Qazaq Air әуекомпаниясы Екатеринбургке (Ресей) қатынайтын әуе рейстерін тоқтатты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл туралы әуекомпанияның баспасөз қызметі мәлімдеді.
"QAZAQ AIR әуекомпаниясы ағымдағы жылғы 28 желтоқсан мен 2025 жылғы 27 қаңтар аралығында Астана – Екатеринбург бағыты бойынша әуе рейстерін орындауды уақытша тоқтатуға мәжбүр. Ресейге ұшу тәуекелдерін үнемі бағалау нәтижелерінің негізінде жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейстер тоқтатылды", – делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, әуекомпания қазіргі уақытта QAZAQ AIR тәуекелдерін бағалау шарттарына сәйкес келетін Омбы мен Новосібірге рейстерді орындауды жалғастыратынын атап өтті.
"Екатеринбургке әуе рейстерін қайта ашу – тәуекелдерді қайта бағалау қорытындылары бойынша жүзеге асырылатын болады", – деп хабарлайды Qazaq Air баспасөз қызметі.
Тоқтатылған рейстердің жолаушыларына әуебилеттерінің толық құнын қайтару қамтамасыз етіледі және әуекомпанияның баламалы рейстеріне тегін қайта брондау ұсынылады.