Қызылордада 16 жастағы оқушы қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген сауна әкімшісі сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қызылорда қаласының №2 сотында сотталушы А.-ға қатысты кәмелетке толмаған азаматты жезөкшелікпен айнылысуға тартумен ұштасқан жеңгетайлық фактісі бойынша қылмыстық іс жабық отырыста қаралды.
Сотталушы жәбірленушінің кәмелет жасына толмағанын біле тұра, пайданы көздеп, оны бірнеше рет жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Сотталушының кінәсі оқиға орнын қарап-тексеру, беттестіру жүргізу хаттамаларымен, жәбірленушінің жауаптарымен дәлелденген.
– Аталған факті бойынша ашылған Қылмыстық кодекстің 309-бабы 2-бөлігі 2), 3)-тармақтарына сай, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. ҚК-тің 53-бабына сәйкес, іс бойынша жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде бұрын сотталмағандығы және жас баласының болуы есепке алынды. Ауырлататын мән-жайлар айыптау актісінде көрсетілмеген.
Сот үкімімен сотталушы ҚР ҚК 309-бабы 2-бөлігінің 2),3)-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, моральдық зиянды өндіру туралы талап қою ішінара қанағаттандырылды, – делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.