ бизнес қосымша есептелген салықты төлеуге келіспесе және тексеруге қарсы шағымданса, жаңа заң талабы бойынша дауға қатысты шешім қабылданғанға дейін салықтық бұзушылықты тіркеуге тыйым салынды. Бизнестің заңды мүдделерін қорғауға бағытталған басқа да бірқатар өзгеріс енгізілді.

Бұл жұмыс жалғасады. Парламентте кәсіпкерлік қызметке заңсыз кедергі келтіру үшін әкімшілік жаза орнататын, салықшылар мен құзырлы құрылымдарды тыйым салу және шектеу қою шараларына, инвестормен соттасуға және оларды тексеруге прокурор­лардың рұқсатын алуға міндеттейтін жаңа заң жобасы қарастырылып жатыр. 

Қорыта айтқанда, бизнесті басқын­шылықтан қорғау, кәсіпкерлікті қолдау бағытында кешенді жұмыс жүргізіліп жат­қаны аңғарылады. Сонымен бірге бизнестің әрбір дабылы мен жанайқайына мем­лекет уақытылы құлақ асып, қорғаны болып, пәрменді шара қабылдаса, бизнес түлеп, ел өрлей бермек.

Елдос СЕНБАЙ