Биыл Қазақстан халқы ең маңызды шешім қабылдады.
АЭС салу – ұзақмерзімді жоба
www.istockphoto.com
761
оқылды

АЭС бойынша референдум өтіп, 5 561 937 азамат немесе дауыс берушілердің 71,12 пайызы АЭС салуды қолдады. АЭС құрылысы – қазір күн тәртібіндегі өте өзекті мәселе.

Энергетика саласындағы сарапшылардың айтуынша, елімізде электр энергиясы алдағы 10 жылдықта үлкен тапшылыққа ұшырайды дейді. Осының алдын алу мақсатында сенімді қуат көзінің бірі АЭС салу дұрыс шешім екенін айтып отыр.

Бұл туралы бүгін Egemen Qazaqstan газетінде Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли «Елдігімізді танытқан ерен жыл» мақаласында атап өтті. 

«Референдумнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Респуб­ликасына мемлекеттік сапары аясында осы елдің президенті Эмманюэль Макронмен және Қазақстанға мем­лекеттік сапармен келген Ресей пре­зиденті Владимир Путинмен АЭС құрылысы туралы пікір алмасты. Қазіргі уақытта Қытай тарапымен осы бағытта келіссөздер жүргізіліп жатыр. Яғни, бірнеше жылға созылатын мегажобаны жүзеге асыру атом өнеркәсібінде мол тәжірибесі бар ірі компаниялардан құралған халықаралық консорциумға жүк­теледі», – деді Берік Уәли.

Айта кеткен жөн, Мемлекет басшысы жақында ғана Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдап, елімізде салынатын атом электр стансасының құрылысын жеделдетуді тапсырды.