Ақтауда ұшақ құлаған жерден тағы бір қара жәшік табылды

Кеше Ақтаудағы ұшақ апаты маңынан қара жәшік табылған еді. Бүгін тағы бір қара жәшік табылды.

Бұл туралы Маңғыстау облысының көлік прокуроры Абылайбек Ордабаев Ақтауда өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

Оның айтуынша, борттан екі қара жәшік табылған. Екеуі де әуе оқиғаларын тергеу басқармасына тапсырылған. 

– Қара жәшікті енді қарайтын болады. Зардап шеккендерден және жердегі қызмет қызметкерлерінен жауап алынды. Әзірге барлық куәгерді анықтап жатырмыз. Диспетчерлер мен экипаж арасындағы радиостанция бойынша келіссөздер жазбасы алынды. Оқиға орнын тексеруді аяқтау сатысында 4 мың шаршы метрден астам аумақты полиция күшімен күзету қамтамасыз етілді, – деді ол. 

Естеріңізге салсақ, Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте көлік вице-министрі Талғат Ластаев Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктері қашан ашылатынын айтқан болатын. 

"Алгоритм, стандарттар бар, барлық ел соны басшылыққа алады. Алдымен әуе апатын зерттейтін комиссия құрылады. Сол комиссия жағдайға және барлық мәліметке сүйене отырып, қара жәшіктерге қатысты шешім шығарады. Қазір бұл процесс жүріп жатыр – фрагменттер, детальдар жиналып жатыр. Ертең сол жерге сарапшылар барады, шығарушы ел – Бразилия. Әуе тасымалдаушының өзі ертең келеді. Осы адамдардың барлығы жиналып, қалай ашу керек екенін шешеді. Алгоритм осындай", – дейді Талғат Ластаев. 

Айта кетейік, Ақтау маңындағы ұшақ апатынан қайтыс болған қазақстандықтардың отбасына мемлекеттік қаржылай қолдау көрсетілетіні белгілі.