Ұшақтың екі қара жәшігі де табылды.
Ақтау әуежайы апатқа ұшыраған ұшақты қабылдауға дайын болды – Көлік министрі
259
оқылды

Көлік министрі Марат Қарабаев 25 желтоқсан күні Ақтау маңында апатқа ұшыраған Әзербайжан ұшағына қатысты мәліметтерді бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Министр Ақтау әуежайы Azerbaijan Airlines ұшағын қабылдауға дайын болғанын айтты. 

«Әуежайдың авариялық қызметтері ұшақты қабылдауға дайын болды. Экипаж мүшелері Қазақстанның әуе кеңістігіне кіргеннен кейін Ақтау қаласындағы әуежайдың мұнара диспетчерімен байланыс орнатты. Диспетчер әуеайлаққа әуе кемесін қондыру үшін барлық қажетті іс-қимылдарды көрсетті. Сонымен қатар қонуды жеңілдету және жолақпен визуалды байланыста болу үшін ұшу-қону жолағының шамдары қосылды», – деді ол.

Өкінішке қарай сағат 11:28-де экипаж мүшесімен байланыс үзіліп, әуе кемесі жерге құлады. Апат болған жерге бірінші болып Ақтау әуежайының құтқару қызметі барып, борттағы жолаушыларды дереу эвакуациялауға кірісті. 

Апат салдарын жою жұмыстары барысында ұшақтың екі қара жәшігі де табылды.

Еске сала кетейік, 25 желтоқсан күні Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі Баку-Грозный бағытында ұшқан Embraer 190AR ұшағы Ақтау қаласының маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның ішінде бесеуі экипаж мүшесі.